Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ҰБТ: нәтиже қалай болар екен?!. - АРҚА АЖАРЫ

ҰБТ: нәтиже қалай болар екен?!.

Жыл басынан бері ұлттық бірыңғай тестілеу тоқтатылып, оқушылар мектеп қабырғасында орта білімді аяқтағандары үшін аттестаттаудан өтеді, ал жоғары оқу орындарына түсу үшін кешенді тест тапсырады, сөйтіп, екі кезең бойынша сынақтан өтеді деген әңгімелер жиі талқыланып, бұл мәселе Білім және ғылым министрлігінде қарастырылған болатын. Бірақ, биыл да мектеп бітірушілеріміз былтырғыдай дәстүрлі түрде ұлттық бірыңғай тестілеуден өтсін деп бұл өзгертулер ендігі жылға шегеріліп отыр.  
Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының әділ өтуі үшін оқушыларды аудиторияға кіргізер алдында арнайы құрылғылармен тексереді. Аудиториялар телефон байланысын тұншықтырғыш құрылғылармен және бейнекамералармен жабдықталып, кезекшілік атқаратын топтар құрылады. Облыстағы 11 тест өткізу пунктінің 3-уі Астана қаласында. Олардың әрқайсысына Білім және ғылым министрлігінің өкілдері келіп, сынақ алаңына бақылау жүргізетін болады. Мамандардың айтуынша, тест өткізу уақытындағы талаптарды министрлік тарапы одан әрі қатайта түспек.  
Облыста соңғы үш жыл ішінде 14631 мектеп бітірушінің 10561-і тест тапсырыпты. Солардың 3442-і жоғары оқу орнына түсуге қажетті шекті балды ала алмаған. Бүгіндері білім бөлімдерінің тапсырмаларымен мұғалімдер қауымына «тест тапсыра алмайды-ау» деген оқушыларға сынаққа қатысудан бас тарту туралы өтініштерді жазғызып, оған көнбей жатқандарымен қайта-қайта сөйлесіп, ата-аналарын шақыртып, әйтеуір тест тапсыртпаудың амалын жасауда. Өйткені, бұл оқушылар мектептің, ауданның орташа балл көрсеткішінің төмендеп кетуіне әсер етеді екен.  Мәселен, 2012 жылы облыста 4193 оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысса, оның 1519-ы тиісті шекті балды ала алмаған. Ал, 2013 жылы 3345 оқушының 1336-ы, 2014 жылы 3023 оқушының 587-і жоғары оқу орындарына түсуге қажетті балды ала алмапты. Қарап отырсақ, жыл сайын тестілеуге қатысатын оқушылардың саны азайып барады. Тиісті балды ала алмаған оқушылар саны да аз емес. Міне, осындай нәтижеден кейін «аузы күйген үрлеп ішедінің» күйін кешкен мұғалімдер қауымы осы тектес алдын алу шараларын ұйымдастырады.
Енді, «Алтын белгіге» үміткерлердің мәселесіне тоқталсақ, тестілеу бағдарламасы енді ғана шыққан жылдары олардың саны өте көп болатын. Ал, бүгін олар да қысқаруда. Мәселен, 2012 жылы үміткерлер саны 252 оқушыны құраса, оның тек қана 58-і үмітті ақтап шыққан, одан кейінгі 2013 жылы 208 оқушы «Алтын белгіден» үміттенсе, оның 42-і ғана білімдерін дәлелдей алды. Ал, 2014 жылы 191 оқушы ғана осы бір санат бойынша тест тапсырса,  оның 88-і мақсаттарына қол жеткізе алған. Бір қызығы, біздің облыста «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны да аз екен. Нақтылайтын болсақ, 2012 жылы 22 оқушы, 2013 жылы 8 мектеп бітіруші және өткен жылы 40 түлек «Үздік аттестаттың» иегері атанған. Біз мысалға алып отырған алғашқы екі жылдың көрсеткіштеріне қарасақ, «Алтын белгіге», «Үздік аттестатқа» үміткерлердің қол жеткізгендерінің көрсеткішінің тым төмен екендігі байқалады.  
Не себептен оқушылар шекті балға қол жеткізе алмайды? Тіпті, «Алтын белгі» үміткерлерінің арасында да жоғары оқу орнына түсуге қажетті 50 балды жинай алмай қалатындар да жоқ емес. Мұндағы басты себеп не? Қаншама мұғалімдер жыл сайын қайта даярлау, білімдерін жетілдіру курстарынан өтіп, бірінші, екінші және жоғары санаттарды алып жатыр ғой. Сонда білімді де білікті ұстаздарымыз оқушыларына тест тапсыруға қажетті білімді дұрыс бере алмай жатыр ма? Әлде, оқушылардың шалағайлығы ма? Тиісті балды ала алмаудың бір себебін облыстық білім басқармасының мектеп бөлімі бойынша сұрақтармен айналысатын маманы Ольга Ковалева бізге былай деп түсіндірді:
–Оқушылар жыл бойы өткен жылы ұлттық бірыңғай тестілеуде болған тест тапсырмалары бар кітапшаларды алып дайындалады. Бірақ, тест бағдарламасының тапсырмалары жыл сайын өзгерістерге ұшырайтынын ескере бермейді. Олар тест тапсырмаларын жауаптарымен жаттап алады да, басқа тапсырмалар келгенде, абдырап, оқығанын ұмытып, шатасады. Сондықтан, тестілеуге негізінен пән бойынша кітаптарды алып, оқып, зерделеп дайындалған абзал. Сонымен қатар, соңғы жылдары тапсырмалар арасында логикалық сұрақтар да көптеп кездесіп жүр. Кейбір оқушыларымыз сол тапсырмаларға ойланып отырып, уақыттарын өткізіп алады, –дейді.
Білім және ғылым министрлігінің мамандары биыл да тест тапсырмаларын отыз пайызға жаңартқандығы жөнінде мәлімдеді. Дегенмен, мектептің пән бағдарламаларын түсініп, түйсініп оқыған балалар сынақ алаңында бәрін ұмытып, керісінше тест тапсырмаларын жаттап алғандардың жолы болып кететін жағдайлар жиі кездесетіні де белгілі. Бұл жөнінде психолог маманның пікіріне жүгінуге тура келеді.
–Біздің қазақта «бақ шаба ма, бап шаба ма» деген сөз бар. Жыл бойы дайындалған оқушыларға қарағанда, тест кітапшаларын алып, жаттап алғандар жоғары балға ие болатын сәттер аз емес. Әрине, әділетсіздік. Бірақ, сынақтың аты сынақ. Ұстаздар мен психологтар «Алтын белгі» үміткерлерімен үнемі жұмыс істеу қажет. Кейбір оқушылардың мінез-құлқы аутодиструктивті, девиантты болып келеді. Тест нәтижесінен кейін кейбірі айтуға ауыз бармайтын әрекеттерге бейім болады. Міне, сондықтан олармен мектеп психологтары жиі сөйлесіп, түрлі тренингтер өткізіп отырған жөн. Оларды «сендер әлі үміткерсіңдер, сынақ нәтижесі ғана «Алтын белгі» иегерін анықтайды» деп дайындау керек. Аталмыш сынаққа бір апта немесе екі-үш күн қалғанда тест кітапшалары мен кітап оқуды қойып, таза ауада жүріп демалса, оқушылардың милары да демалады. Кейбір ата-аналар балаларына түрлі дәрілер ішкізіп, есте сақтау қабілеттерің жақсы болады деп жатады. Бұл да қате. Тестке бір шоколад жеп, не болмаса жалбыз шөбінен жасалған шай ішіп барса, оқушы өзіне сенімді болып, барлық ойын жинақтап ұстайды. Сонымен қатар, мектептерде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы жақындаған уақытта жиналыстар өткізіліп, ата-аналармен де түрлі жұмыстар жүргізілген абзал, Ұлттық бірыңғай тестілеуге ақыл-ой мен бойдың сергектігі, жинақылығы, тынымсыз да тиімді және жүйелі ой еңбегі қажет. Білімге деген шын құштарлық пен құрмет, жігерлі сілкініс пен ізденіс керек. Қатаң тәртіпке бағыну, өзіңді-өзің үздіксіз қамшылау керек. Тоқетері, терең ішкі мәдениет қажет, –  дейді психолог-маман Жадыра Батырбекқызы.  
–Міне, оқу жылы да көзді ашып, жұмғанша аяқталып қалды. Жыл басынан бері аталмыш сынаққа бас алмай дайындалып жүрмін. Алдын ала тапсырған тест қорытындыларына әзірге көңілім толады. Бірақ, тестілеу барысында мүлде басқа тапсырмалар келіп қалса, жауап бере алмай қиналып қаламын ба деген күдік бар жүрегімде. Сондықтан, әлі де дайындалып жүрмін. Мұғалімдеріміз бізді: «Сендер әлі үміткерсіңдер, өмірде ең басты нәрсе тест емес, ата-аналарың мен денсаулықтарың. Сол себептен еш уайымдамай дайындала беріңдер» деп, бізді қолдап жүреді, дейді «Алтын белгі» белгісінен үміткер Айнұр Қапарова.
Бүгінде он бірінші сыныпты бітірген кез келген оқушыдан дайындық қалай деп сұрай қалсаңыз, «тест жаттап жүрміз» деп ауыздарын толтырып жауап береді. Ауылдық жерлерде соңғы бір-екі ай ішінде тест сабақтарынан басқа пәндердің барлығын мүлде ысырып қойып, тек тест тапсыратын сабақтарын оқығандығын тағы да жасыра алмаймыз.  
Бірде іссапарда жүргенімде бір дәмханаға түстенейін деп кірдім. Залда ешкім жоқ екен. Даяшы келіп, менен тапсырыстарды алып жатқанда, екеуіміз әңгімелесіп кеттік. Сонда ол маған: «Мен мектепте өте жақсы оқыған оқушылардың қатарында болдым деп айта алмаймын, бірақ, барынша жақсы оқуға тырысатынмын. Ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш жазу кезеңінде ұстаздарым, сен тест тапсыруға бармай-ақ қой, мектепте емтихан тапсыр, өзіміз көмектесеміз. Аттестат алған соң өзің қалаған бір орта оқу орнына түсерсің деп ақыл-кеңес берді. Мен келісімді бірден бермесем де, әйтеуір көндірді. Сөйтіп, мектеп бітірген соң ел қатарлы қалаға шығып, құжаттарымды оқу орындарына тапсырайын десем, ешбір оқу орны қабылдамайды. Сөйтіп, амалсыздан осында қызмет етуге кірдім. Ендігі жылы өзімнен кейінгі буынмен тест тапсыруға дайындалып жүрмін» деп мұңын шақты. Бұл жерде кімге кінә тағамыз? Көрсеткіш қуған мұғалімдеріне ме, жоқ әлде келісім білдірген оқушыға ма? Бүгінде кез келген оқушы мен ата-ана өз құқықтарын білуі тиіс. Себебі, «Құқықтану» сабағы 8-9 сыныптарға арнайы пән ретінде оқытылады.
Биыл облыстағы 4457 мектеп бітірушінің 3207-і жоғары оқу орындарына түсу үшін 2-5 маусым аралығында ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсыратын болды. Тест тапсыруға өтініш білдіргендердің 184-і «Алтын белгіден» және 58-і «Үздік аттестаттан» үміткер. Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдайтын 95 мектеп бітірушінің жетеуі «Алтын белгі» және он бесі «Үздік аттестат» үміткері санатынан. Халықаралық олимпиадалардың қатысушылары мен республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері ұлттық бірыңғай тестілеу сынағынан босатылады. Облыста олардың саны 46 оқушыны құрап отыр.  
Нәтижесі белгіленген күні белгілі бір екі-үш сағаттың ішінде өте шығатын тестілеуден кейін анықталады. Біреулері үкілеген үмітті ақтаса, енді бірі бар оқыған-тоқығанын жауапты сәтте не ұмытып, не тест парағындағы ұяшықтарды дұрыс белгілей алмай, қобалжығаннан шатасып, қиналып шығып жатады. Бұл үшін әрине, алдымен оқушылармен дайындық жұмыстарын дұрыс әрі жиі жүргізіп отырған жөн шығар…

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар