Бұл күндері Целиноград ауданының басшылығы мен тұрғындары үшін де көктемгі су тасқынынан туындаған қысылтаяң сәттер біртіндеп артта қалуда.
Жағдай күрделене бастасымен бірден аудан әкімі Мәлғаждар Тәткеевтің шешімімен барлық селолық округтерде арнайы штаб құрылып, қажетті техника бөлінді.
Аудандағы Қоянды, Талапкер және Қараөткел ауылдары су тасқыны қауіпі ықтимал елді мекендер қатарында болғандықтан, бұл ауылдарға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қоянды ауылындағы 4 шағын ауданда жылжымалы су сору станциясы мен АС-машинасының көмегімен су сорылып, сыртқа ағызылды. Сарыарқа көшесінің бойындағы бөгетті нығайту мақсатында құм толтырылған жүздеген қап үйілді. Қараөткел ауылындағы М.Шоқай көшесінің бойында да екі АС-машинасы, жылжымалы су сорғыш станциясы, екі экскаватор, осыншама мотопомпы мен жүк көлігінің көмегімен су сорылып, сыртқа ағызылды.
Осындай жедел іс-қимылдардың арқасында қазіргі кезде аталған елді мекендердегі жағдай бері қарады. Су тасқыны әлі де бақылауда тұр. Қауіпті жерлерге тәулік бойы кезекшілік қойылған.
Целиноград ауданы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.