Кеше облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде кезектен тыс Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының алдын ала қорытындылары шығарылды.
Алдымен, өңір басшысы жиналғандарға облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Гүлнәр Құлышевны таныстырды. Бұдан кейін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділхан
Шаяхметов Қазақстан Республикасы Президенті сайлауының алдын ала қорытындылары жөнінде хабарлама жасады.
Облыс бойынша 828 сайлау комиссиясы жұмыс істеп, дауыс берген сайлаушылар саны 96,91 пайызды құраған. Сайлаудың алдын ала шығарылған қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар Ә.Қ.Құсайынов үшін сайлаушылардың 0,10 пайызы, Н.Ә.Назарбаев үшін сайлаушылардың 98,42 пайызы, Т.Ы.Сыздықов үшін сайлаушылардың 1,48 пайызы дауыс берген.
Өңір басшысы сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасаған облыс тұрғындарына алғысын білдіріп, халықаралық бақылаушылардың сайлауға оң баға бергенін атап өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.