Астанада өткен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы-2015» республикалық турнирінде Бейбіт Ыстыбаев жеңімпаз атанып, алтын белбеуге ие болды.
Айтулы доданы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Ақтық айқаста тараздық Бейбіт Ыстыбаев Қызылорда облысының палуаны Руслан Әбдіразақовпен белдескен еді. Финалдық белдесуде екі палуан да бір-бірінен есе жібермеді. Қарсыластар бір-бірінің осал тұсын іздеп, қорғаныста көп жұмыс істеді. Бірақ, ұпай санымен апайтөс палуан Бейбіт араға үш жыл салып, екінші мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. V-ші республикалық турнирдің жеңімпазы Бейбітке 150 мың АҚШ доллары беріліп, «Алтын тайтұяқпен» марапатталды. Оның жаттықтырушысы Елдос Далабай 20 мың доллар алды. Ал, күміс жүлдегер Руслан Әбдіразақов 30 мың доллар, қола жүлдегер Ғани Сейділдаев 10 мың долларға ие болды. Сондай-ақ, жүлдегерлерге алтын, күміс, қола белбеулер табыс етілді. Ал, тартысты белдескені үшін Нұрым Сәлімгеревке арнайы жүлде тағайындалып, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорынан сыйға автокөлік тарту етілді.