Ананың сүтімен сүйегіне сіңген қазақ тілі және флективті тілдердің бірі – орыс тілін жетік, жіті меңгерген билингвист – филология ғылымдарының докторы, профессор Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяев. Ғалым Әлкей Марғұланнан кейін құйрықты жұлдыздай жарқ еткен, шоқтығы биік Шоқан Уәлиханов зерттеулерінің әрбір сөзін салмақтаған, Шоқан Уәлихановтың «сөзстанына» сая-хат жасаған. Оны білімге құштар шәкірттерінің көңіліне ұялата алған, болашақта аталмыш мұраларды тағы да зерттеудің әр қыр-сырына баспалдақ жасаған бірегей ұстаз, ғалым.
Айтылған ойдың түйіні ретінде, филология ғылымдарының докторы, профессор Жантас Жақыптегінің мына пікірін келтірсек дейміз: «Ардақты азамат, айтулы ғалым, білікті ұстаз, бірегей педагог Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың есімі еліміздегі филология ғылымының құрмет тақтасына алтын әріппен жазылып қалды десек, артық айтқандық емес».
Профессор Оғаз Арыстанғалиұлының тіл ғылымындағы еңбектерін әдеттегі таптауырын статистикалық қалыпқа сала бермей, ғалымның ғылым төріндегі орнын, еңбектерінің өзектілігін, қаншалықты қажеттілігін өзімен үзеңгілес болған азаматтардың дерегімен дәйектесек.
Филология ғылымдарының докторы, Ақпараттандыру халықаралық академиясының академигі Б.Хасанұлы: «Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяев – «Қазақстан халқының тілдері» мамандығынан тұңғыш ғылым докторы», – десе, филология ғылымдарының докторы, профессор, ТМД аумағындағы беделді ғалым М.Копыленко: «Ол – Қазақстандағы Шоқан тілін мақсаткерлікпен және терең зерттеген бірден-бір ғалым», – дейді.
Ал, Түркіменстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Атаниязов: «Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың Ш.Уәлиханов еңбектеріндегі орыс және қазақ лексикасын, сондай-ақ, терминдер мен фразеологизмдерді мұқият талдаған диссертациясы – автордың шығармашылық кемелдігінің кепілі. Еңбек түркітілді халықтардың филология ғылымына ғана емес, жалпы түркітануға салмақты үлес қосады», – деп бағалаған.
Дәл осы жерде «Өлді деуге сия ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына із қалдырған» деген Абай Құнанбаевтың сентенциясы сұранып-ақ тұрғандай.
Ғалымның көсіле қалам тартқан мәселесі – профессор Төлеубай Қордабаев айтқандай, «ешқашан күн тәртібінен түспейтін» өзектілігі күн сайын арта, еселене беретін ономастика мәселесі.
Ономастиканың бір тармағы саналатын топонимдер – ғасырлар жәдігері, тіл мен тарихымыздың құнды қазынасы, мәдени мұраларымыздың қайнар көзі екендігін дер кезінде саралаған Оғаз Арыстанғалиұлы көзі тірісінде 1062 жер-су атауларын қамтыған «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігі» деген еңбекті даярлаған. Оны топонимдердің білгірі, танымал көкшетаулық ғалым Айтым Әбдірахманов редакциялаған. Содан соң Тіл білімі институтының, қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы институттың тақырыптық жоспарына енген. Әрі «Ғылым» баспасынан шығарылмақшы болған. Аталмыш сөздік 1990-1993 жылдары құрастырылған болатын.
1990 жылдан 2015 жылға дейін тіл ғылымында болсын, жер-су атауларында болсын, терминологиялық комитеттің бекіткен атауларында болсын, әрине, жаңа атаулар, жаңғырған сөздер саны қауырт көбейгені, өзгерістердің бар екені баршаға белгілі. Бірақ, редакциялық ұжым бірлі-жарымды өзгертулер болмаса, профессор О.Сұлтаньяев еңбегінің алғашқы түпнұсқасын сақтауға тырысты.
Ардақты азамат, ғалым, ұлағаты мен ғибраты мол ұстаз О.Сұлтаньяев дүниеден өтсе де, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің оқу және оқу-әдістемелік жұмысы жөніндегі проректоры, профессор, А.Жақыпова, орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Г.Фаткиеваның ұжымы бұл жұмысты аяқсыз қалдырмады. «Артында бар оңалар» деп қазақ бекер айтпаса керек. Ғалымның шәкірттері, ұжымы бар.
Қолжазбадан электронды нұсқаға түсірген аға оқытушы Қ.Большина болса, сол сияқты Қазақ филология кафедрасының ұжымы жұмыстың техникалық жағына назар аударып, тағы бір сүзгіден өткізді.
Ғалым Көкшетау өңіріндегі гидроним, ороним, ойконимдерді жан-жақты зерттеп, бірде халықтық этимология, бірде ономастикаға қатысты теориялық деректерді, принциптерді ұстанған. Кез келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы топонимдері арқылы анықталатыны белгілі. Демек, профессор Айтым Әбдірахманов пен Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігі» сол елдің, сол жердің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Шынында да, бір атау – бір тарих.
Олай болса, «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігіндегі» мына сияқты кейбір гидроним, ойконимдерді сөйлетсек.
Зеренді ауданындағы Арықбалық деген көл атауы, гидроним болса, сол сияқты Айыртау ауданында Арықбалық деген елді мекен атауы, ойконим бар. Арықбалық деген атау қалай қойылған? Осы атау көлдегі балықтың аздығына байланысты қойылған ба? Жоқ. Стамбул қаласынан шыққан М.Қашғаридің «Диуа-ни лұғат түрки» еңбегінде Арық деген бірінші компоненттің мағынасы Арық, эрк бекініс (крепость, цитодель) деп берілсе, В.Радловтың пікірінше, тува тілінде де осы сөз эрик – берег (жағалау) болуы мүмкін деп көрсетілген. Сонда Арық-Балық не бекініс-қала, не жағалаудағы қала деген мағынаны білдіреді. О.Сұлтаньяев «Понятное непонятности» деген оқу құралында: «Күні бүгінге дейін шағын төбе үстінде тұрған елді мекеннің іргесін үлкен Арықбалық көлінің толқыны соғып, жағалауын шайып тұрады», – дейді.
Келесі бір «Шырпылыадыр» деген атауға тоқталсақ. Шырпылыадыр (төбе). Зеренді ауданында орналасқан. Шырпы, шырпылы лексемаларының мағыналарына үңілсек:
Шырпы I. 1. Ағаштың үзілген, сынған ұсақ бұтағы. 2. Сіріңкенің шиі. Ауыспалы мағынасы – Шырпы басын сындырмады – түк істемеді, қимылдамады, қол ұшын тигізбеді.
Шырпыла 1. Бұталардың басын қырқу, қысқартып кесу. 2. Майдалау, ұсақтау, уату.
Шырпылы І. пр.колючий – тікенді. Олай болса, Шарпылыадыр атауының мағынасы – тікенді ағашы бар адыр.
Сөздікте Шарықкөл атауының берілуі: «Шарықкөл (Шарыкколь) – көл, Айыртау ауданы, Солтүстік Қазақстан облысы. Шарық (зат есім) + көл (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы бұл көл маңында қайрақ жасайтын шарық тас көп екенін білдіреді», – деп пайымдайды А.Әбдірахманов пен О.Сұлтаньяев.
Айыртау ауданында Мұқан қызылы деген шоқ ағаш бар. Мұқан зат есімнен жасалған кісінің аты. Ал, қызыл деген сөз түр-түсті білдірмейді, субстантивтенген сын есім тәуелдіктің III жағында тұр. Атау аналитикалық тәсілдің бір жолы тіркесу арқылы жасалған. Бұл атаудың 2-компонентіндегі «қызыл» сөзі жас қайың дегенді білдіреді. Осы өңірде «қызыл, қызылдау» қолданысы «қайыңды шоқ ағаш» деген мағынада, енді бірде «қызыл, қызылдау» деп те аталатындығына ғалымдар назар аударған. Сол сияқты сөздікте осыған ұқсас Өтейдің қызылы деген шоқ ағаш, кішкене орман Зеренді ауданында орналасқан. Мағынасы – Өтейдің қызыл орманы (ағашы).
Сөздікте «Оқжетпес» тауы, «Жеке батыр», «Бурабай» көл атауларының қалыптасуына ғалымдар баршаға танымал С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасындағы аңыздарды дәйек етеді.
Сол сияқты, авторлар жазушы Т.Қажыбаевтың «Атау-тарих, абайла!» деген мақаласынан Айыртау, Зеренді, Көкшетау аудандарында Ашакескен, кейде Табақкескен деген атаудың бар екендігін анықтаған. Оның аталу себебін 105 жаста дүниеден озған Аяп Борсықов ақсақалдың баяндауы айғақтайды.
Екі компоненті де кірме сөздерден жасалған Лесной хутор, Зеленый Гай, Каменный яр, Парижская коммуна, Плакун гора атаулары да мүмкіндігінше қарастырылған.
Зеленый Гай ойконимы Тайынша ауданында орналасқан. Бұл атаудың құрамындағы «гай» сөзі Югославия, Польша, Чехия, Украина, Оңтүстік Ресей және Қазақстанда шоқ, тоғай деген мағынада қолданылады. Еділ бойында осыған ұқсас мына сияқты атауларды кездестіруге болады. Александров Гай, Орлов Гай. Мағынасы – жасыл тоғай, шоқ ағаш.
Ш.Уәлиханов: «Көне түркілік салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғаларға байланысты адам аттары, жер-су атаулары, тағы басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады», – деп жазса, ал, М.Әуезов: «Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да, жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атауының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия, сыр жатады» – деп бекер айтпаса керек. Сөздіктегі бұдан басқа атауларды әр азамат өзінің когнитивтік танымы, пайым-парасаты, аялық білімі негізінде-ақ анықтай алатыны белгілі.
Профессор А.Әбдірахманов пен О.Сұлтаньяев жер-су атауларын біріншіден, қалыптасуына қарай, халықтың тарихымен тығыз байланыс-тырып, оның дереккөзі аңыз-әңгімелер десе, екіншіден, кеңес өкіметі тұсында, социалистік дәуірдегі және одан кейінгі қоғамдағы өзгерістер негізінде пайда болған атаулар, үшіншіден, этнонимдер мен антропонимдер арқылы жасалған атаулар деп топтастырады.
«Біздің барлық пікіріміз, талдауларымыз еш мүлтіксіз деп айта алмаймыз. Кейбір деректерді тағы да қарастырып, ғылыми дәлелдерді қамтуды қажет ететін тұстар баршылық. Десе де, сөздікті құрастыру себебіміз – өзге зерттеушілерге ой салу. Бұл сөздік гидроним, ороним, ойконимдердің табиғатын таныту ғана емес, жастардың тарих көшінен де бейхабар болмауды мақсат етуге сай құрастырылған», – дейді ғалымдар.
Елін, жерін, тілі мен тарихын, ұлтын ұлықтайтын кез келген азамат жер-су атауларын білуге тиісті. Демек, топонимдер − жердің тілі, онда жер дегеніміз не? Жер дегеніміз – географиялық атаулар арқылы адамзаттың тарихы жазылатын кітап. Олай болса, А.Әбдірахманов пен О.Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігі» осы негізде бағалануы керек сияқты.
Раушан ҚИЯҚОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті профессорының міндетін атқарушы, филология ғылымдарының кандидаты.