Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бір күн. Бірақ, қарбаласқа толы мазасыз күн... - АРҚА АЖАРЫ

Бір күн. Бірақ, қарбаласқа толы мазасыз күн…

 

журналистің қаламын аз уақытқа полицияның учаскелік инспекторының
киіміне алмастырған арнаулы тілшіміз редакциямызға осылай деп келді

 

Облыс орталығындағы полицияның онға жуық   учаскелік пунктінде барлығы қырық жеті полиция қызметкері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында аянбай еңбек етуде.  Облыстық ішкі істер департаменті ұйымдастырған игі шараның арқасында біз де журналистік мамандығымызды бір күнге тәртіп сақшысына алмастырып, қиындығы мен жауапкершілігі мол осы бір қызметтің қыр-сырына үңілгендей болдық.
Үстіме көк жейде, басыма фуражка киіп, әп сәтте құқық қорғау қызметкері болып шыға келдім. Несіне жасырайық, полиция қызметкері ретіндегі алғашқы жұмыс күніміз сөгіс алудан басталды. Белгілі бір себептермен біз таңғы лездемеге қатыса алмағандықтан Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Серік Зейнуллин түсініктеме жаз деп бұйырды. Өз қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын басшының бұлай етуі орынды да, өйткені, қоғамның қауіпсіздігі кешіккенді, мүлт кетуді кешірмейді. Күн сайын таңғы сағат 8.30-да өтетін штаттық  жиналысқа әр учаскелік полицей қатысуға міндетті. Онсыз жұмысты жоспарлы орындау мүмкін емес. Сөйтіп, түсініктеме алғаннан кейін мені қаладағы Жамбыл көшесінің бойындағы №3 полиция учаскелік пунктіне бекітті. Қасымда учаскелік инспекторлар Дамир Жүсіпов және Қайролла Байдуллин бар үшеуіміз жұмысқа қызу кірісіп кеттік. Олар да маған өз әріптестері сияқты қарап, мән-жайды түсіндіріп отырды.
Жалпы, мен бекітілген №3 полиция учаскелік пункті бойынша он бес адам түрмеден мерзімінен бұрын босатылғандар ретінде және ішімдікке әуес он отбасы тіркеуде тұр. Оларды әркез қадағалап  отыру Дамир мен Қайролланың негізгі міндетіне кіреді. Күн сайын ауыздары арақтан босамай, уақыттарын тек ұйқымен, төбелеспен өткізетін жандар бар екенін естігенімде азырақ сенімсіздік танытқан едім. Алайда, сондай отбасыны өз көзіммен көргенде тағдырын бөтелкеге тәуелді еткен әлгілер үшін бойымды ыза кернегені рас. Тұрып жатқан жерлерін үй деп айтуға аузыңыз бармайды. Тіпті, қабырғаларға да арақтың иісі сіңіп кеткендей. Біз кіріп келгенде Януш есімді үй иесі ұйықтап жатыр екен. Араққа сылқия тойып алған оны әрең дегенде оятып алдық. Келесі бөлмеге бас сұғып едік, онда тағы масайған үш-төрт адамның жатқанын көрдік. Араларында 16-17 жасар бойжеткен де бар. Оларды сұрақтың астына алып, қайдан келгенін сұрадық. Галина есімді келіншек еріндерін зорға қимылдатып, Астанадан келгенін айтса, тағы біреуі бұл жерге қалай келгенін де білмей, мүлде жауап бере алмады. Үй иесіне әлгілерді бір сағаттың ішінде үйден шығарып жібермесе қамауға алатынымызды ескертіп, өзіміз басқа үйді тексеруге кетіп қалдық.
–Маскүнемдермен қатты-қатты сөйлескенімізден шошымаңыз. Өйтпеске болмайды. Неге десеңіз, адам мас күйінде не істеп, не қойғанын білмейді. Қоғамда көптеген қылмыс осы ащы судың кесірінен жасалып жатыр. Біздің міндетіміз соның алдын алу, – деді менің таңқалған жүзімді көрген учаскелік инспектор Қайролла Байдуллин. Сөзінің жаны бар. Егер біз  масайған әлгі адамдарды «ішсе іше берсін» деп қараусыз қалдырып кетсек, арты қандай жамандыққа апаратыны баршамызға аян. Олар төбелесіп, бірін-бірі пышақтың астына алмайтынына кім кепіл? Сол себепті, тәртіп сақшыларының үй-үйді аралап, қайғылы жағдайды болдырмаудың жолын қарастыруы өте дұрыс.
Бір күн полиция қызметкері бола жүріп біраз жайға қаныққанымыз рас. Қызметтік көлігімізге мініп, арнайы тіркеуде тұрған  тағы бір тұрғынның үйіне жол тарттық. Учаскелік полицейлердің айтуынша, ол үйде өкпе ауруына шалдыққан ішкіш əйел тұрып жатқан көрінеді. Өкінішке орай, онымен сөйлесудің сəті түспеді. Үйіне жақындай бергенімізде əлгі əйелдің есікке құлып салып, бір жаққа кетіп бара жатқанын көріп, кері қайттық.
Осылайша, күндіз шақырту аса көп болмағанымен, ымырт жамылған уақытта біздің жұмысымыз қиындай түсті. Солай болатынын əріптестерім де əу баста ескерткен еді. Айтқандары сол-ақ əп-сəтте шақырту келіп түсті. Қажымұқан спорт мектебі жанындағы сыраханалардың бірінде жастар төбелесіп жатыр деп дабыл қағылғандықтан, екі өкпемізді қолымызға алып дереу сол жерге аттандық. Барсақ, шынымен де, екі бозбала жаға жыртысып жатыр екен. Полиция инс-пекторлары Қайролла мен Дамир екеуінің араларына түсіп, төбелесті уақытында ауыздықтай білгенімен, жастардың бір-біріне деген ашу-ызасы басылар емес. Екеуі анадайдан балағат сөздер айтып, тіпті тəртіп сақшысы екенімізге қарамай бізге де бас салды.
Мұндайды бұрын-соңды көрмеген менің санама неше түрлі ойлар келіп, бойымды үрей билеп, қорыққаным рас. Əсіресе, бұзақылардың біреуі қалтасынан пышақ шығарғанда жүрегім аузыма тығылды. Олардың бұл қылығы ішімдіктің салдары екені анық еді. Əріптесім Қайролла қосымша көмек күшін шақырып, абырой болғанда əлгі немелерді тергеу изоляторына алып кетті. Шыны керек, осы оқиғадан кейін өз-өзіме əрең келдім. Мен аталмыш сорақылықты өмірімде бір-ақ рет көрсем, полицейлер мұндай жағдайларға күнде тап болып жатады. Олардың отбасыларының да жандарын шүберекке түйіп, бірі жан жолдасы, енді бірінің ұлы үшін алаңдауы бекер емес. Қызметте жүріп ерлікпен қаза тапқан тəртіп сақшылары қаншама десеңізші. Бұл жұмыстың  қаншалықты қиын екенін біле тұра, одан бас тартпай, қасиетті Отанымызға адал қызмет етіп жүрген жандар қашанда зор құрметке лайық. Бізбен əңгімесінде Қайролла мен Дамир де осы мамандыққа жүрек қалауымен келгендерін айтты. №3 полиция учаскелік пунктінің қызметкері Дамир Жүсіпов:
– Тапсырманы орындау кезінде алғашында қорқыныш сезімі болды. Алайда, уақыт өте келе бəрін де жеңіп шықтық. Қазір осы саланың майталманы болмасам да, адамдардың өмірін арашалап қалуға, қаладағы тəртіптің бұзылмауына өз үлесімді қосып келе жатқаныма қуанамын, – десе, учаскелік полицей Қайролла Қайратұлы да істеп жүрген жұмысын жаны сүйетінін айтып, барлық əріптестерін келе жатқан кəсіби мерекелерімен құттықтады.
Мамандықтың оңайы жоқ екені рас. Бірақ, бір күн құқық қорғау қызметкері бола жүріп, небір жан түршігерлік  оқиғалармен бетпе-бет келгеннен кейін осы мамандық иелеріне деген құрметім арта түскендей. Кей кездері көшеде полиция формасындағы нəзік жандыларды көргенде мен де солар сияқты болсам ғой деп армандаушы едім. Алайда, полицей болу үшін армандап қана отыру жеткіліксіз екен. Ол үшін бойыңда өшпес өжеттілік, ержүректілік, ал, кеудеде патриоттық сезім жалындап тұруы қажет. Оның үстіне, психологиясына, іс-қимылына қарап қылмыскерді бейкүнə адамнан ажырата білу де ептілік пен қырағылықты талап етеді.
– Кінəсіз адамға қарағанда қылмыс жасаған адам өзін мүлде басқаша ұстайды. Əсіресе, бізді көргенде қобалжып, ұсталып қалмасы үшін қашуға дейін барады. Білікті маман нағыз айыпталушыны психологиясына қарап анықтап бере алады, – деген пікірде Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Серік Зейнуллин.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, учаскелік полицейлер түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққандарды да күн сайын тексереді. Тәртіпке сай ондай азаматтар кешкі сағат оннан таңғы сағат алтыға дейін сыртқа шықпай, үйлерінде болуы қажет. Өйтпеген жағдайда, оларға заңды қайта бұзды деп айып тағылып, қайтадан темір торға тоғытылуы мүмкін. Бұл жолы біз кешкі тексеріс жүргізгенімізде барлығы үйлерінен табылғанымен, бұрындары сотталғандардың арасында  тәртіпке бағынбай, полицейлердің құрығына түскендер талай кездесіпті. Солардың бірі түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққан Көкшетау қаласының тұрғыны Борис Смирнов кешкі уақытқа қарамай үйінен шығып кетіп, әрі ұрлық жасағаны үшін қайтадан түрмеге жабылған.
 Иә, кінәлі адам құрықталып, кінәсіз қорғалады. Мінеки, полиция қызметкерлерінің басты ұстанымдары осы. Ендеше, барлық құқық қорғау қызметкерлеріне жұмыстарыңыз жемісті болып, еліміздің қорғанына айналып жүре беріңіздер демекпіз.  

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

P.S. Редакция өз тарапынан осы игі шараны ұйымдастырған облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне алғысын білдіреді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар