Демалыс күнін пайдаланып таңертең аздап үйге қажетті азық-түлік өнімдерін алу үшін сауда орталығына барып едім, орталық базардың кіре берісінен бастап, түрлі жеміс-жидек пен көкөністер қаптап тұрғандығын көрдім. Әбден пісуге мезгілі жетпеген де өнімдер толып тұр. Бірақ, алып жатқан тұтынушылар өте көп.
Міне, шілде айының үшінші онкүндігі де басталып қалды. Қыз-келіншектердің басым көпшілігі жаз мезгілін пайдаланып, жұмыстан демалыс алып, қысқа әзірлену мақсатында тосап қайнатып, түрлі салат өнімдерін дайындай бастайды. Әне бір жерде өрік, шабдалы, шие сатып жатса, мына бір жерде қияр, қызанақ, тәтті бұрыштардың саудасы қызу жүріп жатыр. Тіпті, қауын-қарбыз да көздің жауын алады. Орталыққа баласын ерте барған кез келген ата-ана осы бір қауын-қарбызсыз үйге қайтпайтыны белгілі. Саудагерлерге «бұл жемістердің пісетін уақыты әлі жеткен жоқ қой, орталық базардың лабораториясында тексерістен өткіздіңіздер ме? деп сұрасам, «солардың рұқсатымен сатып жатырмыз ғой» деп, өзіңе зекіп тастайтынын не қыларсыз.
Алатын азық-түлік, жеміс-жидектерімді ұстап, орталықтан шыға бергенімде Ақмола облыстық санитарлық – эпидемиологиялық орталығының мобильдік лабораториясының жұмыс істеп жатқандығын көріп, қастарына жақындадым. Барсам, «Әр үйге қауіпсіз өнім» атты тегін акция жүргізіп жатыр екен. Аталмыш мекеменің мамандарымен сөйлесуді жөн көрдім.
–Жыл басынан бастап үш акция өткіздік. Бүгінгі акция барысында жеміс-жидектермен қатар, ет, сүт, су өнімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық тексерістер жүргіземіз. Қазір жеміс-жидектердің көптеп сатылу науқаны ғой, сондықтан, қала тұрғындарының денсаулығы үшін аталмыш акцияны ұйымдастырып отырған жайымыз бар. Акция аясында кез келген тұтынушы келіп, сатып алған өнімдерін біздің мобильдік топқа тексерте алады. Егер сатып алған өнімінің құрамы талаптарға сай болмаса, сатушыға қайтарып беруге болады, –деді облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің маманы Фарида Әлімжанова.
Сонымен қатар, оның айтуынша, облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің сенім телефонына ата-аналар қоңырау шалып, балаларына сатып алған ойыншықтардан олардың бойында түрлі аллергиялық аурулар пайда болатыны жайлы хабарлап тұрады екен. Сол сияқты бүгінде кез келгеннің қолында жүретін ұялы телефондардың батареяларының телефон құжатында көрсетілген жарамдылық мерзіміне сәйкес келмейтіндігі, тұтынушыға берілетін кепіл мерзімінің өткен кезде телефон батареясының да істен шығатыны жайлы ақпараттарды да жеткізді.
Сөйтіп, сұхбаттасып тұрғанда, орталық ішінен бір пакетін толтырып алып, шығып келе жатып тексеру тобын көрген көкшетаулық тұрғындардың бірі Е.Залевская мобильдік топтың жанына тоқтап, сатып алған жеміс-жидектерін тексерту үшін шығара бастады. Біз де аталмыш топтың қасына жақындадық. Қара өрік, өрік, інжір шабдалысы, шие мен қауын алыпты. Ақмола облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің дәрігер-лаборанты Бану Төлеуханқызы тексерісті бастап кетті. Аз уақыттың ішінде жемістердің тексерісі аяқталып, қауын мен інжір шабдалысының құрамында аса көп мөлшерде нитрат қоспасының бар екендігі анықталды. Тұтынушы заттарын жинастырып алып, құрамында нитрат қоспасы бар жеміс-жидектерді сатушыға апарып тапсырды. Сөйтіп, кешке дейінгі созылған акция кезінде орталық базар алдында жұмыс істеп жатқан мобильдік топқа қала тұрғындары келіп, мән-жайды біліп, өздерінің алған тауарларын тексертіп кетіп жатты. Қорытындысында, қара өрік, өрік, шабдалы, қауын, қарбыз секілді жеміс-жидектердің көбінің құрамында нитрат қоспалары артық мөлшерде анықталғандығы белгілі болды. Мамандардың айтуынша, сол күні өткізілген 71 сынаманың 15 пайызы талапқа сай болмай шыққан.
Орталық ішінде жүріп, көкөністердің ішінде қияр мен қызанақты, орамжапырақ пен сәбізді көптеп алып жатқан тұтынушыларды көрдік. Қастарына барып, сатушыдан қай жақтың өнімдеріне сұраныс көп деп сұрап едім, Петропавлдан әкелінетін қияр мен жергілікті қызанақтарға сұраныстың көптігін және олардың бағасының да аса қымбат еместігін айтты.
Дәл осы акция сенбі, жексенбі күндері «Жібек жолы» мен «Жеке батыр» сауда орталықтарында жалғасын тапты.
–Сенбі күні өткізілген «Әр үйге қауіпсіз өнім» акциясы кезінде құрамында нитраттың бар-жоғын анықтау үшін жеміс-жидектерден 62 сынама алынып, оның 13-і оң нәтижеге ие болды. Бұл жолы негізінен қауын-қарбыздарға тексерістер жүргізілді. Ал, келесі күні «Жеке батыр» сауда орталығында жұмыс істеген біздің мобильдік топ 21 өнімнен сынама алды, соның 9-ынан нитраттың көптігі анықталды. Бұл ретте, әлі пісетін мезгілі жетпеген жеміс-жидектерді алуға асықпау қажет деп айтар едім, – деп мәлімдеді облыстық тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің баспасөз қызметшісі Үміт Көпжасарова.
Қаншама сынама, тексерістер өткізіліп жатыр. Нәтижелері халыққа аян. Оның үстіне қауын-қарбыздың қай мезгілде пісетінін баршамыз білеміз. Бірақ, құрамында нитрат қоспасы көп бола тұра, оған қарамай, алып жатқан тұрғындар көп. Сонда өз денсаулығымызға өзіміз салғырт қарағанымыз ба, қалай?
Ырысалды ШАМШИЕВА