Ақмола облыстық Мағжан Жұмабаев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында мәдениет және өнер қызметкерлері Елбасының «Ұлт жоспары –100 нақты қадам» бағдарламасын, яғни, бес институттық реформасын талқылап, өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» тақырыбында өткен дөңгелек үстелдің мақсаты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші кезекті іс-әрекеттерінің 2015 жылға арналған жоспарын, соның ішінде, бес институттық реформаны, облыстағы мәдениет мекемелерін бұдан әрі дамытудың мүмкіндігін бағамдау болып табылады.
Іс-шараға мәдениет саласының қызметкерлерімен қатар, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, зиялы қауым мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстелге төрағалық еткен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева іс-шара барысында «Мәңгілік ел» идеясы межелеген мақсатқа жеткізетін тура жол екендігіне тоқтала келе, бұл бағдарламалық құжатта мәдени саясат мәселелеріндегі түбегейлі жаңа көзқарас көрініс тапқандығын атап өтті. Сонымен қатар, ол сөзінде мәдениет және өнер қызметкерлері үшін «Біртұтастық пен бірлік» атты төртінші бөлімнің орны ерекше екендігін жеткізді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.