Көне суреттің алдыңғы қатарындағы сол жақ шетінде кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін таққан, Алматы НКВД мектебінің курсанты Шамшолла Бекмағанбетов кескінделген.
Шамшолла Бекмағанбетұлы 1923 жылы Көкше өңірінде туып, 1950 жылы Алматыда өмірден өтті. Төрт жыл қан майданда соғысып елге оралғанда небары 26 жаста еді. Ұлы Отан соғысы кезінде ол барлаушы болды. Шамшолла ағамыз менің әкем Рахмет Дүйсенбаевтың кіші інісі. 1900 жылдардың басында ғұмыр кешкен Бекмағанбет атамызды халық от ауызды, орақ тілді шешендігіне орай Беген би деп атаған екен. Беген би заманында алты Алаштың ардағы Балуан Шолақпен үзеңгі қағыстырып, жолдас болған. Кейін саяси қуғын-сүргін нәубетіне ұшыраған. Үрей үңіліп қарайтын заманның салдарынан ағайынды адамдардың тегі әрқилы жазылып кеткен.
Біз марқұмның жерленген жерін Алматының орталық зиратынан 1970 жылдан 1980 жылға дейін іздедік. Өкінішке орай, таба алмадық. Ендігі бір сауал осы көне суретте кескіндері бейнеленген курсанттар кімдер екен? Кім біледі, ағамызды танитын адамдар табылып, редакцияға хабарласып қалар. Әйтеуір, үміт үзгіміз келмейді.