Облыс әкімі Сергей Кулагин Ақмола облыстық ауруханасының жанынан салынған жаңа екі үйдегі 36 пәтердің кілтін медицина қызметкерлеріне салтанатты түрде табыс етті.
Алдымен облыс әкімі Сергей Кулагин ұлт саулығы үшін халыққа медициналық қызмет көрсетіп жүрген ақ халатты абзал жандарды келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Құрметті медицина қызметкерлері, әрине, бұл отыздан астам пәтермен барлықтарыңызды толық қамтыдық деп айта алмаймын. Бірақ, бұның өзі адал еңбек атқарып жүрген дәрігерлерге аз да болса көмегіміз. Келесі жылы да осы сала мамандарына арнап, тағы да үй саламыз, – деп сөзін түйіндеді өңір басшысы. Ең алғашқылар болып пәтер кілттерін қолдарына алған жас дәрігерлер Айтымовтар отбасы. Кардиолог мамандығын игерген Динара Серікбайқызы мен рентгенэндоваскулярлық хирургия бөлімінің жетекшісі Біржан Айтымовтар бірнеше жылдардан бері облыстық ауруханада қызмет етіп келеді.
– Өзіңнің үйің бар екенін сезіну қандай қуаныш десеңізші! Мемлекет тарапынан медицина қызметкерлеріне ерекше көңіл аударылып, баспанамен қамтамасыз етіп жатқанына алғысымыз шексіз. Бізде алдағы уақытта халқымыздың болашағы үшін, ұлт саулығы үшін қолдан келген көмегімізді еш аянып қалмаймыз, – деп өз ойымен бөлісті Динара Айтымова. Облыс әкімінің қолынан сонымен қатар, жұқпалы аурулар бөлімінің жетекшісі Сәуле Жұматова, дәрігер-травматолог Сергей Вурц, терапевт Назгүл Нұрбикенова да пәтер кілттерін алып, қуанышқа кенелді.
Бұдан әрі салтанатты жиынға жиналған дәрігерлер өңір басшысымен бірге пәтерлерді аралап көрді.
Рамазан ТӨЛЕУБАЙ.