Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Еңбек Ері атануым тілшілердің де арқасы - АРҚА АЖАРЫ

Еңбек Ері атануым тілшілердің де арқасы

Мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ аудандық «Қызыл Ту», облыстық «Көкшетау правдасы» газеттерін рухани серік еттім. Баспасөз беттерінен еңбек адамдары жөнінде жазылған мақалаларды оқуды ұнататынмын.

Еңбек озаттарын өзіме үлгі-өнеге тұтып, солардай болуды іштей армандадым. Біз атқа мінгенде ауыл шаруашылығы дамып келе жатқан кез еді. Ауылдың өрісі малға толып, ақық дән жайқалып ауыл адамдары қайнаған еңбектің бел ортасында жүрді. Адам баласын өзі өскен ортасы тәрбиелейтіні белгілі. Еңбекке ерте араласуыма тура келді. Алғашында қой шаруашылығында жұмыс істедім. Осы еңбектің арқасында шарболаттай шыңдалдық. Бала кезімнен ауыл шаруашылығы техникасымен жұмыс істеуді армандайтынмын. Арманым жүзеге асып «Комсомолдың 50 жылдығы» атындағы кеңшардың Мортық бөлімшесінде механизатор болдым.
Сол кездің техникасын қазіргі заманғы шетелдік техникалармен мүлде салыстыруға болмайды. Қазір егіс кешені барлық жұмыстарды бірден атқарады. Біз шынжыр табанды тракторға сеялка тіркеп, дәнді дақылдар сіңірдік. Кабинасы ашық-тесік болғандықтан, шаң жұтатынбыз. Ал, қазіргі заманғы шетелдік техникаларда механизатор үшін барлық жағдай жасалған. Қазір сол замандағы бірнеше ауысымдық нормамыз бір-ақ күнде атқарылады.
Еңбекте озат болып, журналистермен көп кездестім. Алғашқы еңбегім туралы мақала аудандық газетте жарық көріп, туыс-туғандарым мен дос-жарандарымның қуанғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Кім өзінің адал еңбегі жайында жазылған мақаланы жек көрсін. Мен де қуандым. Кейін облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің журналистері Жұмабай Есекеев, Қорғанбек Аманжолов пен марқұм Тоқтар Баймағамбетов еңбегім жөнінде бірнеше рет көлемді мақала жазды. Марқұм Сәкен Әубәкіров облыстық радиодан жиі сөйлететін. Республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас» газеттерінің беттерінде  де көріндім. Журналист Несіп Жүнісбаевтың көлемді мақаласы есімде қалыпты.
   Сол кездегі басшылар газет бетіндегі мақалаларды назардан тыс қалдырмайтын. Социалистік жарыста жетістіктерге қол жеткізген еңбек озаттарын марапаттайтын. Сын мақалаларды дұрыс қабылдап, олқылықтарды түзейтін. Сөйтіп, қоғамда адал еңбектің туы желбіреді. Бір бесжылдық ішінде екі бесжылдықтың жоспарын орындап, мол табыстарға қол жеткізгенім үшін 1980 жылдың наурыз айында Социалистік Еңбек Ері атағын алдым. Сөйтіп, бұл атақты алуыма баспасөздің де ықпалы тиді. Журналистерге айтар алғысым шексіз. Облыстағы Еңбек Ерлерінің арасында ең жасы мен болдым. Сол жылы 32 жаста болатынмын. Келесі жылы трактор-егіс бригадасын басқарып, механизаторлардың алдыңғы қатарда болуына ықпалымды тигізуге тырыс-тым. Бұл бағытта журналистердің де көп көмегі тиді. Көбімен дос болып, араласып тұруымның арқасында көп дүниеге көзім жетті. Сөзімнің соңында журналистерді кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбастарының амандығын және еңбектерінің жемісті болуын тілеймін.
Есілбай ҚАДЫРАЛИН,
Социалистік Еңбек Ері,
мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар