Рамазан айы адамдардың мешітке көптеп келетін кезі. Еңбектеген баладан қартайған қарияға дейін Алланың үйіне бас сұғып, құлшылық етіп, Құран оқытып, ал сәбилердің ойнақ салып жүргенін көргенде қуанышқа кенелгендей боласың.
Келімді-кетімді жамағаттың көптігін ескеріп, Науан хазірет атындағы Көкшетау орталық мешіті медресе ғимаратында көшпелі мұражай ұйымдастырды. Мұнда ескі құрани жәдігерлер және ұлттық бұйымдар қойылған.
Биылғы дін мен дәстүр жылына орай ислам ғұламаларының сөздері мен қазақ халқының тарихи тұрмыстық құндылықтары да келген адамдарға сыр ақтарады. Оларға мешіт имамдары қысқаша уағыз айтып, елімізде діни бағытта жасалып жатқан жаңалықтар жөнінде хабардар етеді. Бұл да діни насихаттың бір түрі болса керек.