Облыс әкімі Сергей Кулагин «АӨК Бавария Продукт» серіктестігі ағылшын инвестициялық компаниясының өкілі, жоба жетекшісі Вильям Вебстер бастаған ағылшындық инвесторларды қабылдап, өңірде шошқа кешенін салу жобасын талқылады.
Ықыласты жағдайда өткен бұл қабылдауда облыс әкімі мәртебелі меймандардың өңірге келу мақсатын мұқият тыңдады. Қонақтардың сөзіне қарағанда, олар Астрахан ауданында жылына 240 мың бас шошқа өсіретін кешен салуға ниеттеніп отырған көрінеді.
Нысан пайдалануға берілген кезде 370 тұрақты жұмыс орны ашылмақшы. Сондай-ақ, мұндағы мамандарды Германия, Англия және Голландия елдеріндегі осындай кәсіпорындарға жіберіп, білімдерін жетілдіріп, тәжірибелерін ұштау да қарастырылған. Ет комбинатының қуаты жылына 240 мың бас мал союға есептелінген және бір жылда 21 мың тонна дайын өнім өндіруге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Шетелдіктердің ұсынысына құлақ түрген облыс әкімі өз кезегінде бұл жоба жан-жақты қаралатындығын алға тартты.