Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Телеарна тынысы - АРҚА АЖАРЫ

Телеарна тынысы

 

Теледидарды күн сайын үзбей қарайтын көрерменге шыны керек, тек жүргізушілердің жүздері ғана таныс. Бір ғана жаңалықты эфирге шығару үшін бір емес, бірнеше адам тынымсыз еңбек етеді. «Қазақстан» республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалында болғанымызда осыған анық көз жеткізіп оралдық.

 

Біз келгенде мұнда қауырт жұмыс жүріп жатты. Қол қусырып қарап отырған жанды көрмейсіз. Иə, көрерменге сағат сайын тың ақпарат беруге тырысатын телевизия қызметкерлерінің іс-əрекеті басқаша болуы мүмкін емес. Мұнда аптаның қай күні келсеңіз де осындай көріністі байқайсыз. Ұжымдағы сексен адамның бəрі жұдырықтай жұмылып, теледидардың əр жағында отырған халыққа тек үздік нəрсені ғана ұсынуға тырысады. Соның ішінде, жиырмаға жуық редактор хабар жазумен айналысса,  бас-аяғы тоғыз оператор жер-жерде болып жатқан оқиғаларды бейнекамераға түсіреді.     
Кез-келген ұжым секілді мұнда да кадр тапшылығы сезіледі. Әсіресе, режиссерлер қажет. Облыстық филиал директоры,  Халықаралық Телевизия және радио академиясының мүшесі
Арсений Дүйсеновпен әңгіме-лескенімізде, ол кадр тапшылығын, көптен бері шешімін таппай келе жатқан басқа да мәселелердің себебін былайша түсіндірді.
–Облыстық «Қазақстан» рес-публикалық телерадио корпорация-
сы» акционерлік қоғамы Ақмола облыстық филиалы екінші қайтара тоқсаныншы жылдардың басында  құрылғаны белгілі. Өкінішке орай, облысымыздың тарап, етек-жеңін қайта жинақтауы  жергілікті телеарнаға да өзінің кері әсерін тигізбей қоймады. Мәселен,  бұрынғы телеарна бір-ақ сәтте облыспен бірге тарауға мәжбүр болды. Одан кейін Ақмола облысының орталығы Көкшетауға көшірілгеннен кейін, облыстық филиалды  қайта ашуға тура келді.  Оның үстіне жергілікті жерде телевизия саласына қажетті мамандарды даярлайтын жоғары білім ордалары жоқтың қасы. Дегенмен, облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжімен байланыс орнатып, ондағы түлектер бізде жұмыс істеуге ниет білдіруде, – деді телеарна басшысы.     
Иә, расымен де, телевизия – көп жабдықты талап ететін сала. Күн сайын эфирден жаңалық, ақпараттық бағдарламаларды тарату үшін оған жүз шаршы метр павильон, заманауи жарық  керек. Өйткені, ақпараттың жедел түрде берілуі техникаға байланысты. Өкінішке орай,  қазіргі таңда отырған ғимараттары тар болғандықтан аталмыш телеарнаның қандай да бір кең ауқымды бағдарламалар, не болмаса тұрғындардың қатысуымен пікірталас алаңын ұйымдастыруға мүмкіндіктері жоқ.
Соған қарамастан бүгінде мұндағы қызметкерлер жоқтан бар жасап, көрерменге өңіріміздің тыныс-тіршілігін дөп басып жеткізуді жалғастырып келеді. Жуық арада виртуалды студия сатып алу, сюжетті таспаға жазу әдісінен заманауи сандық форматқа көшу  жоспарда бар. Бұл жұмыстардың бәрін қыркүйекте басталатын жаңа маусымға дейін аяқтауға техникалық қызметкерлер бар күштерін салып жатса, шығармашылық ұжым да көрерменді тың ізденістерімен таң қалдырмақ ниетте.   
Шығармашылық ұжым демекші, оның басым бөлігін жастар құрайды. Олардың барлығы бірдей телеарнаға жұмыс істеуге журналистика факультетін бітіріп келмесе де, мұндағы тəжірибелі аға-əпкелерінен үйренгені, жұмыста жүріп саналарына түйгені заман көшінен қалып қалмауға, болашақта өз ісінің нағыз білгіріне айналуға əбден жеткілікті. Сондай жас тілшілердің бірі Оңғар Тоқановты да жұртшылық танып үлгерді. Оның журналистика саласына келгеніне көп бола қойған жоқ. Алайда, жас маман өзінің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында бірқатар бағдарламалар мен телевизиялық жобалардың авторы атанып үлгеріпті. Атап айтсақ, көрерменнің зор ықыласына бөленген «EXPO-2017», «Серпін», таңертеңгілік «Арқа таңы» бағдарламалары жас жігіттің ой ұшқырынан шыққан туындылар. Жыл сайын телеарна жаңаша тыныс алып, бұрын-соңды көрсетілмеген тың дүниелерге ұмтылуға тырысуда. Бүгінде сіздер мен біздер сүйіп көретін «Сөзге шешен» тележобасы мен «Өзекті әңгіме», «Өмір өрнегі», «Кең дерек» сынды жиырмадан астам хабар сөзіміздің дәлелі бола алады.      
Ал, көк жәшіктен тамашалайтын осы бағдарламаларды ықшамдап, бізге ыңғайлы етіп ұсынатын кімдер деп ойлайсыздар? Ол монтажшылар, әрине. Телеарнада болғанымызда осы бір ерекше қызмет иесі Ерлан Нұғымановты да сөзге тартқан едік. Осында 2006 жылы жұмысқа тұрған ол күн сайын 18-20 сюжетті монтаждайды. Айтар ауызға оңай көрінгенімен, Ерланның жұмысы үлкен ептілікті талап етеді. Монтаждау дегеніміз, бейнедегі көріністердің керегін қалдырып, керексізін алып тастау емес. Сюжетті мазмұнды әрі мағыналы етіп шығару үшін алдымен оның не туралы екенін түсініп алу маңызды.
Камераға талай журналистің бейнесін түсірсе де, өздері көгілдір экраннан көрінбейтін жандардың бірі – студия операторлары Абзал Қасымбаев пен Сабырбек Шериязданов. «Қазақстан-Көкшетау» Көкшетау облыстық телеарнасы болып тұрған кезде де бірге жұмыс істеген олардың әріптестік, достық қарым-қатынастары қазір де жалғасып келеді. Оған таң қалатын ештеңе де жоқ. Табиғатынан кісіге жақын, халықпен әркез тікелей байланыста жүретін ақпарат және баспасөз қызметкерлері достықты қадірлей біледі десем, артық айтпаған болармын. Сол сияқты, біз болған ұжымның да бірін-бірі ерекше қадірлеп тұратынына сүйсіне қарадық.   
Осы орайда, телеарна директоры Арсений Дүйсенов: Тілшілер қай тақырыпқа мақала жазамын десе де, қазіргі заң оған рұқсат береді. Өкініштісі, біз сол мүмкіндікті жеткілікті дәрежеде пайдалана алмай отырмыз. Мұнымен көпке топырақ шашайын деген ойым жоқ. Алайда, кейбір телеарналар мен басылымдар тек өткінші жайларды берумен ғана шектеледі. Өзекті мәселелерді тереңдеп зерттеу азайып барады. Алдағы уақытта осы мәселеге көңіл бөлгеніміз жөн. Әсіресе, жастар талаптанып, журналистиканың жандануына үлес қосқанын қалаймын, – деп,  жас тілшілерге ағалық тілегін жеткізіп, барлық әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтаса, шеф-редактор Мақпал Айбабина да қолына қалам алып, елдің сөзін сөйлеп жүрген замандастарына мықты денсаулық, зор шығармашылық табыс тіледі.
Шыны керек, қарапайым тұрғындар қандай да бір мәселесін шешу үшін билікке сөзін жеткізгілері келсе, телеарна немесе газеттің  көмегіне жүгінеді. Демек, олар журналис-ке сенеді деген сөз. Бізді де алға жетелейтін, қаламымызға жел беретін осы сенім. Ендеше, әрдайым жақсы жақтарыңыздан ғана аталып, халықтың сүйіп көретін телеарнасы болып қала беріңіздер демекпіз.

 

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар