Елбасы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында біздің алдағы жұмысымыздың нақты бағыттары мен негізгі басымдықтарын айқындап беріп, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына барар жолды көрсеткен еді. Осы тұста бізді егемендік жылдары жетістікке жетелеген әкімшілік реформаның тиімділігін атап өтпесе болмайды. Соның ішіндегі ауқымды бағыттардың бірі – мемлекеттік басқарудың, мемлекеттік қызметтің реформасы.
Әкімшілік реформаның мемлекеттің дамуына тигізетін ықпалы аса зор, өйткені, мемлекеттік басқаруды дұрыс ұйымдастыруға еліміздегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған реформалардың оң нәтижесі тәуелді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметінің жаңа моделі тұжырымдамасын іске асыру аясында бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Мемлекет саясатының нақты бағыттарын жүзеге асыру үшін жауапты «А» корпусы жаңа лауазымдар тобы құрылды. Көршілес елдермен салыстырғанда, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделі ең озық үлгі саналады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, салада жүргізіліп жатқан бүгінгі реформалар заманауи тенденцияларды ескеретін, ең үздік халықаралық тәжірибеге сай жасалуда.
Нақты облысымызға келер болсақ, бүгінгі күні аймақта мемлекеттік қызметшілердің 6017 лауазымы бар. Олардың алтауы саяси мемлекеттік қызмет лауазымдары, 25-і «А» корпусының, 5986-сы «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы 39 жасты құрайды. Біздегі мемлекеттік қызметшілердің 62 пайызы әйелдер, 30 жасқа дейінгі мемлекеттік қызметшілер – 24 пайыз.
Мемлекеттік аппараттың тиімді әрі табысты жұмыс істеуі тұрақты әрі кәсіби кадрлық құрамға байланысты. Ел Президенті мемлекеттік қызметті осыған байланысты іріктеу және кәсіби даярлықтың жетілдірілген әдістемелерін енгізу арқылы сапалы түрде сала жұмысын жақсартуымыз керектігін ұдайы айтып отырады. Қолданыстағы заңнама нормалары мемлекеттік қызметті жетілдіруде заманауи үрдістер мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Онда ең алдымен, мемлекеттік қызметке конкурс бойынша қабылдаудың тиімділігін, бейтараптылығын және ашықтығын қамтамасыз ету жолдары қамтылған. Бұл халықтың – кадрларды іріктеу жүйесіне, мемлекеттік қызметшілердің – меритократия қағидасының сақталатындығына сенімін нығайтуы тиіс. Ал, меритократия дегеніміздің өзі латынның «meritus», яғни, «сіңірілген еңбек» деген сөзінен шыққан азаматтың сіңірген еңбегінің лайықты бағалануына, соған қарай мансаптық өсуіне кепілдік беретін жүйе. Сарапшылар оның мынандай негізгі өлшемдерін анықтаған: бірінші – білігі мен білімі, екіншісі – еңбекке деген көзқарасы, үшінші – әдептілігі, төртінші – осы салада сіңірген еңбегі.
Қатардағы мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғау – заңның негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Заңда мемлекеттік орган басшылары тарапынан мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға азаматтарды заңсыз тағайындау және босату, оларға қатысты тәртіптік жазаларды заңсыз қолданған жағдайда жауапкершілікке тарту көзделген. Сондай-ақ, конкурсты өткізу тәртібін бұзғаны, лауазымдық өкілеттігін заңсыз пайдаланғаны, қызметкерлер қақтығысын болғызбау және оны реттеу жөнінде шаралар қолданбағаны үшін де тәртіптік жазалар қарастырылған.
Сонымен қатар, заңда мемлекеттік органдардағы басшылықтың ауысуы қатардағы мемлекеттік қызметшілердің қызметін тоқтатуға негіз болмайтындығы туралы норма бар. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған жағдайда жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған органның мемлекеттік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес жұмыс ұсынуы тиіс. Өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық фактілері туралы мемлекеттік қызметші басшысына немесе құқық қорғау органдарына хабарлаған жағдайда оның құқы қорғалады. Мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру мақсатында олардың жұмыстарының тиімділігі мен сапасын анықтау үшін қызметті жыл сайынғы бағалау енгізіледі. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға «ротация», «мансаптық жоспарлау» және «тәлімгерлік» ұғымдарының да енгізілгендігін айта кеткен абзал. Мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, кадр резервіне алынған тұлғалардың кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинауы үшін тағылымдама қарастырылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа және мемлекетке қызмет етуді барлығынан жоғары қоятын кәсіпқой мемлекеттік аппарат қалыптастыруды алдымызға басты міндет етіп қойып отыр. Бұл – мемлекеттік қызметкерлер үшін елімізді дамытуға өз үлесін қосуға, қазақстандық жаңа патриотизмнің үлгісін көрсетуге мүмкіндік беретін әрі орасан зор жауапкершілік жүктейтін жол.
Райхан БРАТАЕВА,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы.