Облыстық орыс драма театры жанынан бүлдіршіндерге арналған «Киндер-театр» «Топ-топыч» атты қуыршақ теат-ры ашылды.
Қуыршақ театрының салтанатты ашылу рәсіміне облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева қатысып, театр жұмысына сәттілік тіледі. Бұл шараға кішкентай бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары да қатысты. Халықаралық деңгейдегі Монтессори бағдарламасының аясында жұмысын бастаған қуыршақ театры 40 баланы қабылдауға мүмкіндігі бар. Күн сайын кішкентай көрермендер театрға келіп, қызықты қойылымдарды тамашалай алады. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Балалар уақытты қызықты өткізе алады әрі әрбір актер баламен жеке жұмыс істейді.
Түрлі-түсті етіп безендірілген қуыршақ театры сәби түгілі үлкен адамды да өзіне баурап алады. Орталықта балалар дәрігері мен психолог жұмыс істеуде. Тағы бір айта кетерлігі «Киндер-театр» «Топ-топыч» атты қуыршақ театры еліміздегі тұңғыш балалардың экспериментальды орталығы болып саналады. Ал, «Киндер-театр» жобасының авторы ретінде орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереевтің есімін ерекше айтып өтуге болады. Бұл ұжым Омбыдағы қуыршақ театрының үлгісі бойынша жұмыс істеуде.
Өнер ұжымының талабы да таудай. Алдағы уақытта Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясымен әріптестік байланыс орнатып, актер мамандығы бойынша оқып бітірген түлектерді жұмысқа тарту ойларында бар.
Шара соңында кішкентай көрермендерге қуыршақ театрының ұжымы «Как лиса гусенка Гошу утащила» ертегісін қойып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты