Жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында жыл сайын облыс орталығындағы «Отан» қоғамдық бірлестігімен өткізілетін әскери-патриоттық айлық биыл да қолға алынды.
Осы тұрғыда, жастарға сұрапыл соғыс жылдарында Ұлы Жеңісті жақындатуға атсалысқан батыр бабаларымыздың ерліктерін тереңірек насихаттап, көзі тірі ардагерлермен кездесулер ұйымдастырсақ, мұның оң нәтиже беретіні сөзсіз. Жыл сайын өткізіліп жүрген патриоттық шарада аталған мәселелер түгелдей қамтылып келеді. Осындай игі істерге бастамашы болып жүрген «Отан» қоғамдық бірлестігінің жас ұландарды Отан қорғау ісіне дайындаудағы еңбегі орасан зор дер едім. Биылғы айлық Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуы мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылған күніне арналып отыр. Ұйымдастырушылар қатарында аталған бірлестікпен қатар, облыстық қорғаныс істері департаменті, «Нұр Отан» халықтық партиясының облыстық филиалы, білім басқармасы, соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі де бар.
Николай ИВАНОВ,
«ДОСААФ», «Отан»
ұйымдарының ардагері,
отставкадағы полковник.