Диқандар көктемгі егіс науқанына дайындық үстінде. Егіннің бітік шығуы ылғалдың қаншалықты жиналып, сақталуына байланысты болса, осыған ықпал ететін басқа да факторлар бар.
Соның бірі құйылған тұқымның сапасы мен егіс алқаптарында арамшөптің жай-жапсары. Ауыл шаруашылығында ескірген тұқымдардың өнімділігі төмендеп, астық сапасына кері әсерін тигізеді. Әсіресе, тұқым сақталған кезеңде қамбадағы зиянкестердің де зияны тиюі ықтимал екенін естен шығармау қажет. Мұндай тұқым түрлі ауруларға ұшырап, стандарт талаптарына сай болмайды. Тиісінше сәйкестік сертификаты да берілмейді.
Карантиндік нысанның бір түрі – жатаған у кекіре арамшөбі болып табылады. Тамырдан шығатын улы заттар көптеген дәнді дақылдарға зиянды әсерін тигізеді, олардың өсуін төмендетеді. Шөптермен тиімді күресу үшін оның биологиялық ерекшеліктерін білу қажет. Оны жою жоспарына агротехникалық, биологиялық және химиялық әдістер кіреді. Егер дер кезінде арамшөп жойылмаса, бидай мен кекіре араласқан тұқымдардан алынған ұн ащы болады. Нан пісіруге жарамайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер тұқымды сұрыптаған кезде, оның сапасына баса назар аударуы қажет.
Нұрлан БОҚАНОВ,
Көкшетау қалалық аумақтық
инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы.