Облыс орталығындағы «Достар» мәдениет сарайында медицина қызметкерлері күніне орай, «Екі жұлдыз» байқауы болып өтті.
Ақ халатты абзал жандарды шығармашылыққа тарту мақсатында ұйымдастырылған шоу бағдарламаға облыс орталығындағы ауруханалар мен емханалардың қызметкерлері қатысты.
Мерекелік кеште денсаулық сақтау саласы қызметкерлерімен бірге «Достар» мәдениет сарайы мен «Көкше» мәдениет үйінің өнерпаздары жұптасып, ән айтты. Өз өнерлерін ортаға салған қатысушылар жеңісті қолдан жіберіп алмауға күш салды. Бірі сыңғырлаған даусымен, енді бірі әсем әнімен, заманауи биімен, актерлік шеберлігімен көрермен қауымның көңілінен шығуға тырысты.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені №1 қалалық емханасының медбикесі Ерке Бекмұрат пен әнші, сазгер Жанатқазы Дәмелқазы жеңіп алса, бірінші орынға Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне арналған емхананың қызметкері Ризагүл Төлегенова мен «Көкше» мәдениет үйінің әншісі Нұрболат Мырзақұл қол жеткізді. Екінші және үшінші орындарды №1 қалалық ауруханасының кардиология бөлімшесінің медбикесі Әйгерім Исенова мен әнші Әлихан Қайырбек, Құрманбаев атындағы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің қызметкері Руслан Өміржанов пен облыстық филармонияның әншісі Ләззат Ыдырысова тең бөлісті.
Қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.
Ақерке ОРАЗ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.