Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Зеңбірекшілер командирі - АРҚА АЖАРЫ

Зеңбірекшілер командирі

Біз жалпылама сұрапыл жылдар деп атап жүрген сол бір ат ауыздықпен су ішіп, ер етігімен толар-сақтан саз кешкен ауыр күндердің ызғары кенеттен үзілген өмір, жан жылатқан қайғы-қасірет болып, әлі күнге әр шаңырақтың қабырғасын қайыстырады. Зұлым жау тұтқиылдан бейбіт жатқан елімізге лап қойғанда Хәкім Әбукәрімұлы Жүсіпов Қызыл Армия қатарында еді.

Ол әскер қатарына 1940 жылдың нау-рызында шақырылып, алдымен, зениттік-артиллериялық полктың курсанты, одан кейін Баку қаласында осы тектес дивизионның зеңбірекшілер командирі қызметін атқарып жүрген-ді. Елден алынған ер азаматтарды алда  майдан дайындығы, тағы басқа қам-қарекеттер күтіп тұрса, Хәкім аталарымыз әскерде болғандықтан, соғысқа бірден кіргендердің сапынан болатын.
Бұл кісі үшін Ұлы Отан соғысы Тропец, Вологда қалаларынан басталды. Ол кезде ішке қарай ентелеген қас дұшпанның аптығын басу үшін әскери бөлімдерді ұрысқа көтеру, ал, бұл үшін саяси жұмысты күшейту қажет болғаны белгілі. Сол себепті небәрі 26 жастағы Хәкім де шұғыл түрде дивизион бөлімшелерінің біріне саяси жетекші болып тағайындалды. Алдыңғы шепті аралап жүріп, жауынгерлерді жеңіске жігерлендіретін, жылы сөзбен жұбатып, шабуылға қайрайтын мұндай әскери лауазымның жүгі шын мәнісінде ауыр болатын. Бірақ, кеудесі жауға деген өшпенділікке толы кіші шенді командир өзіне жүктелген міндетті күні-түні осылай абыроймен атқарып, қанша шақырым жаяу жүргенін, қанша түнді жауынгерлер ортасында ұйқы-күлкісіз өткізгенін кім санапты?!
Майданға дейін Омбы медициналық институтындағы оқудың да шет жағасын көріп, кейін  Көкшетау ауданындағы Қарағаш, Фрунзе, Қызылтаң сияқты қазақ ауылдарында мұғалім болып еңбек еткен жас жігіт қолы қалт етсе, туған елі есінен бір шықпай, қайта ұстаздық мамандығына оралуды ойлайтын. Ал, оған дейін ауыртпалығы айтып жеткізгісіз қаншама майдан жолы жатты десеңізші. Саяси қызметкер Хәкім де бірте-бірте зеңбірек снаряды мен ұшақ бомбасына, қарша бораған оққа, оны айтасыз, қаруластарының ерлікпен көз жұмған ауыр қазаларына еті үйреніп, майдан даласында ысылып, ширай берді. Солай осы бір сұрапыл соғыс өрті оны да Ұлы Отан соғысы деп аталған қасиетті жорықтың небір ауыр бұрталаңына салды.
Әсіресе, кейін көзі тірісінде сол бір отты күндердің елесі қанша қайырылмайын десе де, ойынан шықпайтын болуы керек, 1943 жылдың қысындағы Сталинград майданында болған жойқын ұрыстарды  там-тұмдап жиі есіне алып отыратын. Бұлар құрамында болған әуе күштеріне қарсы  296-шы жеке полктың  алдына қойылған міндет сол кезге қарай тынысы біртіндеп тарылып, күннен-күнге шабуылын үдеткен Кеңес әскерлерінің темір құрсауында қала бастаған неміс-фашист басқыншыларын одан сайын қыспаққа ала беру еді. Осы жоспар ойдағыдай орындалып, полк аз күнге демалысқа шығып, қатарын қайта толықтырған соң  жорықты жолын Брянск майданында жалғастырды. Осы аттас қаланы азат ету үшін болған қиян-кескі шайқастарда Хәкім Жүсіпов иығынан жараланып, дала госпиталіне түседі. Алайда, арада бірер ай өткен соң жарасы жазылар-жазылмаста қайта қатарға қосылып, Бас қолбасшының резервіндегі 32-ші Қызыл Тулы Галчинский дивизиясының 1377 зениттік-артиллериялық полкінің батарея старшинасы ретінде бірден алда күтіп тұрған ұрыстарға кіреді. Бұл кезде ержүрек майдангердің омырауында Сталинград, Ленинград қалаларын қорғағаны үшін ие болған медальдары жарқырайтын.
Кейін Ұлы Отан соғысынан соң аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымына дейін көтерілген аяулы аға әсіресе, зейнет демалысына шыққан жылдары сол бір отты күндерді қайта көңіл сүзгісінен өткізіп, күнделік жазып қоятын. Өзінің майдан жорықтарында алған марапаттары туралы сол күнделігінің ара-арасында «Дивизия командованиесінің бұйрығы негізінде 1945 жылдың 21 мамырында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталдым. Сондай-ақ, Гатчино қаласын жаудан азат ету барысында өзіме жүктелген әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаным үшін Бас қолбасшы Сталиннің алғысына ие болдым. 1945 жылдың қазанында елге оралдым. Бұл кешеуілдеуімнің себебі, соғыстан кейін Германияның Берлин, Стантель қалаларында Кеңес әскері құрамында әскери міндетімді одан әрі қарай да өтеуіме тура келді. Соғыстың сол бір соңғы кезеңін ойласам, Польша, Германия жерлерінде жаудың бойындағы бар күшін жиып, ақырғы рет қарсылық көрсеткен жандармен әрекеті, әсіресе, Берлин қаласы үшін болған қолма-қол ұрыстар есіме жиі түсе береді»,  – деп сыр шертіпті.
Иә, сол кездегі Қызылту ауданына қарайтын Алабота ауылында туып, жеңісті жорық жолдарымен Берлинге дейін жеткен қарапайым қазақ жігіті майдандағы осы  батылдығымен шектелмей, бейбіт өмірде де елге адал қызмет етудің нағыз үлгісін көрсетті.  Атап айтқанда, партия баспалдағымен сатылап өсе отырып,  1954-1959 жылдары бұрынғы Көкшетау облысы Красноармеец аупарткомының бірінші хатшысы болып қызмет атқарса, 1960-1963 жылдары халық депутаттары аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болды. Осы қызметтердің, басқа да ірілі-ұсақты лауазымдарының қай-қайсысында болсын мінезімен де, ісімен де халыққа өте-мөте жұғысты болған Хәкім Әбукәрімұлы Жүсіповтың жарқын бейнесін бүгінгі таңда да аудан тұрғындары үлкен ілтипатпен еске алып отырады. Бұл туралы былтыр арнайы берілген асында да аз айтылмаған еді.
Алматы жоғары партия мектебін бітіріп,  сол кездің  талабы, жеке адамгершілік тұрғысынан болсын, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосып, ел сенімінен ойдағыдай шыға білген Хәкім аға өмірлік жары Рахима апайымызбен де елу жылдан астам  бақытты ғұмыр кешті. Балалы-шағалы болып, немере-шөбере сүйді. Әсіресе, көзі тірісінде жасынан елгезек болып өскен ұлдары Тельманның көршілес Келлер ауданында басшылық қызметте жүргеніне, ал, Еркінінің өзі басқарған сол бұрынғы Красноармеец, қазіргі Тайынша ауданы басшыларының бірінің деңгейіне көтерілгеніне көңілі бір марқайып қалатын. Көзі тірісінде «Біз бақытты өмір сүрдік. Ештеңеге ренжуімізге болмайды. Ғұмырымыз жайдан-жай өткен жоқ», – деген бір аталы сөзі бар еді. Ержүрек майдангердің осы бір ауыз ғибратты жан сырына сұрапыл соғыстағы ерлігі де, бейбіт өмірдегі жасампаз еңбегі де, бәрі сыйып тұрғаны айқын!
Қ.КӘКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар