Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұратымыз – мәңгілік ел 27 - АРҚА АЖАРЫ

Мұратымыз – мәңгілік ел 27

«Қазақ хандығының 550 жылдығы: ғасырлардан жалғасып келе жатқан мемлекеттілік»  республикалық акциясының аясында Көкшетау қаласындағы Абылай хан алаңынан бастау алған  «Қазақ елі – Мәңгілік ел»  автокеруені ел тарихын жұртшылыққа кеңінен насихаттап, тарихи сананы жаңғырту, ең бастысы, хандықтың бүгінгі заңды мұрагері – мәңгілік болашаққа бекем бет алған Қазақ елінің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген толағай табыстарын көпшілікке паш ету, өскелең буынның ортақ Отанымыздың жетістіктеріне мақтаныш сезімін еселеу мақсатында ұйымдастырылды. Облыстық ішкі саясат басқармасының бастамасымен құрамында Ғазиза Жұмекенова, Бисара Мәкенова сынды елімізге еңбегі сіңген әртістер, жыраулар мен айтыскер ақындар, дәстүрлі әншілер мен «Айнакөл» фольклорлық ансамблі және мерекелік даталарды атап өтуді ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб мүшелері, еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар, жалпы саны елуге тарта аймаққа белгілі адамы бар топ жолға шықты.

 

І.Бауырмал Біржан елінде

 

Автокеруеннің алғашқы аялдаған жері сал Біржан мен Аңғал, Аңдықожа батырлар және тағы басқа да біртуар тұлғалар өмірге келген құтты мекен  – Еңбекшілдер ауданы болды.

 

Қонақжай өлке автокеруенді аудан шекарасынан күтіп алып, ақсақалдар бата берді, ақ жаулықты әжелер шашу шашты.  Бұдан кейін Степняк қаласының орталық алаңына жиналған  алқалы әлеумет алдында аудан  әкімі Асқар Қиықов шара эстафетасын тұңғыш қабылдап алған өлке болудың еңбекшілдіктерге үлкен жауапкершілік артатындығын тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен келісімді сақтаудың қазақстандық үлгісін жасаған көреген көшбасшы ретінде әлемді мойындатты.  Береке бастауы – бірлікте. Міне, сондықтан да, елдегі  тұрақтылықты сақтау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдылығы болып табылады.
Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Василий Устьянцев әрбір азамат ең алдымен, аталып отырған мерекені жақсылап түйсініп алғаны жөн деген ой айтты. Қазақтың тарихы сонау сақ, ғұн дәуірі мен Алтын Ордадан бастау алады.  Бірақ,  мемлекеттілікті қалыптастырудағы Керей мен Жәнібек хандардың рөлін ерекше атап өткен абзал. Енді осы бір игі істердің жарқын жалғасы – «Нұрлы жол» бағдарламасы.  Оны сәтті жүзеге асыру бізге ел экономикасын бұдан әрі дамытып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, мемлекеттілігімізді мәңгі етуге  мүмкіндік береді.  Белгілі журналист бұл ұлттық мұратқа жетуде еңбекшілдіктердің де қосар үлесі зор деген пікірде.
Керуенмен келгендер  аудан орталығындағы Біржан сал атындағы музыкалық мектеп  шәкірттерімен, сол білім ордасына жиналған қалың бұқарамен кездесті.  Мұнда алдымен, облыстық әкімдік дайындаған деректі  фильм көрсетілді. Фильмде қазақ хандығының құрылу тарихы, ол құрылғаннан кейінгі ұлт өркениетінде болған өзгерістер баяндалады. Хан Абылайдың Көкше жерінде үш жүздің басын қосып, алты алашты біріктіргені –            фильмде айтылар негізгі идея.  
Осы тарихи тұжырымдарды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті тарих кафедрасының аға оқытушысы Талапкер Уәлиев жалғай түсті. Ол алдымен, «мемлекет» және «мемлекеттілік» ұғымдарының мәніне тоқталды. Осы орайда, «Қазақ халқы Қазақ хандығын құрды ма, әлде, Қазақ хандығы қазақ халқының құрылуына негіз болды ма?» деген мәселеде тарихшылар арасында әлі күнге дейін таластың бары жасырын емес. Бәлкім, ол заңды да болар.  Қалай десек те, хандық құрылғаннан кейін халық тұтас ұлт ретінде қалыптаса бастады. Бұған ислам дінінің де әсері аз болған жоқ. Бізбен барлық жағынан да ұқсас болған жоңғар, ноғайлар осы исламға мойынсұнбағандықтарының әсерінен де өз мемлекеттіліктерінен айырылып қалды.   Жиналғандар осындай келелі ойлар айтқан құрметті қонақтарды ұйып тыңдады.
Білім ошағында 95 бала музыка тілін үйренуде. Мұнда  қобыз, домбыра, баян, гитара, фортепиано  сияқты сабақтардан 11 мұғалім дәріс береді. Өнер шаңырағының ауданның үш ауылында филиалдары бар.  Мектеп директоры Гүлмира Құртабиеваның   айтуынша, өнерге, мәдениетке құштар болып өскен бала ешқашан да тамырынан ажырамайды. Кездесу барысында мектеп шәкірттері «Балбырауын», «Жұмыр қылыш» күйлерін шертіп, ауылдың алты ауызын шырқаса, келгендер де қонақ кәде ретінде Біржан салдың әндерінен шашу шашты.
Казгородок орта мектебі –  керуен аялдаған келесі оқу орны.  Мұнда 200-ге тарта шәкірт білім нәрімен сусындауда.  Осы білім ошағына жиналған ауыл тұрғындары алдында сөз алған тарихшылар ел тарихында  32 ханның болғанын атап өтті. Оны осы тұлғалардың өзге елдердің билеушілерімен алмасқан хаттарынан  көруге болады. Жас ғалым Талапкер Уәлиев  әр ханның жеке артықшылықтарына тоқталып өтті.  Керей мен Жәнібек тарихта  Әбілқайырдың билігіне бағынбай, дербес мемлекет құруға деген талпынысымен және соның негізін қалағандықтарымен есте қалды.  Өзінің қасқа жолын салған Қасым хан болса, оңтүстік шекараны кеңейтуімен, Тәуекел хан – солтүстіктегі көршіміз Ресеймен өзара байланысты жолға қойғанымен, Тәуке – дінге емес, ұлттың таным-түсінігі, пайым-парасатына негізделген «Жеті жарғыны» жасап, құқықтық норманы қалыптастыруымен ерекшеленді.  Ал, Абылайдың заманы – батырлар мен билердің, ақындар мен хакімдердің заманы болды.  Оның Әбілқайыр ханнан басты ерекшелігі – батыл шешімдерді уақытылы қабылдай білуінде еді.  Осындай тағылымды хабарламаны тыңдаған жұртшылық автокеруен мүшелеріне зор ризашылықтарын білдіріп жатты.
– Мен бұл керуеннің елдің рухын көтеріп, жастардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті арттырарына сенімдімін. Жалпы, хандықтың 550 жылдығын тойлау – тек жоғалғанымызды іздеп, барымызды түгендеуге деген емес, «Қазақтың мемлекеттілігі болмаған» деп көлденеңінен көпіре сөйлер кейбіреулерге нақты жауап, – дейді осы Үлгі ауылының тұрғыны Мұса Өсерұлы.
Иә, біздің талай батыр баһадүрлеріміз аттың – жалы, түйенің – қомында жүріп ұлан-ғайыр қазақ даласын жаудың басқыншылығынан қорғап қалды, оны бізге аманат етті. Аманатқа қиянат жасамас үшін бүгінгі ұрпақтың тарихты біліп өскені абзал. Автокеруен міне, осы мақсатты негізге алды. Жоғарыда айтылған  жайттарды  тілге тиек еткен  тарих пәнінің мұғалімі Теңдік Сабыржанова биылғы жылы аталып өтілер айтулы даталардың тарихи сананы жаңғыртудағы рөлі жайлы айтты. Шара соңы мектеп оқушылары дайындаған шағын концертке ұласты. Онда рухты әндер шырқалып, елге белгілі ақындардың өлеңдері оқылды.
Келесі күні автокеруеншілер Біржан сал бабамыздың рухына құран бағыштап, оны қазақтың дәстүрлі музыкасын биік шыңға шығарған ерекше тұлға ретінде атап өтті.
Осыдан кейін аудан орталығындағы «Айгөлек» бала бақшасында болған керуеншілер балаларға олардың осы елдің ертеңі екендіктерін айтып жеткізуге тырыс-ты. Әрине, мұнда сағаттарға созылар лекция оқылған жоқ. Патриоттық әндер шырқалды, бүлдіршіндер викториналық сауалдарға жа-уап беріп, сыйлықтар алды. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», – демекші,  ертеңгі елдің арайлап атар ақ таңы да, кемел келешегі де – солар. Сондықтан да, бүгінгі балалардың  салт-дәстүрден сусындап, тарихын біліп өсулері керек.  
Бақшадан кейін жастарды осы елжандылық  рухында тәрбиелейтін негізгі ошақтың бірі – мектеп десек, қателеспейміз. Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепте болған тарихшылар жер тарихынан ұлт тарихының әлдеқайда кешірек дамитындығын тілге тиек етті. Бүгінгідей сайын даласын мекен еткен халқымыз сол ұлан-ғайыр  жерді сақтап қалу үшін күресуге мәжбүр болды. Алайда, әлі күнге дейін еуропалық ғалымдардың ескі тұжырымы бойынша жат жұрттықтардың бізді мәдениеттен, өркениеттен жұрдай ұлт ретінде санайтындары бар. Осы орайда, қазақтардың географиялық-климаттық ерекшеліктерге, жедел ауыспалы климатқа байланысты көшіп-қонғандығын естен шығармаған абзал. Көшуге де ұшқыр ой қажет еді. Көшпенділер ең алдымен, мықты географ болған. Яғни, шұрайлы жерді таңдай білген. Екіншіден, олар мал жайын мықты меңгерді. Төрт түлікті, мыңғырған малды асырап, оның тілін таба білді. Жылқының ең алғаш қазақ жерінде үйретілгендігі – осының айғағы.
Бірсуат ауылдық округінің  Сәуле ауылында болған автокеруен мүшелеріне мектеп директоры Сәрсенбек Сүлейменов  былтыр ғана пайдалануға берілген оқу ордасын аралатып, таныстырды. Мұнда бүгінде 57 бала білім алуда, 20 бүлдіршін мектеп жанынан ашылған шағын орталыққа барады. Білім мекемесі жылы да жайлы. Шәкірттерге қаладағы оқушылармен тең жағдай жасалған. Компьютерлік кабинеттер, кітапхана, сыныптар, қажетті құралдардың бәрі бар. Ең бастысы, мектепте білікті ұстаздар еңбек етіп, талапты шәкірттер оқиды. Тарих кабинеті қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Керей, Жәнібек хандардың суреті бар баннермен безендіріліпті. Дүбірлі тойды, маңызды тарихи оқиғаны оқушылар біліп, сезініп жүрсін деген ниеттен туған ұстаздардың бұл бастамасы өзге білім ордаларына да үлгі боларлықтай екен.
Мектеп оқушылары келген қонақтар алдында  өз өнерлерін ортаға салып, рухты әндерді әуелетті. Тарихшылар  тәуелсіздіктің үлкен еңбектің жемісі екендігін айтты. Бір деммен бар мәселе шешіле қалмайды. Соның өзінде шетелден қандастарын шақырып, халқының санын көбейтіп жатқан ел жаһанда үшеу ғана. Соның біреуі – бізбіз. Кездесу барысында сөз алған сәулелік Дәнекер Қазиқызы  әлемде елі, жері жоқ талай халықтың барын жеткізіп, ұлан-ғайыр атырапқа ие болып отырған біздің бақытты екендігімізді тілге тиек етті. Тек осы бақ құсын уыстан шығарып алмасақ игі. Ол үшін ең алдымен, елдің де, жердің де иелерінің намысты болғаны жөн. Шара соңында келген қонақтар мектептің естелік кітабына өз қолтаңбаларын жазып қалдырды. Осы орайда, автокеруеннің аудан орталығындағы оқу-өндірістік комбинатта және аудандық кітапханада да болып, «Ветеран», «Ақ жаулық» хорларының мүшелері және кәсіпкерлермен кездескендігін айта кетейік. Бұдан кейін керуен мүшелері аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт қойды. Сүйікті әншілерін сағынған халық оларға айрықша қошемет көрсетті. Аймақтағы ең қазақы өңірлердің бірі саналатын – Еңбекшілдер ауданының тұрғындары  осылай автокеруенмен қимастықпен қоштасты.

 

 

II.бел-белесті Бұланды

 

Екі күн бойы еңбекшілдіктердің рухын көтеріп, тарихи санасын жаңғыртуға үлес қосқан автокеруен Балуан Шолақтай даңқты бабамыздың мекені әрі биыл құрылғанына 80 жыл толғалы отырған Бұланды ауданына табан тіреді.

 

Мұнда айтыскер ақын, аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Марғұлан Оспанов үлкен тарихи оқиғаның куәгерлері болып қана қоймай, осы бір елдік істің бір жағынан шығысып жүрген ақмолалық делегация мүшелеріне алғысын жеткізер арнауын арнады.
Ал, орталық алаңда жиналған алқалы жұрттың алдында сөз алған аудан әкімі Қуандық Еспергенов бұл маңызды датаны атап өтудегі басты мақсат – ел-жұртты бірлік идеясына тұтастыру екендігін ерекше айтып, бейбітшілік пен келісімді сақтау мемлекеттілігіміздің ғұмырын ұзарта түсетіндігіне тоқталды.  
Еңбек ардагері Төлеубек Жүсіпбековтың айтпағы да – осы.  Қазақ мемлекеттілігі әріден басталады. Біз – текті халықтың ұрпағымыз. Сондықтан да, алдымызда тұрған ендігі асу – сол атқа кір келтірмей, олар бастаған ұлы істерді жалғау. Тағы бір еңбек ардагері, ингуш ақсақалы Башир Добриев те бұл пікірді қолдап, құптайды. Бүгінгі біз атап өтіп отырған хандықтың 550 жылдығы – орындалған арманның мерекесі. Қандай арманның дер болсаңыз, ол – қос құрлықтың түйісер тұсы – дәл Еуразияның жүрегінде бас қаласы орналасқан, ұшса құстың қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талар байтақ мекенді жайлаған «Қазақстан» атты егемен мемлекетті құру мұраты болатын.  
Осы бір ел азаматтарының автокеруеншілер алдында сөйлеген сөзінен кейін алаңда балалар музыка мектебінің Балуан Шолақ атындағы ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетіп, жастар флешмоб акциясын ұйымдастырды. «Оқжетпес» дуэтінің әншісі Қазбек Қалиевтың орындауындағы «Құтты мекен Бұланды» әнінен керуен көшіндегілер аудан туралы жан-жақты мәлімет ала алды.
Бұдан кейін аудан орталығындағы мектеп-гимназияда болған кездесуде тарихшы Раушан Көшенова қазақ хандарының қоғамдағы бет-бейнесін қалыптастыруға әсер еткен жыраулардың рөліне тоқталды. Олар тек жанындағы хандарды мақтап, мадақтап қана емес, даттап та, қателігін бетіне басып та отырған. Мұны Асан Қайғыдан да, Есім ханнның жүргізген саясатымен келіспей, оны тастап кеткен Жиембеттің жырларынан да кездестіруге болады. Бұл жерде сол қазақ хандарын тұңғыш зерттеп, оған әділ бағасын беріп кеткен Шоқан Уәлихановты атап өтпеске болмас. Қазақ үшін аққан жұлдыздай болған ол осы аз ғұмырында артында әлі талай зерттеулерге түрткі болар құнды материалдар қалдырды. Міне, соны   кейінгі буын біліп өсуі үшін хандық тойы дау-талассыз өтуге тиіс шара.  
Мұғалімдер де келген ғалымдардан  хандық тарихына қатысты материалдарды жас шәкірттерге қалай жеткізу қажеттігін үйреніп, әдістемелік көмек алып қалды десек, артық айтқандық болмас.  
Бүгінде 50 адамды жұмыспен қамтып отырған аудандағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының бірі – «ХПП Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болған кездесу де өте әсерлі өтті. Мұнда хандық тарихын баяндайтын деректі фильм көрсетіліп, тарихшылар Шыңғыс ханнан тараған ұрпақтардың Қазақ жерін билеуі, әр хан тұсындағы саясат пен олардың тарихта алар орындарына қысқаша тоқталып өтті. Дәнді және майлы дақылдарды кептіріп, сақтаумен айналысатын аталған серіктестіктің директоры Клара Меңдібаеваның айтуынша, күнделікті қызу шаруаның қамымен жүріп, қолдары босай бермейтін қарапайым жұмысшыларға тарих жайлы мұндай жанды сұхбат ауадай қажет. Еліміздің теңқұқылы азаматы ретінде олар да өткенімізді біліп жүруге міндетті. Осы тұрғыдан алғанда, автокеруен  мұнда, қатардағы шаруа адамдарының саналарына тың серпіліс сыйлап, отаншылдықтарын арттыра түскендей. Расында да, басшының сөзінің жаны бар. Тарих тек ғалымдар ғана білуге тиіс ғылым емес, ол – өткенімізден сабақ алып, соны көкейге түйіп, болашағымызды бағдарлайтын негізгі арна.
Ал, түс ауа жастар Макинск қаласының көшелерімен жүріп өтті. Жай емес, «Жаса, Қазақстан, алға, Қазақстан!» деп ұрандатып өтті. Осылайша, олар тұстастарын ел патриоттары болуға, оның болашағын жарқын ету жолында аянбай еңбек етуге шақырды. Көптің күткені – концерт болды десек, қателеспейміз. Әсіресе, облыстық филармония әншілері мен «Айнакөл» фольклорлық ансамблінің орындауындағы попурилер көпшіліктің көңілінен шықты. Әрине, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың әндері де ерекше ықыласпен қабылданды.
Бар саналы ғұмырын мәдениет саласына арнап, оның он алты жылында лауазымды басшылық қызметті абыроймен атқарған  бүгінгі зейнеткер Сәулетай Аймағамбетова   қарапайым халықтың өнерге, әсіресе дәстүрлі әндерге қашанда сусаулы  екендігін айтады. «Бұдан біраз жыл бұрын, біздің жастау кезімізде дәстүрлі әнді есту қиын еді ғой. Сонда базарда бір домбырашы жігіт болды. Әлгіге әдейі барып, ән айтқызу үшін жалынатынбыз. Қазір қоғам да өзгерді. Бірақ,  өнерге деген махаббат төмендеген жоқ. Халық өздері сырттай білетін Ғазиза, Бисара қыздарын көріп, олардың орындауындағы Біржан, Ақан әндерін естігілері келеді», – дейді ол.
Бұл – өнерпаздардың жұртшылыққа кеңінен танылуына ғана емес, ең бастысы, ұлттық өнердің барынша насихатталуына жол ашады. Заман көші алға жылжыған сайын біз театр мен рухани тұрғыдан кемелденуімізге септесер ән кештеріне барудан қалып барамыз. Ал, ол – адам бойындағы интеллектіні қалыптастыратын орындар ғой. Әсіресе,  мәдени ошақтары аз жергілікті жерлерге мұндай шаралар ауадай қажет. Ғалымдар сағаттап лекция оқығанмен, оның есте қалу-қалмауы екіталай. Ал, тағылымды ән – санадан өшпейді. Бүгін міне, тарихы терең әндерді тыңдаған бұландылықтардың да  бір жасарып қалған жайы бар.

 

 

 

iii.Ақкөл, дөңгелектау,
домбыралы…

 

Құрамында жалғыз Ақмола, Көкше өңірлеріне ғана емес, елімізге де белгілі ғылым мен өнер қайраткерлері бар автокеруенді ақкөлдіктер де ерекше ықыласпен қарсы алды. Көпұлтты  ауданды мекен еткен  сан ұлыс өкілдерінің киімін киген жастар тыныштық пен тұтастықтың тұрағы болған Қазақстандағы татулықты паш еткендей.

 

Орталық алаңға жиналған аймақ халқының алдында сөз алған аудан әкімі Теміржан Едігенов әр халықтың тарихында ерекше оқиғалардың боларын тілге тиек етті. Ол – сол ұлттың жеке территориясының пайда болуы, яғни, жердің белгіленіп, елдің бір идеяға бірігіп,  тәуелсіздік алуы.  Егемендік кез-келген халықтың қашаннан басты мұраты болған және бола да бермек. Біздің сол баға жетпес құндылықты сақтаудағы өз жолымыз бар. Бұл жол – ешбір елдікіне ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын бейбітшілік жолы. Қазақстандықтарды өзгелерден ерекшелеп тұратын да – осы. Бір мақсат, бір мүддемен бір болашаққа бағыт алған халқымыз өзара келісімнің арқасында әлі де талай биіктерді бағындыра бермек.
Ауданның Құрметті азаматы Амангелді Асқаров та тәуелсіздіктің мәңгілік елдің кілті екендігін айтты.  Кезінде еселі еңбегімен еліне еңбегі сіңген ақсақалдың айтуынша, бүгінгі ұрпақ бар жетістіктің тек қажырлы еңбек пен жанкешті күрестің арқасында қол жеткізілген байлық екендігін естен шығармаулары қажет.
«Қазақ» деген этноним жалпыхалықтық қолданысқа еніп, ұлт атауы мемлекет атауына айналған кез – осы ХV ғасыр болатын.  Жәнібек пен Керей – бүгінгі біздің егемен еліміз заңды мұрагері болып отырған қуатты мемлекеттің негізін қалаған  халқымыздың біртуар перзенттері. Енді осы мұраны сақтаудағы бірліктің орны ерекше. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді» демекші, қай дәуірде де ұлт бірлігі елді өркендетудің кілті болған.  Бұл – облыстық мәслихат депутаты Валерий Симчуктің пікірі. Жаугершілік замандарда да, кешегі Ұлы Отан соғысында да солай болды.   Отан алдындағы антына адал талай жауынгер ұлты, тілі мен дініне қарамай, ел шекарасын күзетті. Ал, тылдағылар бір кісідей соларды азық-түлік, киім-кешек, басқа да керегімен қамтамасыз етіп тұрды.
Аудан орталығындағы №3 орта мектеп – таза қазақ тілінде білім беретін осы өңірдегі бірегей білім ордасы. Мұнда қазір 700-ге тарта оқушы білім алуда. Оқу-тәрбие жұмыстары Таза мемлекеттік тілде жүргізілгендіктен бе, әйтеуір, қазақылықтың иісі аңқып тұр. Бәлкім, содан да болар, төл тарихымыз жайлы әңгіме өрбітуге келген меймандарды оқу ошағы айрықша ықыласпен қарсы алды.
Соңғы жылдары тарихымызға қатысты деректер жан-жақты зерделеніп, бұрын мәлім болмаған талай ханның  аты белгілі болуда. Мәселен, Жаубасар деген қазақ ханы Ташкентті билеген екен. Бұл – тың деректерден бір ғана мысал.
Қазақ – мәдениетке де бай халық. Көршілер жалғыз жырымен мақтанып жатса, біздің ұлтымыз 12 эпосты тудырып, оны ауызша таратып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған.
Тарихшылардың кіріспе сөзінен кейін викторина ұйымдастырылып, мағыналы сауал қоя білген оқушыларға сый-кәделер табыс етілді. Мәселен, осы мектептің  11-сынып оқушысы Мүбәрәк Абдуллаһты ұлы жүздің ханы Жолбарыстың өмір жолы қызықтырады екен. Ал, Өміржан Ниязымбет аттары көп аталмайтын Мамай мен Бұйдаш хандар жайлы тереңірек білгісі келеді.  Бұл сұраққа жауап берген жас ғалым аталған екі ханның көпке мәлім болмауы олардың елді дұрыс билей алмауынан деп түсіндірді.  Екеуі де таққа талас кезінде қулықпен кездейсоқ хан болғандар. Олар ел билеудегі өз ерекшеліктерімен емес, көршілердің дегеніне бағынуымен тарихта қалып, «қуыршақ хан» атанған билеушілер.  Бұған Бұйдаш хан кезінде қазақтың батыс шекарасының біраз бөлігінен айырылып қалуы дәлел. Кейін Хақназар хан келіп, елді қайта нығайтты.
Кенесарыға қатысты тарихшылар бағасын білгісі келгендер де көп болды. Оның есімі тарих керуеніне қарсы жүзген батыр тұлға ретінде қалды. Кенесары патшалық Ресейде 12 сатылы биліктің ең төменгі сатысында тұрған қазақ шенеуніктерінің санатына қосылғысы келмеді. Көрші елдердегі бірқатар азаматтар ұлт-азаттық көтерілістерін тоқтатып, шен-шекпенге ие болып жатқанда, ол үш жүздің басын қайта біріктіру үшін 20 жыл тоқтаусыз соғысты, бар өмірін бодандыққа тап болған қазақты азат етуге арнады. Сондықтан, мұндай қаһарман перзентінің есімін ұлты ешқашан ұмытпайды.
Тарих деген сізден, менен, әрбірімізден басталады. Онда ұсақ-түйек деген болмайды. Қазақ хандығының болсын, қазақтың болсын, тарихында әрбір жердің ерекше маңызға ие екендігі белгілі.  Осы орайда, сөз алған қырық жыл еңбек өтілі бар ұстаз Қауа Әбілғалымова бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Оның негізгісі  бізде зерттелуі кемшін түсіп жатқан ауылдардың тарихына қатысты. Мәселен, аталған ауданда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске тікелей қатысы бар жерлер  бар. Салқынтау, Дөңгелек таулардың тарихы өз алдына бір бөлек әңгіме. Осының барлығы жан-жақты зерттелуі керек. Өзі тұрып жатқан мекеннің де айрықша мәнге ие орын екенін білгенде, оқушының елжандылық сезімінің  арта түсері хақ. Жастар туған өлкесімен мақтансын,  патриоттық рухта тәрбиеленсін десек, кешеуілдетпей, осы істі қолға алған жөн. Бүгінгі тарихшылар атқаруға тиіс тірлік – осы. Жазылып, хатталып-шотталып, зерттеліп, зерделенген шындықты айта бергеннен, ғалымдардың жаңа ізденістерге барғандары дұрыс. Бұл олардың өзіне де, сол өлкеге де пайдалы болар еді. Ендеше, биылғыдай тарих жылы осындай бір тыңнан түрен салар өзгерістерге жол ашуға, соған ізденушілерді жетелеп, жаңалықтар ашуға талпындыруы тиіс. Аспаз, фермер, құрылысшы, дәнекерлеушілерді даярлайтын Ақкөл агротехникалық колледжінде өткен кездесуде тарихшы-ғалымдар «Қазақ елі» дегеннің тек қазаққа ғана қатысты еместігін жеткізді. Бұл жерде ұлт атауы тұтас бір халық деген ұғымда қолданылып тұр.
Жер мен ел тарихына қатысты да айтылар мәселе көп. Біздің жеріміздің тарихы біздің заманымызға дейін 800 мың жыл бұрын      басталса, хандық тарихы ХV ғасырдан бастау алады. Әдетте, белгілі бір соғыс, қақтығыс нәтижесінде мемлекет пайда болып жатады. Бірақ, бізде олай емес. Қазақ хандығы бейбіт жолмен, бірнеше ұлыстардың бірігуі арқылы құрылған. Әлі күнге дейін еліміз сол ұстанымнан танған жоқ. Колледж оқушылары осы айтылғандардың бәрін мұқият тыңдады. Мұнда білім алатындардың басым бөлігі өзге ұлт өкілдері екендіктеріне қарамастан, олар Әнұранды айна-қатесіз, беріле шырқайды. Шара соңында осындай айрықша елжандылық үлгісін көрсеткендерге сыйлықтар таратылды.
Бұл кездесулерден кейін жастар «Менің елім – Мәңгілік ел!» деген ұранмен қала көшелерімен жүріп өтті. Араларында мектеп, колледж  оқушылары, жұмысшы жастар бар. Бәрі, бәрі еліміздің ертеңінің жарқын, болашағының баянды боларына сенімді. Себебі, сол келешекке апаратын, соған бастайтын өздерінің күш-жігер, ақыл-парасаттарының барын біледі. Барлығының да қайрат-жігері арнасынан асып-тасып тұрғандай. Отаны үшін отқа түсіп, жұдырықтай жүректерін жұлып беруге әзір. Мағжан сенген, «көздерінде от ойнар, жүздерінде жалын бар» жастар нағыз  осылар ма дерсің.
– Аға буын үміт артқан жастар ретінде біз өзімізге артылған жауапкершілік жүгін жақсы сезінеміз. Сондықтан да, әрбіріміз жақсы оқып, білім алуға, қалаған мамандығымызды меңгеруге, сол бойынша жұмыс істеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне кішкентай да болса, өз үлесімізді қосуға тырысамыз, – дейді өңір жастарының бас үйлестірушісі – аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәдина Құсайынова.
 Артынша аудандық мәдениет үйінде  ақкөлдіктерге өнер шеберлерінің концерті ұйымдастырылды. Мәдени шарада кезінде хандық тарихы жайлы мол мұра қалдырған Шоқан Уәлиханов, мемлекетіміздің Қазақ хандығы деп емес, оны басқарған билеушілердің атымен аталғандығын дәлелдеген Мұхаммеджан Тынышпаев, халқымыздың жүзге бөліну себептері мен сол жүздердің өзін жан-жақты зерттеген Санжар Асфендияров сынды біртуар тарихшылардың есімдері еске алынды. Сондай-ақ, аудандағы талай тарихи оқиғаларға куә болған жерлер де аталмай қалмады. Мәселен, Домбыралыда  Қозы Көрпештің домбырасы қалған деген аңыз бар. Бұл топырақта тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов те дүниеге келді.
Бұдан кейін көрермендер назарына жергілікті өнерпаздар дайындаған театрландырылған көрініс ұсынылды.  Әсіресе, дәстүрлі әнші Сәрсенбай Хасеновтың орындауындағы осы ауданнан шыққан жазушы-журналист Жайық Бектұров жайлы ақын-композитор Иран Тасқараның «Ақкөл елім» әнін жерлестері ерекше ықыласпен қабыл алды. Осылайша, қонақтарға риза болған ақкөлдік ағайын оларға ақжарма тілектерін айтып, шығарып салды.

 

 

iV.Шортандылықтардың шуақты шаттығы

 

Облыс орталығынан келген автокеруенді көру үшін Шортандының орталық алаңына да халық көп жиналды. Қонақтарды айрықша ілтипатпен қарсы алған аудан әкімі Гүлнұр Сәдуақасова жерлестері мен керуеншілер алдында сөз сөйледі.

 

Әкім батыр бабаларымыз құрып, найзаның ұшы, білектің күшімен қорғап қалған мемлекеттің бүгінде дамудың даңғыл жолына түскендігін атап өтті. Қазір біз әлемдегі экономикасы өркендеген үздік отыздықтың қатарынан ойып орын алудан үміттіміз. Оған жету үшін елімізде 2050-ші жылға дейінгі ұзақмерзімді даму стратегиясы жасалған. Мұның барлығы да мемлекетімізді одан әрі гүлдендіруге, оны келешегі кемел Мәңгілік ел етуге бағытталып отыр.
Білім беру ісінің ардагері Қаби Арыққара сал-серілер мекені болған Көкше жерінен осындай игі бастаманың қолға алынғандығының баршаға үлгі екендігін тілге тиек етіп,  керуеннің келісті, алға қойған мақсаттың жемісті болуын тіледі.
Раевка орта мектебінде бүгінде жүзден астам бала білім алуда, тағы 25 бүлдіршін оқу ордасы жанынан ашылған шағын орталықта тәрбиеленеді. Автокеруеншілерді шәкірттер ән-жырдан шашу шашып, ақсақалдар бата беріп қарсы алды.  Жиналғандарға арғы-бергі тарихымыздан сыр шертер бейнефильм көрсетіліп,  ғалымдар хандық тарихын әңгімелеп берді.
Қазақ жері – бір шетін түртіп қалсаң, тарихы сөйлей жөнелетін қасиетті мекен десек, біз арнайы ат басын бұрған Раевканың да өзіндік тарихы бар екен.  
–Ауыл бұрын Аралтөбе деп аталған. Бір бүйірінде – Дамса, ал, тағы бір тұсында – Колутон өзендері ағып жатады. Осындай айналасы су көздеріне толы атырап болғандықтан, оған «Аралтөбе» деген атау берілсе керек.  Ауыл көбіне қыстау ретінде қолданылған.  Қалай десек те, бұл жер өзіме ыстық. Осы кеңшарда мен өмір бойы инженер болып еңбек еттім, – дейді ауыл ақсақалы Тоқтарбек Жұмабеков. Жалпы, елге деген махаббат өзің туған ауылға деген сүйіспеншіліктен басталуы тиіс. Жастар мұның барлығын біліп өсулері керек.
Екі мыңға тарта тұрғыны бар Новокубанка ауылдық округінде болған керуеншілерді ауыл халқы ерекше сән-салтанатпен қарсы алды. Мұнда шашу шашылып, арнау айтылды, келгендер «Тарих әрдайым бізбен бірге» атты хандықтың 550 жылдығына арналған кітап көрмесі мен қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады.  Қонақтар «Новокубанка ауылының тарихы»  музейінде де болды. Бұл жерге 1934 жылы Кубаннан жер аударылғандар қоныстанып, елді мекеннің аты «Новокубанка» деп аталса керек. Облыс мектептеріндегі мұражайлардың үздік үштігіне кіретін музейде  ауыл құрылғаннан бергі тарихты бейнелейтін барлық деректер жинақталған. Майданға аттанған сарбаздар жайлы ақпаратты да, тың игерушілер туралы деректі де, қазіргі жетістіктерді баян етер мақтау қағаздарын да, бәрін-бәрін осы жерден таба аласыз. Новокубандықтар алдында сөз алған Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Талапкер Уәлиев автокеруенді ұймдастырудағы басты мақсат – тәуелсіз Қазақстанның Қазақ хандығының заңды мұрагері екендігін көрсету екендігін айтты.  Өз кезегінде ол хандықтың қалыптасу және кемелдену жолына қатысты нақты деректерді келтіріп, қойылған сауалдарға жауап берді.
–Ұлттың өткенін бейнелейтін  шежіре жиынтығын тарих дейміз. ХV ғасырдан басталатын хандық тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ. Онымен тек мақтануға тиіспіз, – дейді осы мектептегі тарих пәнінің мұғалімі Жанбота Темірхан.
Ол ұстаз ретінде өскелең буынның елжандылықты қалыптастыру бағытында білім ордасында  атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетті. Мұнда қазір түрлі әдіс-тәсілдер қолданылуда. Тарихи конференциялар, ашық сабақтар өткізіліп, сахналық қойылымдар жиі қойылып тұрады. Мұғалімдер оқушылардың  пәнге деген қызығушылығын арттыру мақсатында оны түрлендіріп, жаңа заманауи технологияларды кеңінен қолдану арқылы өткізуге тырысуда.  Жалпы, Қазақ хандығының тарихы, сол тұста ел билеген хандар  жетінші сыныпта кеңінен оқытылады. Бір айта кетерлігі – тарих пәні басқа сыныптарда аптасына екі рет болғанымен, бесінші сыныпта жұмасына бір сағаттан ғана. Ежелгі дәуірден ұлтымыздың қалыптасу тарихы дәл осы сәттен басталып берілетіндіктен, тарихшы ұстаз мұны  аздау ма деп ойлайды. Тақырыптар қысқа-қысқа, үстіртін болғандықтан, оқушылар кейде материалдарды толық меңгеріп үлгермей жатады екен. Соған қарамастан, оны шәкірттердің ұлтымыздың өткеніне деген көзқарасы, оны тереңірек білуге деген талпынысы қуантады.
 Бұдан кейін атаулы тарихи датаға орай, аудан орталығында Қазақ күресінен ел біріншілігі – «Қазақстан барысы» турнирінің аудандық іріктеу кезеңі болып өтті. Кешкілік шортандылықтар өңірге белгілі өнерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады. Осылайша, төрт ауданды аралаған автокеруен Шортандыда алғашқы бағыт бойынша сапарын аяқтап, облыс орталығына оралды. Біз маңызды шараны ұйымдастыру барысында алға қойылған мақсаттар мен қол жеткізілген нәтижелер жөнінде білмек болып, философия ғылымдарының докторы, «Шоқан жолдары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, автокеруен жетекшісі Раушан Көшенованы сөзге тартқан едік.
– Қазақ хандығының 550 жылдығы – бұл жалпыхалықтық мереке. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған шараның Мәңгілік ел идеясымен байланысты болуы да сондықтан, – дейді ғалым бұл орайда. – Біздің бай тарихымыз шағын тарихшылар аудиториясындағы әңгімемен, ғылыми конференциялармен шектелмеуі керек. Оның жалпы халыққа түсінікті болғаны абзал. Сол жолдағы бір тәсіл – осы автокеруенді ұйымдастыру. Біз мұнда саяси ұпай жинау үшін емес, елмен етене араласу, білгенімізді соларға жеткізу үшін жүрміз.
Шараның Көкшедегі Абылай ескерткіші маңынан басталып, Бурабайдағы Абылай хан алаңында аяқталуы тегіннен-тегін емес. Ол үш жүздің басын дәл осы мекенде қосты. Бұрын бізге қатыгез хан ретінде оқытылғанымен, шын мәніндегі Абылай мұраты – ұлтты тұтастыру болған. Халқы өзгеге бодан болмас үшін хан көпвекторлы саясатты ұстанып, көршілермен татулықты сақтай білді.
Қорыта айтар болсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту – бұл тарихи ғана емес, мәдени, адамгершілік, моральдық мәселе. Әсіресе, шалғай ауылдардағы бұқараның осы автокеруен сияқты ауқымды мәдени оқиғаны асыға күткендігін олардың сол кездесулерде білдірген ықылас-ниетінен бірден байқауға болады. Бір қуантарлығы – рух керуеніне деген жергілікті басшылардың көзқарасы дұрыс. Әкімдерінен бастап қай-қайсысы болмасын, осы істің басы-қасында жүр. Бұл да бір тарихқа деген шексіз құрмет белгісіндей.
Осы мақсатта алда  екінші кезең бойынша Степногорск қаласы мен Ерейментау, Аршалы аудандарына осындай тарихи саяхаттар жасау ойда бар. Жалпы, бес бағыт бойынша облыстың барлық аудандарын қамтитын бұл керуен сапары 30 тамызға дейін жалғасатын болады. Көкшетаудағы үш жүздің басын қосқан Абылай хан ескерткішінен аймақтарға аттанған автокеруеннің соңғы нүктесі – Бурабайдағы Абылай хан алаңы болмақшы.
Ендеше, Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты айтулы тарихи датамен орайластырылып өткізіліп отырған бұл шараның көздеген мақсатына жете беруіне біз де тілектеспіз!

Көкшетау – Еңбекшілдер – Бұланды – Ақкөл – Шортанды – Көкшетау.

 

 

Қазақ хандығының 550 жылдығы  – дау-талассыз өтуге тиіс шара.  Ол әсіресе, кейінгі буынға керек. Мектеп қабырғасында тарих пәні оқылады. Балалардың бойында  белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырып, оларды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу жолында аянып қалып жатқан жоқпыз. Бұл мәселе сынып сағаттарында,  линейкалар мен түрлі тақырыптарда ұйымдастырылар шараларда да айтылады.
Дегенмен, мұндай ауқымды шараның, керуен құрамындағы кәсіби тарихшылар мен танымал әртістерді бір көрудің, олармен бір кездесудің өзі – жастардың жадында мәңгіге сақталып қалады. Себебі, жас ерекшеліктеріне байланысты оларға жаңа, тың дүние қашанда қызық.

Қарлығаш ТӘШІМОВА,
Макинск мектеп-
гимназиясының директоры.

 

 

Қазақ хандығының 550 жылдығы сияқты үлкен тарихи оқиғамен байланыстырылып өткізіліп отырған бұл автокеруеннің  ауқымы кең, мағынасы терең, көтерер жүгі ауыр.
Өткенге – құрмет, болашаққа – сенімді қалыптастырар осындай патриоттық шараның қатысушысы болғаныма қуаныштымын.  Керуенмен келген талай ел азаматы, тарихшылар мен мәдениет қайраткерлері елді мекендерді аралап, қаншама халықпен кездесіп жатыр.  
Өзім өнер адамы болғандықтан, бір байқағаным – елдегі халықтың өнерге деген көзқарасы керемет. Дәстүрлі әндер – ол да халыққа тарихты жеткізудің бір жолы.  Мені осыны түйсінер тыңдарманның бары қуантады.
Ғазиза ЖҰМЕКЕНОВА,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі.

 

 

«Менің елім – мәңгілік ел!» деген автокеруен атауының өзі жастарға қаратыла айтылып тұрғандай. Расында да, қазақ елінің тарихы терең, бүгіні – берекелі, келешегі – кемел. Осы елдің үміт артар ертеңі ретінде біз өзімізге артылған жауапкершілік жүгін жақсы сезінеміз деп ойлаймын. Қай дәуірде, қай халық болмасын, өз келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырған. Бізге де осындай зор сенім артылып отыр. Сондықтан да, осы сенімді ақтауға тырысамыз.  
Мәдина ҚҰСАЙЫНОВА,
Ақкөл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар