Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадам жөнінде жаңа бағыттарды белгілеп берді. Мұнда жаңа жаһандық дағдарыстар кезінде елімізді ілгері дамыту үшін кәсіби мемлекет құру мәселесі айтылады.
Елбасы: «100 қадам – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары» деп атап көрсетті. Сондықтан, бұл жоспар жаңа асуларды бағындыруға бағытталатын тың бастамалар болып табылады.
Сол себепті бәрі екшеліп, тұжырымдалған «100 нақты қадам» жөніндегі стратегиялық бағдарламаны айқын мақсаттың үлкен белгісі деп түсінуге болады. Әрине, оған жету оңай емес, мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та қайта-қайта қаперге салып келеді. Өмірде ойлаған мақсатқа жетудің жолы сайрап жатуы мүмкін емес. Демек, Елбасының бастамаларына жұдырықтай жұмылып, ауқымды міндеттерді шешудегі белсенділік бәрімізге ауадай қажет.
Елі Мемлекет басшысының әр сөзін жақсылыққа балайды. Жаһанда дағдарыс есік қағып тұрғанда, оны айналып өту оңай емес. Елін ойлаған Елбасымыз барда, біздің биігіміз ешқашан аласармайды деген ойдамын.
Елбасының аталған ұлт жоспарындағы есеп беретін мемлекет қалыптастыру деген тармағында айтқан тұжырымдары үлкен ой салды. Онда нақтылы нәтижелер бойынша мемлекеттік басқаруға көшу қажеттігі де айтылады. Бізде шыны керек, орындалмайтын бағдарламалар саны көбейді. Саны бар, сапасы жоқ мұндай бағдарламалардың тиімділігі де шамалы. Одан да нақты даму жоспарларын жасау арқылы жаңа жүйеге бейімделу маңызды болар еді.
Мен әкімдердің есептік кездесулерінен де арылу керек деп есептеймін. Алдын ала дайындалған адамдар сөз сөйлеп, экономикалық даму үдерістерін айтқан болады. Бірақ, халыққа осы қажет пе? Әкімдер өз жұмысын Елбасы айтпақшы, нақты істерімен көрсетуі тиіс қой.
Кәсіпкерлер де өз пайдаларын ойлап, кейде екіжақты бухгалтерия жүргізеді. Тіпті, өз жұмысшыларына зейнетақы төлемдерін төлеместен, жалақыны қолма-қол ақшамен береді. Ал, мемлекетке төленетін салықпен кім есеп айырысады. Осының бәрі біздің дамуымызға кері әсерін тигізеді. Қадағалау неге жүргізілмейді?
Міне, кәсіби мемлекет құру дегеннің астарында осы жайлар жатыр. Елбасының бұл жаңа бағдарламасы сөз жоқ жұртшылықтың қолдауын табады. Ең бастысы, оны жергілікті жерде орындауға мүдделі органдар алдыңғы қатардан көрінсе дейміз. Себебі, бүгін істейтін істі ертеңге ысырып қоятындар да бар ғой. Ендеше, біз бәріміз ортақ мүдде жолында қызмет істеуіміз керек.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ,
«Ақ жол» Қазақстан демократиялық
партиясы Ақмола облыстық
филиалының төрағасы.