Оразаның соңғы күндерінің бірінде облыс имамы Қанат Қыдырмин және жергілікті «Зекет» қоры зиялы қауым өкілдеріне арнап ауызашар берді.
«Алатау» дәмханасында жайылған дастарханға дінге жанашыр болып жүрген адамдар жиналды. Азан шақырылып, ауыз ашқаннан кейін жамағат болып ақшам намазы оқылды. Осыдан кейін дастарханға жайғасқан жамағат имамдар айтқан тағылымды әңгімеге қанықты.
«Зекет» қорының өкілі Ерболат Шәріпов мұсылмандықтың бір парызы – зекет жайлы шариғи әңгіме айтты. Онда біздің облысымыз бұл қорға қаражат жинау жөнінен республикада алдыңғы орында екені де аталып көрсетілді. Қордың қаражатын үстемелеуге жергілікті бай адамдар да ыстық ықылас танытып отыр.
«Зекет» қорының қаражаты негізінен қайырымдылыққа жұмсалады. Биылғы жылы Целиноград ауданына қарасты елді мекендерді су басқанда оларға алғашқылардың қатарында қол ұшын берген де осы қор мен мешіт болатын.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкіл имамы, Науан хазірет атындағы орталық мешіттің бас имамы Қанат Қыдырмин өзінің уағыз сөзінде Аллаға иман келтіру дініміздің негізгі тірегі екенін тілге тиек етті. Мұндай тағылымды кеште асыл дініміз жайлы көп мағлұматтар ұсынылды. Діни хисса әңгімелер де айтылды.
Ауызашарға жиналған жамағат мешітке барып, соңғы тарауық намазын оқыды.