Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Алжир – халық қасіреті - АРҚА АЖАРЫ

Алжир – халық қасіреті

Тоталитарлық жүйенің сұмпайы саясаты жүздеген мың адамды құрбан етті. Кешегі Кеңестік заманда тоталитарлық жүйенің солақай саясаты, жеке басқа табынушылық миллиондаған адамның тағдырын тәлкекке салып, талай отбасын ойрандағаны белгілі.

Өз пікірін айтуға, ойын ортаға салуға тыйым салынған сол зұлмат жылдары тұтас бір империя халықтар түрмесіне айналды десек, ақиқаттан алыс кетпегендігіміз. Оның айғағы ретінде тек Қазақстанда ғана ондаған мың адам қамауда ұсталған көптеген түрмелер мен лагерьлерді айтуға болады. Солардың ішінде аты шулы Қарлагтың (Қарағанды лагері) бір бөлімшесі болған «Отанын сатқандар» деген жала жабылғандардың әйелдеріне арналған лагерь де бар. Аталмыш түрме бүгінгі Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында орналастырылған еді.
«АЛЖИР» деген атауға ие болған бұл лагерьде кезінде есімдері елге әйгілі болған көптеген әйелдер жазықсыз отырды. Олардың арасында Бейімбет Майлиннің әйелі Күлжамал Майлина, атақты әнші Лидия Русланова, актриса Рахиль Плисецкая, жазушы Галина Серябрякова, Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза Рысқұлова-Исенгулова, маршал Тухачевскийдің әйелі  Елизавета Тухачевская сынды танымал тұлғалар болды. Сондай-ақ, Елизавета Александровна Сәдуақасова, Дәмеш Әмірханқызы Жүргенова-Ермекова, Рабиға Сералықызы Асфендиярова-Лапина сияқты  қазақ зиялыларының әйелдері отырған.
1937 жылы ішкі істер халық комиссариаты арнайы бұйрық шығарып, «Ота-нын сатқандар» деген айып тағылған азаматтардың әйелдері де қамауға алынатын болды. Осылайша барлығы 18 мың әйел тұтқындалса, Ақмола лагеріне 8 мың әйел қамалды. Мұнда не үшін жазықты болғандығын өздері де білмеген жазықсыз әйелдерге жан түршігерлік қорлық көрсетілген, аяусыз жазаланған. Мұндай жағдайға төзе алмаған біразы көз жұмса, өмірден үмітін үзбегендер кейіннен босап шықты.
Талай боздақты жазықсыз жазалап, талай ел бастар марқасқаларды жер аударып, халықтың қанын сүлікше сорған тоталитарлық жүйенің зардаптарын олардың ұрпақтары білуге тиіс. Біліп қана қоймай, одан сабақ алу керек.
2007 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сол «Алжир» лагері орналасқан жерде Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «Алжир» мемориалды мұражай кешені салынған болатын.
 Кешен тұтқындарды лагерьге әкелген сәттен бастап олардың көрген азаптарын бейнелейтін түрлі бөлімдерден тұрады. Олар «Сталиндік вагоннан»  бастау алып, «Қасірет қақпасы», «Түңілу мен үнсіздік», «Күрес пен үміт» болып жалғасады.   Мұражай кешені ашылғаннан бері мұнда мамыр айының соңғы күні алыс-жақын шетелдерден жазықсыз жапа шеккендердің туыстары, ұрпақтары келіп, оларға бас иіп, еске алуды дәстүрге айналдырған.
 Жалпы, осы жылдар аралығында  мұражай кешені қызметкерлері тек өткен ғасырдың 30-40-шы жылдарындағы халықтың басына төнген нәубетпен ғана шектеліп қалмай, одан кейінгі уақытта да орын алған қасіреттерді де халыққа паш етуді қолға алған.
Мәселен, халқымыздың тәуелсіздік алғанға дейінгі бастан кешкен қайғылары мен азаптары «Ашаршылық азабы», «Атом тозағы», «Тіл мен дәстүр мазағы», «Қуғын-сүргін қасіреті», «Ауған қайғысы», «Арал апаты» сынды бөлімдер арқылы көрініс тапқан. Мұның бәрі сайып келгенде, сол бір қайғыға толы жылдарды болашақ ұрпақ біліп, Тәуелсіздікті, егемен елдікті, өзгелермен терезеңнің теңдігін қадірлей білсін деген ойдан туындаған мәселе. Мұражай кешенінің ашылуына Елбасының өзі бас-көз болуының да мәні осында жатыр. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген қағида ешқашан өз мәнін жоймақ емес. Сондықтан да, өткен тарихымыздан тиісті сабақ алу арқылы ғана еліміздің қарқынды дамуына мүмкіндік туады.
Тарихқа зер салып қарап отырсақ, сол 30-шы жылдардағы қуғын-сүргін 50-ші жылдары да көрініс тапты. Рас, ол кездегідей тым ауқымды болмаса да, талай білімді де, беделді, елге жол сілтер, жөн көрсетер қасиеттері бар азаматтар тоталитарлық жүйеге онша ұнамады. Соның салдарынан кезінде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Жайық Бектұров, Ілияс Омаров сынды қазақтың біртуар азаматтарына да «Ұлтшыл» деген айып тағылған болатын.
Одан бертіндегі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында да Алматыдағы Орталық алаңға шығып өз ойларын ашық айтып, Кеңес Одағында бірінші болып тоталитарлық жүйеге қарсылық білдірген қазақ жастарының қандай қуғынға ұшырағандығы белгілі. Соққыға жығылып, оқудан шығарылып дегендей зардаптарды айтпағанның өзінде, сол жылы 99 адам сотталған екен. Ал, Қайрат Рысқұлбеков болса ату жазасына кесілді. Сондай-ақ, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхаметжанова сынды жастар құрбан болды. Міне, халқымыздың басынан өткен осындай қасіреттердің бәрі жоғарыдағы мұражай кешенінен орын алуы болашақ ұрпақ үшін қажет. Осыларды көріп барып, олар Тәуелсіздіктің қадірін жете түсінетін болады.
Кешенде сондай-ақ, ұлы Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтарынан мәлімет беретін экспозиция ашылған. Онда Абай хакімнің немере інісі ақын, философ Шәкәрімнің не үшін атылғандығы, Абайдың ұлы Тұрағұлдың жер аударылуы, Әубәкір, Бағыфұр, Даниял, Архан, Хамит сияқты ұрпақтарының да қалай қуғынға ұшырағандығы туралы мәлімет алуға болады. Сонымен қатар, «Қазақтың қаһарман ұлдары» атты бөлімде Балуан Шолақ, Қажымұқан, Бауыржан Момышұлы, Жұмабек Тәшенев сынды қайталанбас тұлғалардың өмірімен танысуға болады.
Қысқаша айтқанда, Ақмол ауылындағы  мемориалды мұражай еліміздің тарихынан, халқымыздың басынан кешкен талай тауқыметі туралы көп мәлімет тоғыстырылған  ауқымды кешен.
Мұражай кешені директорының орынбасары Лауренсия  Әбдірахманованың айтуынша, алдағы уақытта әлі де талай құнды жәдігерлер, көпшілікке әлі белгісіз мәліметтер жинақталып, келушілерге ұсынылмақшы. Сонымен қатар, мұражайдың мазмұны да, ауқымы да кеңейе түспек. Яғни, аталмыш мемориалды мұражай кешені тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын жұртшылыққа паш етіп, келешек ұрпақтың халқымыздың бастан кешкен ауыртпалықтарымен кеңірек танысуларына мүмкіндік береді.

Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар