Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ерліктің рухы өшпейді» - АРҚА АЖАРЫ

«Ерліктің рухы өшпейді»

 Ақмола облыстық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері ұйымының төрағасы Дуанбай Ыбырай:

  Бейбіт күнде оқ атылып, қарапайым адамдардың шырқын бұзған Ауған жеріндегі қан құйлы соғыс дүрмегі қаншама жанның жүрегін жаралады.  Сол сұм соғыстың өрті тұмшаланып, ошағының сөнгеніне де ширек ғасыр уақыт өтті. Бірақ, сол саясат арпалысының аранын ашқан қиын-қыстау күндерді көзімен көрген жандардың жан жарасы жазылды ма? Бүгінгі әңгіме де осы арнада өрбиді. Ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық ұйымын басқарып отырған Дуанбай Ыбыраймен болған сұхбат та осы жайлар туралы ойларды ортаға салады.

 – Дуанбай Кәзібайұлы, әңгіме басын сол соғысты көрген  интернационалист жауынгер ретінде бастан кешкендеріңіз жайлы өмір өткелдерінен бастасақ. Жастықтың жалынымен жоғарының бұйрығын орындап барғандарыңыз анық. Жас сарбаздың бірі болып, қайнаған оттың ортасына түстіңіз. Алғашқы алған әсеріңіз қандай болды?
– Өз әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер. Бала күнімізде естеліктерін айтып отырғанда жаумен соғысып, елді қорғау қастерлі іс екенін ұғындық.  Ол 1940 жылы кетіп, соғыс біткесін бір жылдан кейін үйге оралды. Бірнеше орден-медальдармен марапатталып, ерліктің өшпес ізін қалдырғанын да мақтан ететінбіз. Әкеміз ауылдағы қарапайым шаруа болса да, өмірден түйгені мол еді.  Бала да әкеге қарап өседі ғой. Мен сол адам сияқты батыр болғым келгені анық еді.
Тағдыр да менің сол жан дүниемдегі мақсатымды сырт айналып кетпепті. Алғаш әскерге алынғанда, өмір мен өлім белдескен Ауған жеріне түсемін деп ойлаппын ба?! Әуе десанты әскери бөліміне түсіп,  Польшада жауынгерлік міндетімді бастаған едім. Бұл 1978 жылдың күзі болатын. Бір күні бізді әскери дабылмен көтеріп, алдымен Германияның Фолькенберг қаласына, кейін Ташкентке ұшақпен алып келді. Осылай Термез қаласы арқылы тікұшақтармен Ауғанстанның Құндыз қаласына бірақ түстік. Әскери әуежайға орналастық. Соғыс жайлы ештеңе білмейміз. Қашан генерал Пашков деген армия командашысы бар жайды ортаға салғанда ғана алда қиын күндер күтіп тұрғанын сездік. Бірақ, жастық қой, жау кезіксе, барлығын ойран-асыр ететін адамдардай күйде болдық.
Біз тұрған жер де жан-жағы тау қоршаған құзды жартастар еді. Табиғатқа да тамсанып,  беттерін пәренжемен жапқан жергілікті мұсылмандарға таңдана қараймыз.
 – Соғыстың қасіретін оның теперішін көрген ғана сезеді ғой.  Алғашқы қорқынышты қай кезде бастан өткердіңіздер?
– Әуежайдың жертөлесіне орналасқан едік, түннің бір уағында жарылыс басталды да кетті. Ұйқыдан шошып ояндық. Барлығы сыртқа ұмтылуда. Мен де көппен бірге сыртқа шықтым. Сол кезде мен соғыстың алғашқы қанды елестерін көрдім. Бар өмірім де көз алдымнан елең-алаңда өтіп жатты. Пендеміз ғой, алғаш рет қорқыныштың арпалысына түстім. Таң атуға бірер сағат қалған.  Жан түршігерлік атыстан көңіліміз шайлығып, уақыт та бір орнында тоқтап қалғандай болды.
Таң да атты-ау, әйтеуір. Түнгі жау шабуылынан ондаған жауынгерлер мерт болған екен. Бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ, жарты денесін парша-парша еткен сарбаздарды өлі денелері  бізді басқа адамға, басқа кейіпке өзгертті.
Шыны керек, мұндайда тамақ та батпайды екен. Өзіміз көрмеген жауды жермен-жексен етеміз деп алып ұшқан біздер түнгі осы оқиғадан кейін пікірімізді күрт өзгерттік. Бұл жаумен бетпе-бет келіп, кімнің рухы мықты, кімнің қаруы сайлы болса, солар жеңетін соғыс емес екен ғой. Жауды күндіз көрмейсің, ал, түн енісімен жаудың тасада тұрып, оқ атқанын көресің. Тіпті, қаншама достарымыз түнде темекі шегемін деп шырпы тұтатқанда жау мергендерінің оғына ұшты.
Менің бір ұққаным, соғыста атылған оқ аналардың жүрегіне тиеді екен. Қаншама аналар балаларынан айрылды. Қасірет деген осы. Сондықтан, бейбіт күнде соғыс өрті тұтанбаса екен деп тілейміз.
– Өзіңіз сол қанды қасап күндерді көріп, аман-есен елге оралдыңыз. Бүгінде сол соғыстан оралған жауынгерлердің мүддесін қорғап, «жарғақ құлағыңыз жастыққа» тимей жүр. Ерліктің   рухы өшпейтін өнегелі жолдың  қазіргі жастарға берер тағылымы қандай деп ойлайсыз?
–Мен кешегі күндері Ауған жеріндегі соғысқа аттанып, елге оралмаған қарулас достарымызды да әркез есте ұстау керектігін насихаттап жүрмін. Біздің облыстан барлығы 1113 адам барса, оның 915-сі ғана елге қайтып оралды. Алпыстан астам жауынгер мерт болса, 3-еуі хабарсыз кетті. Ең ауыры да осы ғой. Кім өзінің бауыр еті – баласын жамандыққа қисын. Бейбіт күнде баласынан айрылу – ана үшін ең ауыр қасірет.
Біздің ұйым көзі тірі интернационалист жауынгерлердің мұңы мен мұқтажын шешуге тырысады. Хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздестірумен де айналысамыз. Республикалық ұйымның қолға алуымен бұрнағы жылы бір жерлесіміз табылды. Оны сол соғыс жылдарында қарсы жақтың әскери бөлімін басқарған бір адам тауып берді. Щучинскілік Алексей Зуевтің ерлікпен қаза тапқанын айтты ол. Сөйтіп, оның қабірінен топырақ әкеп, туған жеріне жерлеу рәсімі өтті.
Жалпы, бүгінде ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерін әлеуметтік қорғау да маңызды болып табылады. Әлі күнге дейін олардың мәртебесі анықталған жоқ. Дегенмен, мемлекет тарапынан қамқорлық жасалады. Қазіргі деректерге қарағанда, біздің  47 ардагеріміз үйсіз-күйсіз өмір сүріп жатыр. Әрине, қазір үй алу деген оңай емес екенін де білеміз. Бірақ, олар сыз жерге шинелдерін төсеп, зат салғыш дорбасын басына жастанып жатқанда ел деген ұғымды бәрінен биік қойды. Бүгінде біреулер олар саясаттың құрбаны, не үшін, кім үшін соғысты дер. Әйтсе де, үкіметтің шешімі солай болса, оған сол соғыста от кешкен бауырларымыз кінәлі емес қой.
–Меніңше, ауған соғысы ардагерлері өздерінің жауынгерлік рухтарымен  кейінгі ұрпаққа да үлгі-өнеге болады. Қазіргі жастарды отансүйгіштік қасиетке баулу бағытында интер-
националист жауынгерлердің өнегелі істерін де пайдаланған жөн. Сіз бұған не дер едіңіз?
–Ерлердің өнегелі істерін үлгі тұту – біздің атадан балаға жалғасқан тағылымды жолы дер едім. Ал, қазақ елі азаттық алып, көк байрағын асқақтатып отырғанда, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру біздің де басты парызымыз болмақ.
Жақында Халық Қаһарманы,  генерал Бақытжан Ертаев Ақмола жерінде болып, жастардың әскери-патриоттық орталықтарын ашуға атсалысты. Ол облыстағы патриоттық әскери мектеп жанында осындай жаңа құрылымдар құру арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге болатынын баса айтқан еді.
Қазір біздің осындай орталықтарымыз арқылы әскерге шақырылатын жастарды және «қиын» балаларды әртүрлі әскери оқу орындарына апарып таныстыру жұмыстары жүргізілді. Олар қару-жарақ түрлерімен танысып, әскери өмірдің көріністеріне қанық болды. Осындай балалардың дені әскери оқу орындарын таңдауға да ықпал етеді. Өйткені, ел қорғау әркімнің ортақ міндеті. Сондықтан, біз ауған соғысы ардагерлері бұл іске белсене атсалысамыз.
Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл толады. Жақында осы шара және кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 26 жыл толуына орай арнайы іс-шаралар өтті. Онда Ұлы Отан соғысы және ауған соғысы ардагерлері жастармен кездесіп, ерлік сабақтарын өткізді. Мен осы орайда мұндай шаралардың өтуіне облыстық әкімдік пен облыстық ішкі саясат басқармасының қолдау білдіретінін де баса айтқым келеді.
Міне, біздің облыстық ұйымның атқарар міндеттерінің бірі осы. Өйткені, тәуелсіз елдің тұғырын биіктету үшін ең алдымен жастардың бойында отансүйгіштік сезім асқақ тұруы керек. Ал, оған біздің ардагерлеріміз де өзінің сүбелі үлестерін қосатын болады.

Сұхбатты жүргізген  
Бақыт СМАҒҰЛ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар