Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 9 мамыр күні Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парадта болды.
Сондай-ақ, Белгісіз солдат зиратына гүл қою рәсіміне қатысты. Мәскеудегі мерейтойлық парадқа 16 мыңнан астам әскери қызметші, 194 құрлықтық әскери техника, 143 ұшақ және тікұшақ қатысты.
Қызыл алаңнан Ұлы Отан соғысындағы әскерилердің формасын киген тарихи жауынгерлік есептоптар сап түзеп жүріп өтті.
Парад барысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қарулы күштері мен басқа да бірқатар шет елдерден он есептоп салтанатты шеру тартты. Біздің елімізден парадқа Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің әскери институтының курсанттары қатысты.
Қызыл алаңдағы Жеңіс парадына 2 300-ден астам адам, соның ішінде таяу және алыс шет-елдерден ардагерлер шақырылды. Мәскеудегі салтанатты іс-шараларға 30-ға жуық шетелдің мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир
Путинмен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев пен
Владимир Путин екіжақты өзара ықпалдастықтың, соның ішінде сауда-экономика, отын-энергетика, ғарыш салалары мен мәдени-гуманитарлық саладағы кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Ресей Президенттері өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді де қарастырды. Сондай-ақ, В.Путин интеграциялық үдерістер саласындағы бастамалары үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан Президенті болып сайланғаннан кейін шетелге алғашқы ресми сапармен шығып отырғанын айтты.
* * *
Елбасы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оны әрі қарай жандандыру мүмкіндіктері, сондай-ақ, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.