Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Су тасқыны тоқтатылды, тиісті көмек те көрсетіледі - АРҚА АЖАРЫ

Су тасқыны тоқтатылды, тиісті көмек те көрсетіледі

Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Ерейментау ауданында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Еркіншілік, Олжабай батыр ауылдарындағы қалыптасқан жағдайға назар аударды, баспаналарына зақым келген тұрғындармен кездесіп, оларға қолдан келген барлық көмек шараларының көрсетілетінін жеткізді.

  Өңір басшысы алдымен, Новомарковка селосы маңындағы Сілеті өзені үстінен өтетін көпір басында болып, тасқынды судың жағдайымен танысты. Селолық округ әкімі Григорий Самойленконың айтуынша, бұдан бір апта бұрын өзен суының деңгейі көтеріліп, көпірге қауіп төнген. Уақытында қолданған шаралардың арқасында су тасқынының алды алынған көрінеді. Бұл жұмыстарға «Астана – Павлодар» тас жолын салатын құрылысшылар да көмектесіпті. Облыс басшысы өзен ағысын қадағалауды тапсырды. Сілеті өзеніне Ақмырза өзені құяды. Күрт еріген қар суы бұл өзеннің де деңгейін көтеріпті. Осының салдарынан болған су тасқыны Ақмырза өзені үстінен өтетін көпірдің бергі шетіндегі жерді шайып, бетондарын құлатыпты. Облыс әкімі бетон астындағы қопарылған жерді қалпына келтіруді тапсырды. Бұл жұмыстардың жобалық сметалық құжаттамасы жасалып, қажетті қаржы бөлінетін болды.
  Құмай өзені үстінен өтетін көпірдің астына кезінде бір-ақ құбыр қойылыпты. Бұл өзен суының тез ағып өтуіне жетімсіз. Осыған байланысты көпір астына үш құбыр қою қажет. Өңір басшысы бұл жұмыстардың жобалық-
сметалық құжаттамасы жасалғаннан кейін қаржы бөлінетінін атап өтті. Түнде Кедей өзенінің суы арнасынан шығып, Еркіншілік ауылының 16 тұрғын үйін су басып қалған. Үйлердің маңында өзен суымен ағып келген сеңдерді көзіміз шалды. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға аудандық әкімдік тарапынан алғашқы көмек көрсетіле бастапты.  Облыс басшысы ауыл тұрғындарымен кездесіп, мемлекет зардап шеккендерді назардан тыс қалдырмайтынын, комиссия жұмысынан кейін қаржы бөлінетінін атап өтті.
– Бұл ауылда бұрын су тасқыны ешқашан болған емес, қамсыз едік. Зардап шеккендер үшін істен шыққан теледидар сияқты электр тауарлары сатып алынады. Үйлері жарамсыз болып қалған тұрғындарға үй сатып әперіледі. Жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінеді. Аудан бойынша су алған 22 тұрғын үйді қалпына келтіреміз. Біз сіздерге жан-жақты қолдау көрсетіп, өзге де мәселелеріңізді шешуге тырысамыз, – деді Сергей Кулагин су басқан үйлерді қарап шығып. Тұрғындар өздеріне назар аударған облыс, аудан басшыларына алғыстарын білдірді. Олардың өтініші бойынша суда қалған үйлерде санитарлық тазалау жұмысы жүргізілетін болды. Олжабай батыр ауылы маңынан Қарабай өзені ағып өтеді. Осы өзеннің суы арнасынан асып, 6 тұрғын үйді су басқан екен. Облыс басшысы
Наталья Воловконың  баспанасында болып, жағдайларын сұрап білді. Аудан басшылары оған киім-кешек, төсек-орын және азық-түлікпен көмектесіпті. Оның үйі қалпына келтіріліп, жарамсыз мүліктері сатып әперіледі. Бұдан кейін облыс басшысы зардап шеккен ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың назардан тыс қалмайтындарын жеткізді. Тиісті басшыларға тез арада комиссия құруды, су алған баспаналарды бір айдың ішінде қалпына келтіруді тапсырды.
 Ерейментау ауданы.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар