«Халыққа қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесі Ақмола облыстық филиалының директоры Салтанат Кенжетаева мен аталған орталық қызметкерлері соғыс ардагері Евдокия Ысқақованың үйіне арнайы барып, қарт әжейді Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен құттықтады.
Үшінші Украина майданындағы госпитальдің санитарлық нұсқаушысы болып, Дунай өзені мен сонау шалғай Венгрияны, сол жолдағы талай қиян-кескі ұрысты көзбен көрген майдангердің жас ұрпаққа айтары көп. Енді жас-кәрінің тынышын алып, елдің шырқын бұзған «соғыс» атты зұлмат енді қайталанбаса екен деп тілейді.
Тың игеру жылдарында Қазақстанға қоныс аударған ардагер өзі тұрып жатқан бөлмені жөндеп, жарық, әрі жайлы етіп берген облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының ұжымына да дән риза. Жеңісті жақындатқан аға буынға деген айрықша қамқорлықтың қарымтасы мәңгі бейбіт күн болса деген ниетте.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.