Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен брифинг өтті.
Ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын орындау жолында қандай бағдарламалар жүзеге асып жатқанын кеңінен баяндады. Әсіресе, экономиканың өсу қарқынын төмендетпеу, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу сынды түйткілді мәселелер төңірегінде келелі әңгіме жүргізді. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, ағымдағы жылы 322 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі уақыттың өзінде 191 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Бұл жоспардың 67 пайызын құрап отыр. Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорындармен арнайы меморандумдар жасалғанын атап өтті.
Ал, жастар қауымы жұмыс күші жетіспейтін өңірлерде «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып, жұмыссыздардың санын азайтуда. Бүгінде аталған бағдарлама шеңберінде 2050 студент оқып жүр. Ағымдағы жылы берілетін грант саны екі жарым есеге көбейеді деп күтілуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.