Біздің мемлекетімізде Ауыл шаруашылығы министрлігінің талап-тілегімен 170-ке жуық несие серіктестігі құрылған болатын. Олардың міндеті –ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға ынталы үлкенді-кішілі серіктестік ұжымдарына қаржылай көмек беру.
Целиноград ауданында аталмыш серіктестік осыдан 10 жыл бұрын құрылып, оны облыстық мәслихатының депутаты, қаржы саласының айтулы маманы Сағадат Әшебеков басқарып келеді. «Целиноград несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына Ақмола өңірінің маңдайалды ауданынан 40 шаруашылық еніпті. Республикалық «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының пайымдауынша бұл несие үлестіруші серіктестік 2013 жылдың қорытындысы бо-йынша еліміздегі 169 кәсіпорынның ішінде алға озып, «А» рейтингісі бойынша ең жоғары бағаға ие болды. Соның негізінде «Целиноград» серіктестігі корпорацияның келісімінсіз-ақ келіп түскен түрлі жобалар бойынша өз еркімен қаржы бөлуге бағыт алған.
Өткен жылы лимиттік қаржысы 1 720 190 000 теңгеге жетті. Ал, биылғы жылы өзінің қаражат бөлу мүмкіндігін 2 миллиард теңгеге жеткізуді ойластырыпты. Жергілікті қаржы мекемесінің дамуына ең әуелі ішкі тәртіп, келісім-шартқа отырған шаруашылықтардың жұмысқа деген ынтасы себепші болды. Аудандағы осы қаржы институтының төрағасы Сағадат Әшебеков ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін министрліктің арнайы Алғыс хаты және медалімен марапатталды.
Ауыл шаруашылығы ең күрделі әрі жауапты сала екені белгілі. Жаз бен күздің райына дүдәмал көңілмен қарайтын дала еңбеккерлерінің үміті ылғи ақтала бермейді. Оған өткен жылдың күзі айқын дәлел. Бірақ, Астананың азық-түлік белдеуі үшін тауар өндірушілер күні-түні дамыл таппай еңбек етуге әзір. «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» мемлекеттік бағдарламалары бойынша ауданда бірқатар жобалар жүзеге асуда. Жеңілдікпен берілетін несиеге «Рақымжан» жеке кәсіпкерлігі 99, «Новоишимка» ЖШМ – 95, «Семеновка-АЭ» – 100, «Тахир» жеке кәсіпкерлігі – 7 сойыс ірі қара малдарын сатып алса, «Әлімбет» пен «Арыстан» шаруа қожалықтары бәрін қосқанда 89 бас байтал сатып алған. Нақтылап айтатын болсақ, несие шаруашылығының құрамына енген ұжымдарда бас-аяғы 5378 ірі қара, 464 қой, 1761 жылқы,
6 түйе бағылуда.
Өткен жылы 40 шаруашылықтың тең жартысына 1 251 004 625 теңге мөлшерінде қаржылай көмек көрсетіліпті. Жылдың жақсы нәтижемен аяқталғаны үлкен демеу болды. 5 миллион теңгеге жуық таза пайда есебінде, алқалы жиынның келісімімен, дивидент ретінде, әркімнің қосқан жарғылық үлесі мөлшерінде бөлінді. Жалпы, соңғы 7 жылдың ішінде «Целиноград» несие серіктестігі ынталандыру қаржысы ретінде 31 миллион теңгені өз мүшелеріне бөлген екен. Биылғы жылы мемлекеттік бағдарламаларға тағы да жеңілдікпен қаржылай көмек көрсету қарастырылып отыр. Ел Үкіметі асыл тұқымды мал алуға ұмтылған шаруашылықтарға талап етілген 14 пайыздық қаржы көрсеткішінің тең жартысын өзі төлемек ойда. Аудандағы осы
несие бөлуші институтпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп жатқан шаруа қожалықтарының жағдайы бұрынғыға қарағанда анағұрлым жақсы. Олардың егістік жер үлесі 11,5 мың гектар. Өткен жылы бұл кәсіпорын қарамағындағы қожалықтарға тұқым алуға 45 миллион теңге, жанар-жағармайға – 60 миллион теңге, гербициттер мен түрлі тыңайтқыштар алуға 20 миллион теңге бөлген. Дегенмен, мұндай ауқымды жұмыста үлгерімі мен жұмыс сапасы жағынан әріптестерінің соңында келе жатқандары да баршылық. Несие серіктестігінің басшысы мен мүшелері оларға қатаң сын көзбен қарайды. Мысалы, кейбір қожалықтарда астық сақтайтын қойма жоқ. Жиналған өнім ашық аспан астында жатып, сапасы мен құнын жоғалтады. Енді бірі орылған астықты комбайнның бункерінен сатуды жөн көреді. Қаржы тек ісін ұтымды жүргізетін іскерлерге ғана берілмек. Қаржы түгіл қара судың да сұрауы бар ғой.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Целиноград ауданы.