«Ақмола Медиа Орталығында» әлемдік деңгейде еліміздің жалауын желбіретіп, байрақты бәсекелерде топ жарған ақмолалық спортшылармен кездесу ұйымдастырылды.
Кездесуге облыстың аға жаттықтырушысы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Илья Ильин, грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дмитрий Шубаба, қыздар арасында ауыр атлетикадан әлем чемпионы Татьяна Капустина, қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері Роза Искаренова және ауыр атлетика, сондай-ақ, бокс-тан халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, жаттықтырушылар Дмит-рий Чурсин мен Мереке Жүсіпов қатысты. Сондай-ақ, жастар да ақмолалық спортшылармен кездесуге келді.
Отырыста Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко сөз алып, біздің елімізде Елбасының қолдауымен спорт саласына айрықша көңіл бөлініп отырғанын ерекше екпін түсіре айтты.
Армрестлингтен Азияның сегіз дүркін чемпионы Илья Ильин де өз ойымен бөлісті. Ол Түркияда өткен чемпионатқа қатысып, алтын және күміс жүлдегер атанды. Ал, бокс-тан халықаралық деңгейдегі спорт шебері, қоян-қолтық ұрыс бойынша Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мереке Жүсіпов әрбір спортшы үшін жеңіс тұғырынан көріну оңай олжа еместігін жеткізді. Сондай-ақ, Мәскеуде өткен қоян-қолтық ұрыс бойынша әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанған Роза Искаренова үздіксіз дайындық пен күш-қайраттың, батылдықтың арқасында жеңіс тұғырынан көрінгенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында жастар спорт саңлақтарымен пікір алмасып, естелік суретке түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.