Кездесуге сондай-ақ, қазақстандық тараптан: Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары, Мәжіліс депутаты Е.И.Тарасенко, жапондық тараптан Парламенттік білім, мәдениет, спорт, ғылым және технология аға вице-министрі Мотоюки Фудзии, Мәдениет агенттігінің дүниежүзілік мұралар жөніндегі бөлімінің директоры Такахиро Окамота қатысты.
Кездесуді ашқан Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Жапония Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестігі екенін жеткізіп, екі ел арасындағы саяси және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2008 жылдың маусым айында Жапонияға жасаған сапарының нәтижесі стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал еткенін айрықша атап көрсетті. Ол Қазақстан мен Жапонияның үкіметтік және жеке секторларының экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының қызметін жоғары бағалады. Айталық, 2014 жылы Қазақстан Республикасы мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,7 млрд. долларды (экспорт – 741 млн.долл., импорт – 925 млн.долл.) құрады.
Сонымен қатар, әңгімелесу барысында әлеуметтік-гуманитарлық саладағы Қазақстан – Жапония қарым-қатынастарын дамытудың өзекті мәселелері қозғалды. Гүлшара Әбдіқалықова екі ел халықтарының өсіп келе жатқан өзара мүдделестігі жағдайында мәдени алмасулардың маңыздылығына ерекше тоқталып, мәдениет саласындағы екіжақты келісім жасау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Кездесу соңында тараптар гендерлік теңдік мәселелерін, соның ішінде 1995 жылы өткен БҰҰ-ның әйелдер ахуалы жөніндегі төртінші бүкіләлемдік конференциясында қабылданған Пекиндік декларация және Іс-қимылдар тұғырнамасы аясындағы мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, Жапония Елшісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысына үстіміздегі жылдың тамызында Токиода өтетін 2-ші Бүкіләлемдік әйелдер конференциясына қатысуы үшін Жапонияның Премьер-Министрі Х.Абэнің шақыруын табыс етті.
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Президент жанындағы Азаматтық мәселелер жөніндегі комиссияның кезекті отырысы болып өтті.
Отырыста Қазақстан азаматтығын алу және одан шығу мәселелері қаралды. Гүлшара Әбдіқалықова егемендік жылдарында 956 мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығына қабылданғанын, оның басым көпшілігі соңғы жылдардың үлесіне тиетінін атап өтті.
Мемлекеттік хатшы Қазақстан азаматтығын алуға ниеттенген әлемнің әртүрлі елдеріндегі адамдар санының үздіксіз өсе түсуі – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық сындарлы, әлеуметтік тартымды және халықаралық деңгейде танылған мемлекеттік саясатының жарқын көрінісі екенін атап көрсетті.
Ел Президенті Жарлыққа қол қойғаннан соң алыс және таяу шет елдерден келген түрлі ұлттың 570 өкілі Қазақстан азаматы атанатын болады. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті шешімдер мен ұсынымдар қабылданды.