Ақмол ауылында екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов пен Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың мүсіндері орнатылды
Ұлы Отан соғысы жылдарында Ақмола қаласында жасақталған атқыштар дивизиясының Жеңісті жақындата түсуге қосқан үлесі қомақты екендігі тарихтан белгілі. Жалпы, сұрапыл соғыс кезінде ақмолалық жауынгерлердің ерліктің үлгісін көрсеткендігі де ақиқат. Солардың арасында Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған даңқты ұшқыш Талғат Бигелдинов пен Рейхстагқа жеңіс туын бірінші болып тіккен Қазақстанның Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың аттары ерекше аталады.
Ерліктері аңыз болып тараған қос қаһарманды қалай мадақтасақ та орынды екендігі ақиқат. Өкінішке орай, осы уақытқа дейін елімізде екі батырға да ескерткіш орнатылған жоқ. Рас, олардың аттарында көшелер бар. Сондай-ақ, Бішкек қаласы мен облыс орталығы Көкшетау қаласында Талғат Бигелдиновке көзі тірісінде орнатылған мүсін де бар. Дегенмен, қос батырға Астананың төрінен ескерткіш орнатылса да артық болмас еді.
Ұлы Жеңіс мерекесі күні Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында қос батырдың мүсіндері орнатылып, бұл олқылықтың орны толды. Жалпы, Целиноград ауданы басшылары мен тұрғындарының Жеңіс мерекесіне деген ерекше ілтипатын байқадық. Оның айғағы ретінде орталық алаңға жиналған халықтың көптігі мен мереке бағдарламасының өте мазмұнды болғандығын айтуға болады.
Қос батырдың мүсіндерінің ашылу салтанатында сөз алған Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров Отан соғысы жылдарында ерліктің үлгісін көрсеткен Ақмола, Көкшетау өңірі жауынгерлері туралы айта келіп, Талғат Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаевтың өшпес ерліктеріне ерекше тоқталды. Сондай-ақ, мерекеге арнайы келген Талғат Бигелдиновтың баласы Талғат Талғатұлы Бигелдинов пен Рақымжан Қошқарбаевтың апасы Рымжан Мұсабекқызы Қошқарбаева да батыр ұлдарын ұлықтап отырған жұртшылыққа, облыс, аудан басшыларына алғыстарын жеткізді.
Ақмол ауылында орнатылған бұл мүсіндер, сондай-ақ, арнайы орнатылған ескерткіш қабырға сол сұрапыл жылдарда ерліктің үлгісін паш еткен батыр бабаларға бас иіп, олардың ерліктерін мәңгі есте сақтаудың бір кепілі болатындығы ақиқат. Ақмол ауылында өткен мерекенің соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.
Целиноград ауданы.