24 мамыр күні Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Степногорск қаласында болып, қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысып, Степногорск қаласының әкімі лауазымына Әнуар Күмпекеевты тағайындау туралы ұсыныс жасады. Әнуар Күмпекеевтің іскерлік және адамдық қасиеттерін сипаттай келе, тәжірибесінің де бар екендігін айтты. Әрі бұл мәселе жөнінде Президент Әкімшілігінің келісімі де бар.
Әнуар Қайыргелдіұлы Күмпекеев 1984 жылы туған, білімі жоғары, 2005 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Ұлыбританияның Бредфорск университетінде экономикалық саясат магистрі дәрежесіне ие болған. Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 2005 жылғы қыркүйек
айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Экономика және қаржы департаментінің жетекші маманы болып бастады. 2007 жылғы қазан айынан бастап «Қазақстан Республикасы биотехнология ұлттық орталығы» РМК стратегиялық даму департаментінің директоры, Маркетинг және коммерциализациялау департаментінің директоры болып қызмет атқарды. 2008 жылдың қыркүйек айынан коммерциялық құрылымдарда әртүрлі басшылық қызметте болды. 2009 жылғы желтоқсан айынан «ТҮКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ департаментінің директоры, 2011 жылғы шілде айынан басқарма мүшесі – басқарушы директоры.
2012 жылдың шілде айынан Степногорск қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Қалалық мәслихаттың депутаттары үміткерді бірауыздан қолдады. Тиісті шешім қабылданды. Сессиядан соң қала активіне облыс әкімі Сергей Кулагин қаланың жаңа әкімін таныстырды.