Облыстық филармонияда Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасының 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжі қазақ ұлт аспаптар оркестрінің есеп беру концерті болып өтті.
Қазақ ұлт аспаптар бөлімінің қазақ ұлт аспаптар оркестріне дирижер Ербол Базаров жетекшілік етті. Бұл дирижердің үлкен сахнадағы алғашқы дебюті. Сыдық Мұхамеджановтың «Шаттық отанын», Карл Дженкинстің «Палладиосын», Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» мен «Махамбетін», Құрманғазының «Сарыарқасын» оркестр жоғары деңгейде орындады.
Үлкен сахнада оркестрге алғаш рет дирижерлік еткен Ербол Базаров пен Біржан сал атындағы Көкшетау музыка колледжінің оқушылары үшін бұл есте қалатын оқиға. Тағы бір айта кетерлігі, еліміздегі айтулы мерейтойларға орай, аталмыш білім ордасы жыл соңына дейін әлі бірнеше концерт беруді жоспарлап отыр.
Шығармашылық кеште Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Шолпан Дүкембаева, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Валерия Болиева, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары Дәурен Біржанов, Махаббат Мұхамеджанова, Ханымгүл Базарова, Сәуле Исмағұлова оркестрдің сүйемелдеуімен тамаша өнер көрсетті. Осы орайда, музыка колледжінің оқытушысы Сәкен Біржанов пен колледждің білім алушылары Фархат Сағымбаев, Айтуар Өмірбектің де есімін ерекше атап өтуге болады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.