Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград, Қорғалжын, Егіндікөл және Астрахан аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік-экономикалық маңызы зор нысандарды аралап көріп, жұмыстың қарқыны мен сапасына назар аударды. Индустрияландыру картасы шеңберінде жүзеге асқан екі жобаны іске қосу рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Алдымен өңір басшысы Целиноград ауданының Қосшы ауылында су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан екі 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Бұл жұмыстарды жауапкершілігі шектеулі «СМП-610» және «Асгард» серіктестіктері атқаруда. Бүгінгі таңда көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлесі қазылып, бетон қазықтары қағылуда. Облыс басшысы құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұдан кейін ол жауапкершілігі шектеулі «GreenStar» агрофирмасы» серіктестігінің егіс алқаптарын аралап көрді. Шаруашылық картоп және көкөніс өсірумен айналысады. Оларды сақтайтын арнайы қоймалары да бар.
Облыс әкімі Қосшы ауылында орналасқан жауапкершілігі шектеулі «Сапа су» серіктестігі зауытының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпорынды іске қосты. Цехтағы Германияда жасалған қондырғылардың жұмысымен танысты. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға берілген зауыт құбыр, монолиттік құдықша, технологиялық бетон және өзге де темірбетон бұйымдарын жасап шығарады. 5 мың шаршы метр жерге орналасқан «Сапа су» зауыты Қазақстанда темірбетон бұйымдарын жасап шығаратын ірі кәсіпорын. Ол жылына 700 мың текше метр бетон шығарып, еліміздің солтүстік өңірлерін технологиялық бетонмен және сапалы темірбетон бұйымдарымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорында 80 жаңа жұмыс орны ашылды.
Өңір басшысы Ақмол ауылында орналасқан жауапкершілігі шектеулі «CapitaiProjectsLTD» серіктестігінің жемазық цехының ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеп, көк лентасын қиды. Бұрын бұл жерде құс фабрикасы орналасыпты. Кейін ол инвестиция тарту арқылы қалпына келтірілді. Сондай-ақ, өзге де ұйымдардан өтінім қабылдайды. Аталмыш кешен жылына 100 мың тонна жемазық өндіруді көздеп отыр. Жемазық цехы қазіргі заманғы жоғары технологиялық шетелдік қондырғылармен жабдықталған. Сағатына 50 тонна жемазық өңдейді. Цехта 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Бірінші бесжылдықта Ақмола облысында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде 49 жоба пайдалануға беріліп, 5,2 мың тұрақты жұмыс орны ашылғанын айта кеткен жөн. Пайдалануға берілген жобалар 2010 жылдан бері 298 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бағдарламаның екінші бесжылдығында Индустрияландыру картасына өңірдің 34 жобасы енгізілді.
4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген.
Облыс басшысы Оразақ ауылында болып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін салынып жатқан жаңа шағын ауданның құрылыс жұмыстары барысымен танысты. Жауапкершілігі шектеулі «Іскер» серіктестігінің директоры Данияр Тұңғышбаевтың айтуынша, отыз үйдің іргетасы құйылып, онының қабырғасы тұрғызылып, екі үйдің шатыры жабылған. Қазір мұнда 229 құрылысшы таңның атысынан күннің батысына дейін еңбек етеді. Серіктестік жуырда өз бетон зауытын іске қосыпты. Облыс әкімі Қорғалжын мен Егіндікөл аудандарындағы бірқатар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егіс алқаптарын аралап көрді. Егіндікөл селосында екі орта мектепте болды. Мұндағы күрделі жөндеу жұмыстарына көңілі толмады. Бөлінген қаржыға тек қана бір мектепті толық жөнге келтіру қажеттігіне тоқталды. Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында Астрахан ауданындағы Новочеркаский орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарының барысына назар аударды.
Рамазан ТІЛЕУОВ