Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаровтың қатысуымен Құдықағаш ауылында аумақтық «Өрт-2015» командалық-штабтық оқу-жаттығуы болып өтті.
Шараға Еңбекшілдер, Бурабай, Бұланды аудандары мен «Бурабай» мемлекеттік табиғи ұлттық паркінің өрт сөндіру құрылымдары және апаттық құтқару қызметтері мен орман шаруашылықтарының қызметкерлері қатысты. Онда ауқымды табиғат өрті орын алған мезеттегі негізгі іс-қимыл сарапқа салынды. Әрі өрт сөндіру кезінде жұмысты ұтымды жоспарлау, қажетті күштер мен құралдарды жедел басқару сынды факторлар есепке алынды.
Арнайы тактикалық жаттығулар төрт оқу нысанында ұйымдастырылды. Мұнда өрттің пайда болу себептерін анықтап, оны жоюдың амал-әдістері қарастырылды. Мәселен, алғашқы белгіленген жерде шаруа қожалықтары мен селолық округтің өрт сөндіру құрылымдарын топтастырып, өрт ошақтарын оқшаулау жұмысы жүргізілді. Ал, екінші нысанда тұрғындарды өрттен құтқарып, оларды қауіпсіз аумаққа көшіру мәселесі жоспарланса, үшінші және төртінші аймақта өртті сөндіру мен штабты басқарудағы далалық пунктің жұмысы күшейтілді.
Екі сағатқа созылған жаттығуға қырықтан аса өрт сөндіру техникасы қолданылды. Тракторлардың көмегімен от одан әрі тарамас үшін аумағы кең арық тартылды. Тікұшақ арқылы қызметкерлер өрттің ошағын бақылауда ұстады. Айта кетерлігі, өрт тілінің елді мекендерге тақаған кезде ауыл тұрғындары құрал-саймандарын қолға алып өртке қарсы әрекет етті. Бұл дегеніміз азаматтар тілсіз
жауды ауыздықтауда бірсыдырғы ақпаратқа қанықты деген сөз.
Ең бастысы тұрғындардың негізгі бөлігін, әсіресе, балаларды, қарттар мен әйелдерді көшіру жұмысы көрнекі түрде көрсетілді. Тактикалық жаттығулар алдағы уақытта қайғылы оқиғаларды болдырмау және өртті тізгіндеуде ширақ қимылдауға үлкен сеп болмақ.
Алдын алу шаралары аяқталған соң өрт сөндіру құрылымдары арасында кеңейтілген отырыс өткізілді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров командалық-штабтық оқу-жаттығуының өту барысын қорытындылады.
– Өрт аса қауіпті жау. Сол себепті, шапшаң қимылдасақ көптеген жамандықтың бетін қайтарамыз. Бұл іске селқос қарамай, кемшін тұстарды болдырмауға бір адамдай жұмылуымыз қажет. Өрттің пайда болу қаупі жоғары жерлерге кезекшілік қойып, әр қызметкерге белгіленген жер жіті бақылауда болуы керек, – деді Қадырхан Отаров.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Еңбекшілдер ауданы.