Құдірет күші ерекше бір сезім бар. Ол ананың балаға деген шынайы да таза, мөлдір махаббаты. Ана махаббаты шетсіз әрі шексіз дейтініміз де сондықтан.
Біз келіп тоқтаған үйдің есігі айқара ашық тұр екен. Әнебір жерде балалар ойнап отыр. Бізді көргеннен соң олардың ойыны кілт үзілді. Қазақтың қарапайым тіршілігін көріп, ішіміз жылып қалды. Амандасып, есен-саулық сұрастық. Алтын бесік ауылдың ажары солғын тартса да, оты өшпеген екен. «Ауыл түбі – бірлік, қауым түбі – тірлік» демекші бұл ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі құт мекен ауылдың түтіні түзу екенін аңғартады. Алдымыздан Үрлән апай шығып, аналық ақ мейірімімен бізді құшағына алды. Бұл жалғанда асылы, анадан асқан алып жан жоқ-ау, сірә, деп мен ішімнен түйдім. Иә, ана құдірет, ана бақыт, «Ана» дегенде тебіренбейтін жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Сондықтан, қай уақытта, қай қоғамда болмасын біз аналарымызбен әрқашан мақтануымыз керек. Соның бірі Үрлән Нұрмағанова. Ол 1938 жылы Бурабай ауданына қарасты Көрнекті ауылында дүниеге келген. Анадан туысымен жетім қалып, өгей шешенің қолында тәрбиеленген. Сондықтан, өмірдің өкпек желіне төтеп берген әжейдің азапқа толы өмір жолы да тым ауыр. Ал, ел басына төнген қауіп-қатер Үрлән әжейді де біраз азапқа салғанға ұқсайды. Әңгіме барысында қол диірмен тартып, өгіз жегіп, бидай тасыған күндерін ардақты ана еріксіз еске алды. Әсіресе, өгей шешенің азабы мен қорлығы жанына батқан. Өмірдің тепкісін көрсе де сағы сынбаған, салы суға кетпеген әжейдің тегі осал емес.
Он жеті жасында Бейсенбай атамызбен тұрмыс құрып, он алты құрсақ көтерген. Оның біреуі қайтыс болса, қалғаны дін аман. Қазір кенже баласы Кенжебек пен Мәдинаның қолында тұрады.
–Өмірде талай қиындық көрдік. Анадан жетім қалған соң әкем ешкінің сүтімен асырап өсірді. Қыз күнімде бейнетті көп көрдім. Қуанғаннан жылаған кездерім көп болды. «Аштықта жеген құйқанын дәмі ауыздан кетпес» дегендей жоқшылықты да біраз көрдік. Жолдасым екеуіміз балаларды өсіріп ер жеткіземіз деп күні-түні жұмыс істедік. Бірақ, қазір Аллаға тәубе балаларым әлпештеп, аялап отыр. Адам әуелі Аллаға сосын өзіне сенуі керек. Мен 7 ұл мен 8 қыздың анасы ғана емеспін, 43 немере мен 27 шөберенің әжесімін. Әйел үшін бұдан артық қандай бақыт болуы мүмкін, – деді ол.
Бейсенбай ата мен Үрлән әжейден тараған ұрпақ сан салалы мамандық иелері. Темір жол, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласынан бөлек, ұстаз, кәсіпкер, бухгалтер, мал дәрігері, дәнекерлеуші, аспазшы болып еңбек етіп жатқан ұрпағына ешқашан еңбектен қашпау қажет екенін айтып отырады.
Отағасы өмірден өткен соң, әжей отбасының ендігі үлкені, ақылгөйі Үрлән апай. Отбасының ұйытқысына айналып, әулеттің ажарын келтіріп отырған ананың жүрегі кең, көңілі таза. Бастысы пейілі ақ. Әр баланың өз несібесі болады дегендей батыр ана әр баланың орны ерекше екенін айтады. Ал, немере мен шөберенің қызығына көңіл тоймайды. Батыр ананың үлгі өнегесін көрген әулеттің келіндері де сабырлы, салиқалы. Ұрпағымен бақытқа кенелген әзіз ана отбасында ешқашан ұрыс-керіске жол берілмейтінін айтады. Өйткені, шаңырақтың шаттығы, әулеттің ақылшысы болып отырған әжей ұл мен қыздың тәрбиесіне баса көңіл бөледі. Жоғарыда айтып өткенімдей батыр ана келіндерімен сыйлас құрбы сияқты араласады. Тіптен, араларында ешқандай бүгіп жатқан сыр да жоқ екен. Ененің тәрбиесін көріп, өнегесін ұққан келіндер де Үрлән апайға барынша ұқсап бағуда. Ал, қазіргі күні келін мен ененің қарым-қатынасы қандай? Бүгінде отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынас шиеленісіп кеткен-мыс. Бірақ, екі арадағы сыйластық керуені қазақ топырағында ешуақытта үзіліп көрген емес. Оның Нұрмағановтар әулетінен айқын әрі анық аңғаруға болады.
Келін – ұрпақ анасы. Иманды да ибалы келін – тектіліктің тұғыры екенін білген текті әулет келінін жөнсіз тұқыртып, сөкпейді. Сыйлайды. Айтар ақылы мен қояр талабын тұспалдап жеткізеді. Бұл да бір даналықтың ғажап үлгісі емес пе. Осы орайда, әжейдің ізін кәсіпкер келіні Майра басқан. Ұлдың екіншісі Бағлан мен Майраның 6 қызы бар, келіні күміс алқа иегері. Бір қызығы Үрлән әжейдің Гүлхан, Гүлзейнеп есімді егіз қыздары болса, Бағлан мен Майраның да егіз қыздары бар. Ал, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету отбасы мүшелерінің басты міндеті. Осы орайда, әжейдің тұңғышы Бағаш пен келіні Шолпанды отбасы мүшелері ендігі үлкеніміз деп санайды. Қандай да бір күрмеуі қиын мәселе туындаса әжейдің рұқсатымен олардың көмегіне жүгініп, екеуінен ақыл-кеңес сұрайды. Үлкен келін ешқашан енесінің алдына келіп көрмеген. Керісінше кішілерге үлгі көрсетіп, кейуананың қолын жылы суға малған. Ал, келіндерін қызындай көретін әзіз ана оларға әрқашан ата-ене, абысын-ажынмен тату-тәтті болу керегін айтып отырады.
–Ақ босағадан аттаған кезім әлі есімде. Көп балалы отбасына келін болып түскенімде қиналатын шығармын деп ойладым. Бірақ, анам мені құшағына алып, қызындай көретінін айтты. Сол уақыттан бастап мен енемді анамдай жақсы көремін, сыйлаймын. Ол мені үй шаруасына таза, ұқыпты болуға үйретті. Өйткені, менің білгенімнен білмегенім көп еді. Сол үшін де анама ризамын. Біз ешқашан ұрысып көрмедік. Отбасында сыйластық, құрмет, татулық болса ешқандай қиындық туындамайды,– дейді Үрлән әжейдің үлкен келіні Шолпан Нұрмағанова.
Өнегелі өмірінде көрген білгенін, көкейге түйгенін ұрпағына айтып, бір әулеттің ақылшысы, дариясы, қариясы болып отырған әжей барлық саналы ғұмырында отағасы екеуі балаларына тәрбие беріп, ел қатарына қосуды мақсат тұтты. Бүгінде сол арман орындалып отырғандай. «Қарты бар үй қазыналы» демекші, бұл шаңырақта ұлттық салт- дәстүрге ерекше мән беріледі. Қазыналы қария немерелері мен шөберелеріне бесік жырын айтудан еш жалыққан емес. Өйткені, ол «Бесік жыры» – ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзі болып саналатынын жеткізді. Өзі де отбасында жөн-жоралғылардың орындалуын қадағалап отырады.
Кез-келген отбасында әженің алар орны ерекше. Өйткені, әже татулық пен бірліктің ұйытқысы. Ол кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Сондықтан, әжейдің балалары көненің көзі ретінде әрқашан жас ұрпаққа өнеге айтар осындай ақылгөй дария, даналары болғанына қуанышты. Бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербеткен ананың қадірін түсінетін ұрпағы бар Үрлән әжей бақытты. Мәуелі бәйтеректей ұрпағымен жайқалған әзіз ананың
самайын ақ шалса да, жүзінен жылылық лебі еседі. Болып толдым дейтін емес, қарапайым жан. Ойы – салмақты, сөзі – қуатты. Бірақ, соңғы уақытта денсаулығы сыр бере бастаған. Үрлән Байдүйсенқызының адамгершілік қасиеттері де ерекше. Оның қарапайымдылығы соншалық, кеудесіне алтын алқаларын жарқыратып тақпайды. Алтын алқа демекші ол екі мәрте алтын алқа иегері. Оның ендігі арманы немене көру. Ал, Алланың бұйырған ғұмырын өз ақыл-парасатымен мәнді еткен қария үшін ең бастысы балаларының аман-саулығы, Тәуелсіз еліміздің береке-бірлігі мен тыныштығы маңызды.
P.S. Әжеймен біраз әңгімелесіп, үйге де кететін уақыт таяп қалды. Кетер кезде құшағына алып, ақ батасын берді. Күннің қызуынан қаншалықты нәр алсақ та, ананың ыстық құшағынан асқан жылу жоқ. Бақыт құшағына шомылған әжей отбасына ғана емес, айналасына да шуақ нұрын шашып тұрғандай.
Бұланды ауданы.