Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ел газетінен бастап өлкелік, облыстық - АРҚА АЖАРЫ

Ел газетінен бастап өлкелік, облыстық

басылымдарға дейін жазып тұрдым

Менің туған ауылым Игілік ауылы. Ертеректе өз алдына «Қазақстанның 30 жылдығы» атындағы колхоз болыпты.
Ауылда қазақ орта мектебі, байланыс бөлімшесі, мәдени ошақтары, халыққа тұрмыстық-әлеуметтік көмек көрсету орталығы, дәрігерлік көмек көрсету пункті мен күнделікті қажетті тауарлары бар дүкендер жұмыс істеп тұрды. Алпысыншы жылдардың басында шағын ауылдардағы қазақ орта мектептері жабыла бастағанда, мен оқып жүрген орта мектеп те «бала саны аз» деген желеумен жабылып тынды. Сол себепті, Есіл қаласында орналасқан №511 қазақ орта мектебіне қатынап оқуға тура келді. Таңғы алтыда тұрып, жуынып-шайынып, керекті оқулықтарды жинақтап, совхоз кеңсесінің жанында жиналып орталыққа екі  тіркемемен қатынайтынбыз. Қаланың аты қала ғой. Әбден бойымыз үйреніп алған соң, сабақтан қолымыз босай қалса, орталықта орналасқан кітапхананы, кітап, азық-түлік дүкендерін аралап шығуды әдетке айналдырдық. Сондай күндердің бірінде аудандық мәдениет үйінің жанындағы жарнамаға көзім түсті. Тың қақпасы Есіл қаласына Мәскеуден арнайы әртістер тобы келіп концерт қоймақшы екен. Ертеңіне сынып жетекшісі бас болып, алыстан келген қонақтардың концертін тамашаладық. Ауданда  бұл үлкен жаңалық еді. Әртүрлі тақырыпта  шұқылап жазып жүргенімді білетін мектеп директоры, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, марқұм Сейітжан Омаров:
– Амангелді шырағым, сенің жазумен әуестенетініңді білемін және еркін тақырыптарға жазып жүрген мазмұндамаң да құптарлық. Осы концерт туралы облыс не республикалық газеттің біріне неге жазып жібермейсің, – дегені әлі есімде.
Айтқандай-ақ осы өткен концерт туралы «Социалистік Қазақстан» газетіне жазып жібердім. Арада бір-екі жеті өтпей шағын мақалам газет бетінде жарық көрді. Бұл 1963 жылдың, әлде 1964 жылдың күзі болатын. Міне, содан бері республикалық, облыстық газеттерге мақала жазумен айналыс-тым. Ауылымның малшы, механизатор және басқа да салаларда еңбектеніп жүрген азаматтары туралы мақалаларым жиі-жиі газет беттерінен орын алып жүрді. Бес облыс біріктіріліп «Тың өлкесі» ашылғанда орталығы Целиноград қаласында «Тың өлкесі» атты облыстық басылым өлкеде болып жатқан жаңалықтарды  тұрғындарға жан-жақты таныстырып, тыныс-тіршілікті кеңінен оқырмандарға жеткізіп отырды.
Әскери борышымды өтеп жүргенде де «Коммунизм нұры» газетінен қол үзбедім. Қолыма қалам алып жерлестерім туралы бірнеше мақалалар жаздым. Жолым түсіп Целиноград қаласындағы «Тың өлкесі» редакциясында болдым. Редактордың орынбасары Мәди Байтұрсынов, газет қызметкерлері Естай Мырзахметов, Төлеген Қажыбаев, Мәди Хасенов, Шәмшиден Дәуітов сияқты ағалармен таныс-тым. Әлі есімде, әскери борышымды өтеп келгеннен кейін аудандық атқару комитетінде қызмет істедім. Өнеркәсіп, сауда-тұрмыс бөлімінде жүргенде «Замандас-тар» және «Армандастар» деген қос материалым газет бетінде жарық көрді. Шамалап өңделгені болмаса өзім қалай жаздым солай жарияланды. Сондағы қуанғаным-ай. Жаңағы материалдарды қиып алып, бөлмемдегі столдың үстіндегі әйнектің астына қойдым. Келген-кеткен жора-жолдастар оқып, «қолыңнан келіп тұрса, жаза бер» деп қолдау көрсетті. Ауданымызда малға жемшөп дайындау мерзімі аяқталып, егін жинау науқанына қызу дайындық жүріп жатқан. Бір мезет бөлмемнен  шығып кетіп, қайта келсем, стол басында бір кісі отыр. Сәл
жымиып күлді де:
– Амангелді деген жігіт сен боламысың. Әйнек астындағы мақалаларыңнан байқап қалдым, – деді.
– Иә, аға мен едім, қолым босай қалса ептеп жазатыным бар. Бұрын да жазып жүргенмін,  – дедім.
Бұл кісі Октябрь Әлібеков ағамыз болып шықты. Ауданымыздағы қысқа жемшөп қорын дайындау барысымен алдағы келе жатқан егін ору науқанына дайындық қалай жүріп жатқанымен танысу үшін арнайы іссапармен келіпті. Әрине, мен бұл ағаммен сапарлас бола алмадым. Ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлерімен ұжымшарларды аралауға кетті.   Ол кісі жолға шығайын деп тұрғанда:
–Амангелді інім, қолың босай қалса жаза бер, жергілікті тілшілер газетіміздің ең жақын жанашыры. Қандай материал жазсаң да дәлелді, дәйекті болсын. Ал, өңдеп шығару біздің міндетіміз, –деген еді.
Жетпісінші жылы Торғай облысы ашылып, облыстық «Торғай таңы» газеті жарық көрді. Бұдан да қол үзбей жазып тұрдым. Осы газетте қызметте болған Қонысбай Әбілов, Ж.Сомжүреков, Мәтен Бижанов, С.Мырқалиев, Жұматай Сабыржанұлы, Сейіт Кенже-
ахметов сияқты аға-інілерім маған жанашырлық білдіріп жүрді. Кейде жұмыс бабымен қолым босамай газетке материал жібермегенімде сыныптас, аяулы досым Жәнібек Әлжанов:
–  Әбеке, бармысың, газетте материалдарың көрінбей кетті ғой, неге үндемей жатырсың деп телефон шалатын. Сөйтсем, менің аман жүргенімді газеттегі материалдардан оқып біліп жүреді екен. Бұған шаттанған мен қайтадан қолыма қалам алып жаза бастаймын.
Қайсы бірін жаза берейін. Осындай жандармен араласқаныма мен қуанамын. Осы орайда, баспасөз қызметкерлері күніне орай, облыстық «Арқа ажары» газетінің қызметкерлеріне ақ жол тілеймін. Қаламдарың ұшқыр болсын, ешқашан да мұқалмасын деген тілек білдіре отырып,  келер ұрпақ тәрбиелеуде газеттің рөлі орасан зор екенін айтқым келеді.
Амангелді ЕСТАЙ,
зейнеткер, штаттан тыс тілші.
Есіл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар