Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғасырдан да ұзақ ғұмыр - АРҚА АЖАРЫ

Ғасырдан да ұзақ ғұмыр

Көкшетау қаласының шетіндегі Бірлік ауылында 105 жастағы әжейдің тұрып жатқаны туралы естігенде қуанып қалдық. Біріншіден, халқымыздың әзіз аналарының ішінде ғасырдан да асырып ғұмыр кешетіндерінің кездескені болса, екіншіден, жазу өнерін жаңа бастап келе жатқан біз үшін таптырмас тақырып.

Ендігісі ұзақ-ұзақ ғұмыр кешкен, жарық дүниеге он перзент әкеліп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған әженің тіршілігін, басынан кешкен әр алуан оқиғаны, тағдыр соқпағын, замана тынысын оқырманға қызғылықты етіп баяндау.
Осы мақсатпен Новоселов көшесіндегі 34-інші үйдің есігін қақтық. Бірден қазақы қоңыр тірлікке, босағаға байланған береке мен сүттей ұйыған бірліктің нақ ортасына топ ете түстік. Одан арысы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Айыртау ауданының Құмтөккен ауылында 1910 жылы өмірге келген Мәну әжей Ахметовамен сыр-сұхбат. Әжейдің үзік-үзік әңгімелерінен жадымызға тұтқанымыз мынау. Балалық шақ анық, айқын есте қалмапты. Есте қалғаны тағдырдың тәлкегі. Сұрапыл соғыс жылдары. «ХТЗ» маркалы трактордың тіркеушісі болып жер жыртқаны. Күні бүгінге дейін жадында жатталып қалған көріксіз суреттер көлбеңдегенде онсыз да аппақ қудай шашы одан сайын ағаратындай. Адам баласы қиындықтың бәріне төзіп, еңсесін басқан салмақтың бәріне шыдай береді екен ғой.
Әжіммен торланған мынау жіңішке, әлсіз білектер бір кезде тусыраған даланы ту-талақай етіп жыртқан еңбек майданының алдыңғы шебінде зілмауыр салмақты көтерді деп кім айтар. Бірақ, көтергендігі анық. Жалғыз жұмыс қана емес, сол жұмысты атқарып жатқан еңкейген ақсақал, бесіктен белі жаңа шыққан балаларға тамақ тауып беру үшін де жанталасқан. Әжейдің айтуына қарағанда бүгінгідей тіреліп тұрған ұн жоқ. Азын-аулақ бидайды тас диірменмен тартса керек. Астындағы тастың тісі үстіндегі тастың азуымен айқасатын тас диірменді шыркөбелек айналдырып, қызыл бидайды үгу де азап. Оған да шыдаған.  Соғыс аяқталған соң сұрапыл нәубет кезінде қиуы қашқан шаруашылықты қайтадан қалпына келтіру, ілгері бастыру қатары селдіреп қалған азаматтармен біздің Мәну әжеміз тәрізді нәзік жандылардың пешенесіне жазылған сый болды. Дәл сол уақытта бейнеті белден келетін қара жұмыстан қашатын адам болмайтын. Қайта ауыз бірлігі күшті ел ішінде әйтеуір лаждап күн көрсек деген ниетпен жығылып сүрінгеніне қарамай, ортақ байлықты өрістетуге бел буып ұмтылушы еді. Осыншама бейнетті арқалап жүріп өмірге әкелген Өмірбек, Қалымбек, Нұрзия, Бейсенбай, Бейсекей, Әсия, Жұмабек, Ораз, Алтын, Айман атты алты ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірген еңбегі үшін Мәну әжей үлкен құрметке лайық адам.   
Бүгінде Мәну әжеміз қызы Әсияның қолында тұрады. Ғасырдан асырып ғұмыр кешу қайдан оңай болсын. Адам ағзасы темір емес, көк темірдің өзі де тозады емес пе. Дәл қазір көзінің көруі нашарлаған. Әйтсе де, Мәну әжей шаңыраққа жиі соғатын балаларын жазбай таниды. Кім білсін, әрқайсын жеке-жеке ет жүрегі елжірей құшырлана сүйгенде көкірегін қауып қалған сәби кезіндегі иістерінен арылмаған шығар.
Көнекөз қариялар әркімнің маңдайына жазылған тағдырының жолы болады. Қалай талпынсаң да, сол жолдан қарыс қадам қиғаш кету жоқ деп жатады ғой. Мәну әжейдің де әуел бастағы тағдыр сыйы солай болса керек. Әйтеуір жасы жер ортасынан ауғанша қара жұмыстан қолы босамаған. Ит басына іркіт төгілген 1970 жылдары зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін Айыртау ауданындағы Ақан сері ауылында күн кешкен. Дәл осы жерде жұмыс талғамай күнді түнге, түнді күнге ұластырып істей берген. Әншейінде еңбек адамы деп жиі айтып жатамыз ғой. Міне, сол нағыз еңбек адамы осы әжеміз. Сол жұмысына орай талай мәрте мақтау қағаздарын алған. Ең үлкен алғыс бауырынан өрбіген он баласының перзенттік махаббаты.
Әр отбасының сыртқа шығара бермейтін өз сыры болмақ. Көбіне «жабулы қазан жабулы күйінде» қала беретіні бар. Әйтсе де, мына бір жайды айтпай кетуге бола қоймас. Ертеректе жиі ат басын соғатын учаскелік дәрігер бұл үйге келуді қойған. Тіпті, әжейдің қан қысымы көтерілген кезде жедел жәрдем шақыртудың өзі азап болып тұр. Оның үстіне дәрі-дәрмек те тым қымбат. Басқа біреу болса бағзы замандағы кәтепті қара нардай көтерген жүгін, еткен еңбегін бұлдар еді. Ал, Мәну әжей тәубе дейді. Кәдімгі кеңпейіл қазақтың болар-болмас шаруасына шүкіршілік айтатыны тәрізді. Бір кезде балалары Мәну әжені кезекке тіркетіп, үй алып беру қамымен жүгірген екен. Кейін бір шенеунік бұл кісіге пәтерден жұмақ жақын шығар депті. Үміт осы жерде кесілген. Қайтып жалғануы да мүмкін еместей.
Ғұмыр бойы ел үшін еңбек етіп, ұл-қыздарын өсіріп, немерелері мен шөберелерін сүйіп отырған Мәну әжей дәл қазір ештеңеге мұқтаж емес. Бар тілегі Отаны мен отбасының амандығы, бақытты болашағы. 105 жыл өмір сүріп, қос ғасырдың куәсі болған қарт әжейдің өмірдегі өнегесі, еңбектегі мысалы жастар үшін бір мектеп қой.

Абылай КЕНЖЕТАЙ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің
4 курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар