Кеше Астанада Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабтары жетекшілерінің слеті өтті. Іс-шараға Президенттікке кандидат Ә.Құсайыновтың барлық аймақтық сайлауалды штабтарының жетекшілері мен қызметкерлері, сенімді өкілдері қатысты.
Шараны Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттың республикалық сайлау-алды штабы аймақтарда жүргізілген насихат жұмыстарының алдын ала қорытындысын шығару үшін ұйымдастырған болатын.
Слет барысында Ә.Құсайынов шара қатысушыларына өңірлерде жүргізген жұмыстары жайлы және одан арғы жоспары туралы баяндап берді.
Әбілғазы Құсайынов белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылармен жоғары деңгейде кездесулер ұйымдастырғаны үшін аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері мен сенімді өкілдеріне алғысын білдірді.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық Заңында бекітілген уақыт аралығында сіздердің қолдауыңызбен өз кандидатурамның үлесіне 132 мың дауыс жинап, тіркеуден сәтті өттім.
Осы уақыттан бері ұйымдастырушылық жұмыстар қызу басталып, демалысқа да, мерекеге де қарамастан бірде-бір тоқтаған емес.
Жолдың жартысынан көп бөлігін артқа тастадық, енді «сағаттарымызды теңестіріп», үгіт-насихат науқанының қалған уақытында атқарар жұмысымызды одан әрі жетілдіру үшін ескертулеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдасам деймін», – деді Ә.Құсайынов.
Іс-шара барысында республикалық және аймақтық сайлауалды штабтардың жетекшілері баяндама жасады.
Осы орайда, республикалық штаб жетекшісі Р.Жоламан ҚР Президенттігіне үміткер Ә.Құсайыновтың сенімді тұлғаларының белсенді жұмысына өз бағасын берді.
«Есептік кезеңде мақсаты бір адамдардың берік командасы құрылып, соның күшімен сайлау науқанының бірінші айналымынан – ҚР Президенттігіне кандидатты тіркеу кезеңінен сәтті өттік. Аймақтарда сайлауалды штабтарды ашу мәселелерін де Сіздердің қолдауыңызбен орынды шеше алдық.
Насихат жұмыстарына қажетті көрнекі материалдар жоғары деңгейде әзірленіп, тиісті орындарға уақытылы жеткізілді», – деп атап өтті Р.Жоламан.
Сонымен қатар, слетте кандидаттың Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы сайлауалды штабтарының жетекшілері сөз алды.
«Солтүстік Қазақстан облысында кандидат жұмысшылар ұжымымен үш кездесу өткізіп, онда экология және өнеркәсіптік қауіпсіздік тақырыптарына қатысты біраз күрделі әрі өзекті мәселелер көтерді», – деді СҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина.
«Қостанай облысында кандидат жергілікті жұртшылықпен кездесті. Кездесуге келгендер Ә.Құсайыновқа сайлауалды тұғырнамасына қатысты сұрақтар қойып, оған нақты әрі толымды жауап алды. Облыста жұмыс жалғасып жатыр», – деп атап өтті Қостанай аймақтық штабының жетекшісі Бауыржан Тибеев.
Қарағанды облысындағы аймақтық штаб жетекшісі Гүлжан Ақжолова да Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың сенімді өкілдерінің белсенді жұмысын ерекше атап өтті.