Облыс әкімі Сергей Кулагин Ресей қаржы-өндірістік қауымдастығынан келген халықаралық бақылаушыларды қабылдады.
Олардың қатарында Ресейдегі жаратылыстану ғылымдары академиясының президенті Олег Кузнецов, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы ұлттық қауіпсіздік факультетінің деканы Сергей Смульский және ЕАЭО-тың интеграциялық мәселелер жөніндегі институты директорының орынбасары Николай Гаранькин бар.
Кездесу барысында өңір басшысы қонақтарды аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуымен және сайлауға дайындық барысында атқарылып жатқан шаралармен таныстырды.
Облыс әкімі Президент сайлауының аса маңызды саяси шара болатындығын тілге тиек етіп, тиісінше дайындықтың да 100 пайыздық деңгейде екендігін жеткізді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан сайлау учаскелерін үзіліссіз байланыспен, электр қуаты және сумен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытында барлық тиісті шаралар қолға алынған.
Бақылаушылар өз кезегінде қонақжайлық танытқан біздің тарапқа алғыстарын жеткізіп, өңір мен тұтастай еліміздің бұдан да гүлдене беруіне тілектестіктерін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.