«Әселжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл 1591 гектар алқапқа дәнді дақылдар тұқымын себуді көздеп, көктемгі егіс жұмыстарын өрістете түсуде.
Өткен күзде жауын-шашын мол түсті. Агротехникалық шараларды уақытында әрі сапалы атқарған серіктестік диқандары биыл көктемгі дала жұмыстарын да ойдағыдай аяқтамақ. Оған әрине, ауа-райы мұрша берсе. Өйткені, биылғы ерте көктемнен басталған жауын шаруаларды біраз әбігерге салып, алаңдатып отырған жайы бар.
Шаруашылық алқаптарында бітік өскен егін мен қырманның басындағы үйіліп жатқан астықты қай шаруа армандамайды дейсіз. Бірақ соған жету үшін ерінбей еңбек етіп, маңдай терді төгу керек. Мұндай пейілді «Әселжан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандарының қарекетінен анық байқауға болады. Күннің ашық сәтін тиімді пайдалануға ұмтылған серіктестіктің егістік алқаптарында 15 диқан екі егін себу кешені, үш К-700 тракторымен қауырт жұмыс істеп жатыр. Еңбеккерлердің жалақысы 65-70 мың теңге көлемінде. Егістік басында серіктестіктің тәжірибелі механизаторы Манарбек Ескендіровті сөзге тартқан едік.
– Өткен жылы егін бітік шықты. Биыл да сол межеден табыламыз ба деген үмітіміз бар еді. Тек күн қабағы бір ашылмай қойды. Күн ашық болса бар күшімізді аянбайтынымыз анық. Қазірдің өзінде тәулігіне 50 гектардан астам алқапқа дән сіңірудемін, – деп ағынан жарылды механизатор.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркеш Әленовтың айтуынша, биыл зеренділіктер барлығы 221,795 мың гектар алқапқа тұқым сеппек. Қазіргі кезде жалпы көлемнің 25 пайызға жуық алқабына тұқым себілді.
– Әттең жауын қол байлап отыр. Күн ашық болса, көктемгі егісті мерзімінде бітірер едік. Биыл науқанға 1634 трактор, оның ішінде өнімділігі жоғары 72 шетелдік егін себу кешендері пайдаланылып отыр. Сонымен қатар, 23,1 мың тонна тұқым мен 3,1 мың тонна жанар-жағармай сатылып алынды. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация-сы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы барлығы 189,623 миллион теңге жеңілдетілген несие өтініш білдірген шаруашылықтарға бөлініп берілді. Минералды тыңайтқыштар да ескерілген. Аудан бойынша 4,8 мың тонна тыңайтқышқа тапсырыс жасалынған, – дейді Еркеш Әленов.
Механизаторлардың талапты еңбегіне тәнті болып, егістік алқабынан аттанғанда жұмыс істеймін деген адамға табиғаттың да тосқауыл бола алмайтынын сездік. Алтын астық үшін уақытпен санаспай, тер төгіп жүрген диқандардың ауыр да абыройлы еңбектеріне сәттілік тіледік іштей.
Суреттерде: механизатор Манарбек Ескендіров; агрегатқа тұқым тиеу сәті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Зеренді ауданы.