Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жалған жаладан ақтау жалғасуда - АРҚА АЖАРЫ

Жалған жаладан ақтау жалғасуда

Жаңа заман орнатамыз деп сыңаржақ саясат ұстанған кеңестік билік адамдарға жапа шектірген жасанды науқандар ұйымдастырды. Әсіресе, бұл  30-ыншы жылдары адам айтқысыз жағдайда өрбіді.

Сөйтіп, бұл зарлы заман біздің тарихымызға  жаппай қуғын-сүргін кезеңі болып енді.  Ол кезде мемлекеттік саясат та заңдарды мүлтіксіз орындау тұрғысында жүзеге асырылғаны анық. Ешкім таптық көзқарастың ерекшелігіне де  назар аудармады. Кейде қарапайым шаруалар да бай-құлақ деген желеумен сотталып жатты. Қарапайым  өндірістегі қателіктер қаскүнемдік пен зиянкестік ретінде бағаланғанын да білеміз. Өзінің лауазымдық қызметін орындамау контрреволюциялық  қасақана әрекетке жатқызылып, талай адамның қудалауға ұшырағаны еш жасырын емес. Осылайша қаншама бейкүнә жандардың  құқықтары аяқасты болды.
Ал, ұжымдастыру науқаны бастау алғанда ірі және орта шаруалар тап ретінде жойылып, ондаған жылдарға айдалды. Тіпті, діни сенімдері мен әлеуметтік шығу тегі бойынша да адамдарды жік-жікке бөліп, оларды мемлекеттің қас жауы деп жазаға тартты.  Осының бәрі жаңа қоғам орнатамыз деп жанталасқан биліктің  өз жолындағы барлық тосқауылдарды алып тастауға деген ұмтылысы еді. Тіпті, кім анық жау, ал, кім дос деген пайымға да жете назар аударылған жоқ. «Бүйректен сирақ шығарғандар» да болмай қалмады.
Тарихи деректерге жүгінсек, сол кезеңде қуғын-сүргінге ұшырағандардың белгілі бір бөлігі кеңестік билікке қарсы насихат таратқандар болып табылады. Таршылық пен жоқшылыққа қапалану немесе мемлекеттің бір шарасынан бас тартудың өзі «халық жауы» дәрежесіне жеткізді.
Мұндай адамдарды жазаға тарту үшін тармақталған сот және соттан тыс «екілік», «үштік» органдар әрекет етті. Соттан тыс органдар 20 жыл бойы, яғни, 1953 жылға дейін жұмыс істеді. Олардың үкімдерімен лагерьлерге және арнайы қоныстарға «халық жауларының» өздері ғана емес, олардың отбасы мүшелері де қамалды немесе жер аударылды.
Бүгінде біз тәуелсіздік алдық. Сол бір қайғылы күндердің тұмшаланған беттерін ашып жатырмыз. Прокуратура органдарына жаппай саяси-қуғын сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау жөнінде олардың туыстары көптеп жүгінеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында ғана 69 адамнан осындай өтініш түсіп, оларды қарау барысында 28 адамға  ақтау құжаттары тапсырылса, ал,  32-сіне тиісінше түсініктеме берілді.
Өкінішке орай, азаматтардың барлығы Қазақстан Республикасының «Жаппай саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңының талаптарын біле бермейді. Ол заң бойынша кешегі Кеңес үкіметі аумағында саяси-қуғын сүргінге ұшыраған және қазіргі кезде Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатын барлық адамдар ақталуға жатады. Сонымен қатар, прокуратура органдары архивтік анықтамаларға сүйене отырып, бұл фактілерді соттың шешімімен растау арқылы анықтамалар бере алады. Сондықтан, прокуратураға жүгінген кезде осы заң бойынша талап етілетін барлық құжаттардың болуы қажет. Бұл жазасыз жазаланған жандарды тезірек ақтауға септігін тигізетін болады.

Марат МАҒЖАНОВ,
облыс прокурорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар