Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еліміз ерлерін еске алған қасиетті күн - АРҚА АЖАРЫ

Еліміз ерлерін еске алған қасиетті күн

Облыс әкімі Сергей Кулагин облыс орталығында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік шараларға қатысып, сөз сөйлеп, майдангерлерге ақжарма тілегін жеткізді, әр отбасында бейбітшілік пен береке-бірліктің мәңгі тұрақтауына ізгі ниетін   білдіріп, елімізге баянды бейбітшілік тіледі. 

Тәуелсіздік алаңы бұл күні ерекше бір қуаныштың шырайлы шаттығымен тоғысып жатқандай көрінеді. Ұлы Жеңіс деген осы бір ауыз сөздің қаншама жүректерге жылылық әкелгенін білсеңіз ғой. Басқыншы жау бейбіт елге баса көктеп келгенде қаншама адамның зардап шеккені тарихтың тереңіне кетті. Жап-жас жігіттер мен қыздардың қолдарына қару алып, елін қорғауға аттанғаны қандай қиын еді. Бұл соғыс ананы жесір, баланы жетім етті. Жаудың тегеурініне шыдай алмай, қауқарсыз күй кешкен кеңес елінің батыстағы республикаларынан қаншама босқындар қазақ жеріне ат басын бұрды.
Ұлы Жеңіс қазақ халқы үшін де ерекше қастерлі. Соғыстың дүрмегі біздің елдің аумағында болмаса да, адамзатқа қасірет әкелген алапат қырғынға халқымыз да өзінің сүбелі үлесін қосты. Сол жылдары миллиондаған отандастарымыз қолдарына қару алып, соғысқа аттанса, тылдағы адамдар өздерінің ерен еңбектерімен Ұлы Жеңістің жақындауына адал тер төкті.  
Ақмолалық жұртшылық бұл ұлы мерекені ыстық ыждаһатпен қарсы алды. Ұлы Жеңіс мерекесін бір кісідей бар сән-салтанатымен атап өтті. Қаланың орталық көшелерінде отансүйгіштік пен бейбітшіліктің белгісіне айналған  тоғызыншы мамыр күнін тойлатқан халықтың қарасы көп болды. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бәрі-бәрі осында. Бірі қан майданда ерлік көрсеткен батыр бабаларының фотосуреттерін қолдарына ұстап, «Мәңгілік полк» акциясына белсене араласса, енді бірі орталық саябақта жауынгерлердің майдан шебіндегі өмірінен сыр шертетін театрландырылған көріністерді жұртшылық назарына ұсынып жатты. Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының белсенділігін ерекше атап өткеніміз жөн.
Ал, Тәуелсіздік алаңында кейінгі ұрпақ өкілдері майдангерлерге деген шынайы алғыстарын әсем ән мен мың бұралған  билері арқылы жеткізді. Бұл жерде де театрландырылған көріністер өзінің шынайылығымен жұртшылықты баурап алды. Әскери киімдермен жасанған қыз-жігіттердің, мектеп оқушыларының билеріне қарап отырып, соғысқа кеткен ата-бабаларымыздың өмірін көз алдымызға бір сәт елестеткендей болдық. Бейбіт жатқан елге қара бұлт боп төніп, қырғын соғыстың алапатын әкелген күн де әсерлі көріністің өзегі болды. Мектепті енді ғана бітіріп, өмірге қанат қаққан жас өрім қыз-жігіттер соғыс дүбірін естіп, қолдарына қару алып, ел қорғауға аттанғаны да орталық алаңда әуелеген ән мен би арқылы бейнеленді. Соғыс жылдарындағы қиындықтар, ұрыс алаңдарындағы өмір мен өлім белдескен сәттер де әр қырынан паш етілді. Адамзат күткен Ұлы Жеңіс күні де қуаныштың ыстық жасы болып төгілді.
Міне, азаттық алған қазақ жұрты да кешегі тарихқа осылай тағзым ете қарайды. Бір Отан, бір халық болған кеңес дәуірінің көріністері сағым болып артта қалса да, адамдарды ұлылыққа жетелеген Жеңіс мерекесі ешқашан ескірмейді.
Мұның бәрін көппен бірге облыс әкімі Сергей Кулагин де тамашалап, жиналған қауым алдында сөз сөйледі. 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа әлемнің тең жартысынан астамы қатысып, біздің еліміздің майданға қару-жарақ, азық-түлік жеткізуші ең ірі күшке айналғанын, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигелдинов, Сағадат Нұрмағамбетов сынды жерлес батырларымыздың есімдерін де өңір басшысы өз сөзінде тебірене еске алды.    
– Осыдан 70 жыл бұрын кеңес халқы адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа жеңіс нүктесін қойды. Жыл өткен сайын еліміз үшін бұл күннің маңыздылығы арта түсуде. Жеңіс күні – барлық қазақстандықтардың басын біріктіріп, бейбітшілік пен татулыққа, үлкенге құрмет көрсетуге үндейтін бүкілхалықтық мереке. Әрине, осынау қуанышты сәт халқымызға оңай жолмен келген жоқ. Миллиондаған жауынгерлер от пен оқтан көз жұмды, қаншама қалалар мен елді мекендер өртке оранды.
Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, сіздердің қайтпас қайсарлықтарыңыздың арқасында бүгінгі таңда біз тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Осынау бақуатты, тату-тәтті ғұмырымыз үшін алдарыңызда бас иеміз, – деді өңір басшысы бұл сөзін қарт майдангерлерге қарата айтып. Сондай-ақ, жиналған қауымға да ізгі тілектерін жеткізіп, мерекелерімен құттықтады. Онан әрі облыс әкімі бастаған делегация үрлемелі аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Даңқ аллеясы арқылы жүріп өтіп, «Мәңгілік алау» ескерткішіне қарай беттеді. Облыс әкімі Сергей Кулагиннің және облыстық мекемелер мен ұжымдардың атынан гүл дестелері Жеңіс жауынгерінің ескерткішіне қойылды. Бұл тас мүсін ескерткіш ерліктің асқақ екенін айшықтап тұр. Сұрапыл соғыстан оралмаған ерлерге де тағзым ету бүгінгі ұрпағының парызы іспеттес. Өйткені, олар біздің жарқын болашағымыз үшін жандарын аямай ерліктер жасады. Қасық қандары қалғанша сұм жаумен соғысып, денелері ұрыс далаларында қалды. Ерлер есімі ешқашан ұмытылмайды, бұл да сол Ұлы Жеңісті тойлау арқылы боздақтарға құрмет көрсетудің бір айшықты оқиғасы.
Иә, әлгі бір әнде де айтылатындай,  Жеңіс күні адамдардың көз жасымен талай жүректерді сағындырып жеткен қасиетті күн. Мереке келді деп бірде қуаныштан басымыз айналса, енді бірде Отан үшін  шайқаста жандарын пида еткен азаматтарды еске алып, көзімізге еріксіз жас келеді. «Мәңгілік алау» ескерткішінің маңына жиналған жұртшылық та  соғыста жазықсыз опат болған сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, түрлі мекемелердің ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімін ерекше тебіреніспен тамашалады.
Кешкілік мерекелік шараларға да халықтың көп жиналғаны сонша Тәуелсіздік алаңында ине шаншар жер қалмады. «Екі жұлдыз» шоу-бағдарламасы мен «Нұр сәт» әскери-эстрада оркестрінің орындауындағы патриоттық әндерді де көрермен ұйып тыңдады. Осылайша Ұлы Жеңістің 70 жылдық меретойына арналған игі шара мерекелік от-шашумен өз мәресіне жетті. Үйлеріне аса бір толғаныспен, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасқан көпшілік қауым аталмыш күнді мәңгі есте сақтайтыны анық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар