Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңаталаптың жігерлі жігіті - АРҚА АЖАРЫ

Жаңаталаптың жігерлі жігіті

.Талапты ерге нұр жауар
Бұл ауылда өзіміз ертеректе бір мәрте ат басын бұрған, жүйрік жаратып, бәйге атын баптайтын, қара малды да қоралап ұстайтын Бүркітбай Нұрмұханов бар. Дес бергенде діттеген адамымыз ауыл қотанынан ұзамапты. Көктемнің соңғы бір ұйытқыған бұрқасынының арасынан сопаң етіп шыға келген біз Бүркітбайдың көзіне Сібірдің аңызға айналған аңшысы Дерсу Узала тәрізді көріндік-ау деймін. Алғашында тосырқап қалды. Сәлден соң шаруа жайына кірістік.
– Қазақ «күн жаманы кетеді» дейді ғой, – деді «Бүркіт» шаруа қожалығының басшысы Бүркітбай Нұрмұханов, – көктем де алыс емес қой. Арайлы, шуақты, жақсы күн туар, шыдамды болайық жігіттер. Өзі анық жетпесе де, дақпырты жер жарып тұрған дағдарыстың да дауылы басылар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауын-да қадап айтқанындай, етек-жеңімізді жиып, қайраттанғанымыз ләзім. Мен екі мыңыншы жылдардың басында шаруа қожалығын құрдым. Алғашында 380 гектар жерім болды. Бидай, арпа ектім. Гектар шығымдылығы 12-13 центнерден айналып жүрді. Азын-аулақ техникам да бар. «К-700» тракторы, комбайн, бірнеше «Беларусь». Әйтеуір, осы дүниенің басын құрап, елден озып кетпесек те, қатардан қалмай тырбанып жатырмыз. Қазір «мен жұмыс істеймін» деп құлшынып тұрған адам болса, мемлекет тарапынан қыруар көмек көрсетіліп жатыр. Мүмкіндік аз, қамқорлық жоқ деп жылаудың еш реті жоқ. Ниет болсын, өз шаңырағымның берекесін кіргізіп, шаруашылығымызды мықтаймыз дейтін ықылас болса, қалғанының бәрі бар.
Шаруасы өрге басып келе жатқан шаруа қожалығы басшысы дәл осылай сөз сабақтағанымен, елде енжарлықтың әлі бар екендігін байқап жүрміз ғой. Синонимдік сипат беретін талай теңеу табылар еді. Бірақ, біздің сөз жасыту үшін емес, жігерлендіру үшін, қайтару үшін емес, қайрау үшін айтылмақ. Таңертең аудан әкімшілігінде мал басын көбейтіп жатқан малсақ жандар жайлы сұрастырғанымызда, екі-ақ адамның аты аталған. Біріншісі осы Жаңаталап ауылының тұрғыны Бүркітбай Нұрмұханов болса, екіншісі Елтай ауылының тұрғыны Бейбіт Оразбаев.
–2011 жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы,                   3 миллион теңге несие алып, 11 бас сиыр сатып алдым. Бағдарламаның талабына сәйкес несиені қайтаруға болатындығына көзім жеткеннен кейін 2012 жылы тағы да 4 миллион теңге несие алып, 22 бас сиыр сатып алдым. Рас, асыл тұқымды емес, жергілікті жердің малы. Бірақ, асыл тұқымды бұқамен будандастыру арқылы тұқымын жақсартуға әбден болады. Мал мамандарының есептеуіне қарағанда, төртінші, бесінші төлдегенде, тұқымы әбден жақсарып, асылға айналмақ. Мемлекет қамқорлығын дәл осы жерден байқауға болады. Мысалы, маған асыл тұқымды бұқа сатып алу үшін олардың әрқайсысына 150 мың теңгеден көмек көрсетілді, әрі жыл бойы бағып, қаққаным үшін 100 мың теңгеден субсидия беріледі. Ал, соның нәтижесін өзім көріп жатырмын ғой,–дейді шаруа қожалығының басшысы.
Бүркітбайдың айтуына қарағанда, бұл күнде егістік жер көлемі 700 гектарға жеткен. Мал өсірудің табысты болуының бір сыры мал азығын өздері           дайындауында жатыр. Әйтпесе, қолында техникасы жоқ адамның қыр асып кетуі қиын. Мәселен, «Бүркіт» шаруа қожалығы қолдағы малдың қысқа қажетті жем-шөбін ешкімге алақан жаймай, түп-түгел өздері дайындайды.   
Көне аңыз айтады: ырыстан сұраса керек, «қайда барасың?» деп. Сонда ырыс жауап берген екен: «Ынтымағы күшті жерге барамын» деп. Аңыз болғанымен, ақиқат. Тіпті, бүгінгі күннің бейнесін толық ашатын сөз. Мәселен, осы шаруа қожалығында Бүркітбаймен бірге, өзінің інілері Боранбай, Орынбай, Болатбектер бірлесе еңбек етеді. Қысы-жазы уақытпен санаспай, қиындықтан қашпай, жұмыс талғамай жұмыла істесе, еткен еңбек, төккен тер өздерінің ырысы. Дастарханға қояр асы, бала-шағасының игілігіне жұмсар несібесі. Сондықтан да, мынау сенікі, мынау менікі деу жоқ. Бейнет те ортақ, табыс та ортақ.
– Жаз бойы Болатбек інім мал бақты. Ай сайын елу мың теңдеген алып тұрды. Ал, мал бағып жүргенде өз қорасындағы азын-аулақ түлігін қыста қалай алып шығамын деп алаңдамайды, шөбі үюлі, жемі қамбаға құюлы, – дейді Бүркітбай, – күзгі түпкі табыстан да сыбағасын алады.
– Қара малдың бейнеті көп қой. Біздің жақта қыс ұзақ, өзіндік құны қымбаттап кетеді. Одан да қысы-жазы тебінде жүретін жылқы баққан жөн емес пе? – дейміз біз.
– Оны білеміз ғой. Малмен көзін ашқан қазақ емеспіз бе. Төрт түліктің жайын бізден гөрі жетік білген бұрынғылар «жылқы ысқырса желдікі, айдаса жаудікі» депті. Қазір де солай. Баққың-ақ  келеді, бірақ, ана ауылдан бір үйір, мына ауылдан екі үйір мал жоғалыпты деп естігенде, зәрең кетеді. Тәртіп жағын мықтаса, мал баққан қауымның да сенімі арта түсер еді. Әйтпесе, өзің қарызға алып, қалт-құлт етіп бағып отырғанда жоғалтып алсаң, өкініші кетпейді ғой. Қазір «Құлан» бағдарламасы арқылы жылқы өсіруге, «Алтын сақа» бағдарламасы арқылы қой өсіруге де                                                                                         несие алуға болады. Демек, ауыл адамдарының ең бас-ты тіршілігі мал шаруашылығын өрістетуге көп көрім демеу жасалып отыр, – дейді Бүркітбай Нұрмұханов.
 
2.Қинай түскен кепілдік
Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, мал басын көбейтуге, сіңіре будандастырып, тұқымын асылдандыруға ынталы. Тек қолбайлау болып отырған бір жай, жоғарыда аталған бағдарламалар арқылы несие алу үшін кепілдік қою қажет. Ол түсінікті де. Түсініксізі, неліктен тым көп сұрайтындығы. Біз Жаңаталап ауылына ат ізін салғанымыздан бір күн бұрын ынталы топ Астана қаласында болып қайтыпты.
– Несиеге екі есе кепілдік қою қажет екен,–дейді шаруа қожалығының басшысы Бүркітбай Құсайынұлы,–мысалы, «Құлан» бағдарламасы арқылы жылқы өсіру үшін 30 миллион теңге алғыңыз келді екен делік. Енді осы 30 миллион алу үшін 60 миллион теңгенің, яғни, тұп-тура құны екі есе тұратын жылжымайтын мүлікті кепілдікке қою керек. Егер үлкен қалада коттедж үйіміз, басқа да ғимаратымыз болса бір сәрі. Ауылдық жерде дәл осылай пұлдап қоятын дүние-мүлік табыла ма? Ауылды түгел үй-жай, қора-қопсысымен қосып қойсаң да, шығара алмайсың ғой. Оның үстіне ауылдық жердегі үйлер оншалықты қымбатқа бағаланбайды. Үйлердің ескісін, ағаштан салынғанын қойғызбайды. Міне, шаруаның қолын байлап отырған бұғау осы. Әйтпесе, негізгі талап көңілге қонымды. Мәселен, бағдарлама арқылы үш миллион теңге несие алдым. Алғашқы бір жарым жыл бостандық. Яки, есіңді жинап алғанша ешкім мазаңды алмайды. Келесі мамыр айында ғана пайыздық өсімін төледім. Бір жарым жылдан соң негізгі қарызымды өтей бастадым. Оған шейін мал төлдеп, пышақ көтеретіндей болса, қарыздан құтылуға әбден болады. Тек бұл арада қазіргі күні айтылып жүрген бордақылау алаңдарының өте қажет екендігін де айтқым келеді. Бойдақ малды 18 айдың ішінде 400 килограмдық салмаққа жеткізу керек. Одан асырсаң, жем-шөбің, еңбегің зая, артық шығын. Біз сияқты шағын шаруа қожалықтарында құнарлы мал азығы жоқ қой. Сосынғы бір мәселе, шаруа қожалығы ғана емес, тұтас елдегі малдың тұқымын жақсарту. Қазір көріп отырмыз, асыл тұқымды бұқаның төлі бір жылдың ішінде 300 килограмнан асып кетеді. Ал, жергілікті тұқымның төлі бұл деңгейге екі жыл бақсаң жете алмайды.   
Шаруа қожалығының ендігі мақсаты – қолда бар малды өз төлі есебінен көбейту, сіңіре будандастырып асылдандыру. Талапқа сай асыл тұқымды бұқаларды да жаңартып отырмақ. Оның үстіне жылқы басын көбейтуді армандайды. Бірер тұяқ жылқы өзінде де бар. Жабысы ғана емес, асыл тұқымдысы да. Жабағы күнінде әрқайсысын 250 мың теңгеден сатып алған. Атбегі Бүркітбай Құсайынұлының баптаған жүйріктері аудандық, облыстық бәйгелерде жүлде алып жүр.   
Отыз үйлі ауылдың көкпаршылары жайында өз газетімізде әнебір жылы жазған едік. Газетте мақала жарық көргеннен кейін сол кездегі аудан әкімі Ермек Нұғыманов ауыл көкпаршыларына көкпаршылардың ұлттық спорттық киімі, көкпарға салатын аттардың ер-тұрмандарын алуға жәрдемдесіпті. Өткен жылы ауыл командасы ауданда бірінші орынды алған. Ал, облыста үшінші орын иеленіпті. Негізі жас толқынның бойында осындай қайрат болғаны жарасымды. Өмірдің өзі де көкпар тәрізді тартысқа толы ғой. Ендеше, құбылаға бетіңді бұрып жата бергенше,  қиындықпен Жаңаталаптың жастарынша күресіп бір көрелікші.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар