Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен бесінші республикалық «Поющая Полония» атты поляк әндерінің фестивалі болып өтті. Шараға Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Яцек Ключковский қатысты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы мен облыстық поляктар бірлестігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен ассамблея мүшелері келгенін айтып өткеніміз жөн.
– Поляк әндерінің республикалық фестивалі бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Осыдан-ақ, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлікті аңғаруға болады. Күні кешегі Президент сайлауында ақмолалықтар да ел мүддесі үшін бір жұдырықтай жұмылып, ауызбіршілігімізді дәлелдеді. Елде әрқашан татулық пен бірлік болса, халқымыз да бейбіт өмір сүрмек. Сондықтан, әр ел береке мен бірлікте өмір сүруі керек, – дей келе, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов поляк халқына барлық игі жақсылықты тіледі.
Ал, Қазақстан Республикасындағы Польша елшісі Яцек Ключковский жиналған қауымды күні кеше атап өтілген Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, этникалық поляктарды бауырына басып, қамқорлық көрсеткен қазақтарға алғыс айтып, екі елдің достығы мәңгілік болатынына зор сенім білдірді.
Фестиваль барысында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов бірқатар белсенділерді облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Ал, кешке жиналған қауым әуелете шырқалған поляк әндерімен сусындап, шаттық пен қуанышқа кенелді. Тағы бір айта кетерлігі «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» республикалық эстафетасы аясында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылып, тұрмыстық бұйымдар мен қолөнер шеберлерінің туындылары сатылды. Жәрмеңкеден түскен қаржы Щучинск қаласындағы балалар үйінің қажетіне жаратылмақ.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.