Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Музыка өнерінде орны ерекше - АРҚА АЖАРЫ

Музыка өнерінде орны ерекше

Қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов ұлттық музыка өнеріне баға жетпес еңбек сіңірді. Әсіресе, музыкалық фольклористика саласындағы еңбектері ерекше құнды.

«Қырғыз шежіресі» мақаласында ол қазақтардың өлең өнеріне бейімділігін және қазақ әншілерінің айрықша дарынын атап көрсетеді, сонымен бірге, ауыз әдебиетінің халық өмірінде алатын үлкен орны бар екенін айтады.
Ғалымның пайымдауынша  ауызша таралған поэзия мен музыка халық шығармашылығының өркендеуін толық көрсете алады. Осы орайда, Ш.Уәлихановтың «Қазақ поэзиясының формасы хақында» атты еңбегінің маңызы ерекше. Бұл еңбегінде ол ауызша дамыған музыкалы-поэтикалық шығармашылық жанрларының алғаш рет сипаттамасын жасап, жыр-эпикалық аңыз, жылау-жоқтау – жылау, қайым-той өлеңдері, қара өлең-тарихи тақырыптағы әндер, өлең-лирикалық әндер деп беске бөлді.
Жырдың әдетте ерекше екпінмен айтылатынын және аспаптың сүйемелдеуімен, көбінесе қобызбен қосылып жырланатынын жазды. Жыр деп қазақ фольклорында эпикалық аңыздарды, әндерді атайды, оны орындау үшін речитативті әлқиссаны қосу шарт. Ш.Уәлиханов жырдың формасын өте көне өнер үлгісі деп санады. Жыр эпикалық шығармаларға сәйкес өлшем, ал батырлық жырларға буынды өлең формасы тән. Жеті-сегіз буынды тақпақтық жыр шумақтарын ауызша дәстүрде дамыған музыкалы-поэтикалық формадағы әсіресе, батырлық эпостардағы үрдіс деп айқындаған.
Өлең формасы Ш.Уәлихановтың ойынша өткен ғасырдың ортасында ерекше дамуда болған. «Бұл форма, – деп жазды автор, – ақындардың аузынан импровизациялық жолмен тіпті, көлемді дастандарды шығаруда да қолданылады». Мысалы, атақты «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының өлең формасындағы бір нұсқасын Ш.Уәлиханов Жанақ ақыннан жазып алған. Ш.Уәлиханов өткен ғасырда кең тараған лирикалық поэзияда және халықтық поэмалардағы он бір  буынды өлеңге көп назар аударды.
Қара өлең үлгілері өлең сияқты Шоқанның замандас Жанақ, Орынбай, Шөже шығармашылықтарында көп тарады. Ол сол дәуірдің атақты әншісі, көптеген эпикалық дастандардың авторы, өнерімен халықтың мұң-зарын жырлаған Шөже ақынды көп тыңдады. Шөженің өлеңдері біздің заманға жетті.
«Ыстық көл сапары күнделіктері» деген мақаласында Ш.Уәлиханов жоқтау әндеріне сипаттама береді. Онда жоқтаудың көбінесе әйелдер арқылы орындалатыны және сөздері суырып салып, еркін айтылатыны жазылған.
Қазақ музыкалық фольклорының  шығармалары тақырыбы жағынан  екі түрге бөлінеді. Ш.Уәлиханов бірінші түрге оқиғалар мен  көркем бейне айқын көрініс тапқан  шығармаларды жатқызады. Көбінесе бұлар аспаптық  пьесалар. Күйші, әдетте, күйдің  мазмұнын  әңгімелеп,  содан  соң  орындайды. Мұндай дәстүр домбырада немесе қобызда орындалатын күйдің концептуальды негізін тыңдаушыға  жеткізіп  қана қоймай, оның  жадына өз елінің  тарихында болған маңызды оқиғаларды жазып отырады. Тарихи тақырыпқа шығарылған музыкалық шығармалардың екінші түріне  Ш.Уәлиханов көне хикаяттардың  жекелеген  үзінділері немесе тарихта  болған тұлғалар туралы әндер мен күйлердің бәрін жатқызады. Оның пайымы бойынша, адам  бейнесін және жануарлардың  көркем кейіпкерге айналуы  қазақтың дәстүрлі музыкалық фольклорының негізгі тақырыбы. Тарихи тақырыпқа арналған көне шығармалар қатарына белгісіз  автордың  «Орманбет ханның өлімі және он сан ноғайдың қоштасуы», «Қазақ-ноғайдың айрылысуы»,  «Ел  айрылған»  күйлері  кіреді. Бұл  күйлердің шығуы ХV ғасырдың  басы мен орта кезеңіне тұстас  келеді.         
Ш.Уәлихановтың музыкалық-фольклорлық жұмысы нақты материалдарды жинауға негізделді, сонымен қатар, халық  әншілерімен жақын таныстық қарым-қатынасының жемісі болды. Ол тарихи жәдігерлерге, олардың көркемдік қасиетіне көбірек көңіл аударды. «Жоңғар очерктері» атты еңбегінде әуелі халықтың батырлық жырларының тарихи және ұлттық ерекшелігін талдай отырып, олардың музыкалық-стильдік ерекшеліктерін сипаттайды, музыкатанушылық жітілікпен ғылыми анықтама беріп, терең талдау жасайды.
Ш.Уәлиханов өз зерттеулерінде ІХ ғасырдағы қазақ ақындарының  импровизаторлық өнері көшпелі араб шайырларының өнерінен еш кем түспейтінін баса айтты. ХІХ ғасырда ақын бейнесі қазақ даласының басты тұлғасына айналды. Дәстүрлі музыкалық, поэтикалық тәсіл арқылы суырып-салма әншілер ел өмірінің әр саласына қатысты жаңа шығармаларды дүниеге әкелді. Ақындарға табан астынан сөз таба алатын тапқырлық, шабыт керек. Сондықтан, ертеректе мүдірмей жыр төге алатын сөз зергерлері ғана ақын деп мойындалатын. Ш.Уәлиханов импровизаторлық өнердің дамуы көшпелі өмір салтына байланысты екенін атап көрсетті. Ақындық-әншілік импровизацияның иелері айтыста – сөз бәсекесінде шыңдалды.
Халық жадынан өшіп бара жатқан өнердің бірі – бақсылық, музыка  арқылы емдеу үрдісі. Бұған байланысты Ш.Уәлихановтың «Қырғыз  халқындағы шамандық іздер» атты еңбегінің маңызы өте зор. Мұнда  бақсылық өнердің егжей-тегжейі толық жазылған құнды деректері мол. Қазақ даласына исламның кіруіне байланысты бақсылар қуғынға ұшырады. Дін тарапынан қыспаққа түскен олардың ел ішіндегі беделі де әлсіреп, аяғында құрып кету қаупінде қалды. Бақсы «аруақтармен тілдесе» алатын, ол тәуіп немесе көріпкел міндетін де атқаратын, актерлығы мен сазгерлігі емшілігінен  кем соқпайтын еді. Ш.Уәлиханов бізге бақсы өнерін барлық бітім-болмысымен баяндайды. Шоқанның артына  қалдырған бай мұрасы қазақ халқының рухани мәдениетін әрі қарай зерттеу жұмыстары үшін бағалы дерек көзі болып қала бермек.

Тойжан ЕГІНБАЕВА,
Қазақ ұлттық өнер университеті.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар