Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мылтықсыз майдан - АРҚА АЖАРЫ

Мылтықсыз майдан

Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдың өзі мылтықсыз майдан іспетті еді. Қызу еңбек даласында барлық ауыртпалықты қайыспай көтеріп, жеңісті жақындатқан жалаңтөс ерлердің ерлігін айтпай кетуге әсте болмас.

Соғыстың алғашқы жылында Алғабас ауылынан 78 адам майдан шебіне аттанған еді. Ал, 1942 жылы тағы 54 адам жауға қарсы қару асынды. Сөйтіп, колхозда қарттар мен соғысқа кеткен ерлердің әйелдері, балалары ғана қалды. Сол балалардың арасында мен де бар едім. Көктемгі егісті бізге салуға тура келді. Сәуір айы туа салысымен ауылда қалған бар жұмыс күшімен колхоз жұмысы қыза түсті. Қолымызға ұзын қамшыны алып,  соқаға жеккен өгіздерді айдасақ, қыз-келіншектер соқаның бір шетін ұстап тұратын. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей таңның атысынан кештің батысына дейін жер жыртамыз. Жер құйқасы майға бөккендей туырылып жатады. Өгіз біткеннің сауыры қып-қызыл қан, қамшының табы, арқасы шоқпыт-шоқпыт жауыр болатын. Кейде шаршап өгіздің үстіне мініп алатынбыз.
Әйелдер жақтан зарлы үнмен шыққан: «Көкше бір таудың биігі-ай, Алыстағы бауырдан хат алудың қиыны-ай» деген дауыс әлі күнге дейін құлағымнан кетпейді. Бұл жүректегі ауыр шердің лықсып шыққан бір көрінісі сияқты. Әлгі зарлы әнге екінші соқадағы әйел, одан басқалары қосыла кететін. Көздерінен жас сауғалап ағып, кең даланы зарлатады-ау кеп. Оларға қосылып жылауға еркектік намысымыз жібермейтін. Осындай азаппен көктемгі егісті де аяқтадық. Егін аяқталысымен жазғы шабылған шөпті ауылға тасу да бізге жүктелді. Жазды күндері ауылдың ағаш шеберлері ағаштан шөп тасуға арналған шаналар жасайтын. Әрқайсымызды бір-бір шалға міндеттеп шөп тасуға жібереді. Мені Төлеген деген 75 жастағы қарияға тапсырды. Сол кісінің арқасында көп нәрсеге үйрендім.  
Бір күні мен қатарлы балаларға шөп шабатын машина белгілеп берді. Оның жөндейтін жерлерін ұстаға көрсетіп, әупірімдеп жүріп шөп шабуды үйрендік. Бастапқы кезде орақ қайрау біз үшін қиын болатын. Себебі, ұзын шалғыны қайраққа ұстап тұру ептілікті талап етеді. Мал басы көп болғандықтан, колхоз да шөпті үйеме қылып шабатын. Сол жылдары дала жұмысында жазғы аптап ыстықтан, қыстың қақаған дүлей боранынан үсіп өлгендер, одан қала берді тамақтың жетіспеуінен бақиға аттанғандар қаншама!
Тың игеру жылдары бір ғана біздің  колхоздың жерінен үш совхоз орнады. Соғыстан жаралы ағаларымыз бірте-бірте елге қайта бастады. Сұрапыл соғыс та Ұлы Жеңіспен 1945 жылдың мамыр айында аяқталды. От пен оқтан аман келгендердің ішінде менің Шәмел деген ағам да бар. Ол соғыстан келе салысымен ауылдың көркеюі үшін талмай еңбек етті. 1948 жылы колхоздың ұсынысымен тылдағы еңбегіміз үшін ССРО Жоғары Советі Президиумының медальдарымен марапатталдық. Ағамның соғыстан дін аман келуі менің оқуымды одан әрі жалғастыруыма көп септігін тигізді. Жоғары оқу орнын бітірген соң біраз жыл бастауыш сыныптарға сабақ беріп, өзімнің туған жерім Алғабас ауылында мектеп директорлығына дейін көтерілдім.
Мектепте қызмет етіп жүргенде де тар жол тайғақ кешкен соғыс жылдарын бір сәт ойымнан шығарған емеспін. Отан қорғауға қатысқан жерлес ағаларымызға мектеп жанынан ескерткіш орнаттық. Қан майданнан тірі келген 48 адамның үшеуі ғана қазір жер басып жүр. Оның екеуі облыс орталығында, ал, Анафин дейтін ағамыз Новоишимка жерінде тұрады. Иә, 70 жыл өтсе де соғыс салған жара әлі де жазылар емес. Біздің бақытты балалық шағымызды ұрлаған сұм соғыс енді қайталанбасын, ұрпағымыз бақытты өмір сүрсін деген тілегіміз бар.
 Қабдыл-Уаһап МАҒАУИЯҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, зейнеткер.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар