Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз білетін Қалекең, Қален аға... - АРҚА АЖАРЫ

Біз білетін Қалекең, Қален аға…

баспасөзде 60 жыл бойы қалам тартып келе жатқан жергілікті тілші жайлы ой орамдары

…Бұл жазбалар наурыз-сәуір айларында жариялануы керек еді. Орайы енді келіп отырған сыңайлы. Олай дейтініміз, облыстық басылымның белсенді жергілікті тілшілерінің бірі, бірі емес-ау бірегейі десек артық кетпеген болар едік қорғалжындық Қален Нұрмағанбетұлы ағамыз наурыз айының соңғы күні 80 жасқа толғанын атап өткен еді. «Бірегейі» деген жолдарға күдікпен қараушылар да табылар. Дегенмен де, Қален ағамыз міне, 60 жылдан бері облыс өңірінің айнасы, бүгінде ғасырға жуық тарихы бар басылымға сонау «Сталин туы» аталған жылдардан бастап қалам тартып келеді.

 

Қалекеңнің туып-өскен ауылы «Үшсарт» деп аталады. Қорғалжын ауданының шұрайлы өңірлерінің бірі. Іргесінде көл, қозыкөш жерден Құланөтпес өзені ағып өтеді. Шабындығы мол. Мал өсіруге қолайлы мекен. Ал, атауының бұлай аталуын бізге жеткен әпсана төмендегідей деректі алға тартады:
…19 ғасыр кезеңі болса керек дейді қариялар. Бір топ өзбек ағайындар кере тартып сауда-саттық жасап осы аймаққа көш басын тірейді. Содан жаз бойы сауда қызып, ел-жұрт жеміс-жидек, мата, басқа да қажет тұтынатын заттарына қарық болады. Содан күз түсіп күн суытқан кезде ала тақиялы ағайындарымыз еліне қайтпай ма?! Ақырында үш өзбектің тауарлары толық өтпей, ауылда қыстап қалады ғой. Содан жөн сұрасқан ел адамдары бір-біріне: «Әй, әлгі үш Сарт қыстаған қыстақ ше?» дегендей жауап қайтармай ма.
Содан не керек, бүгінде сол үш өзбек бір жыл қыстаған ауыл «Үшсарт» деген атауға ие болып, бүкіл географиялық картаға еніп кетті де, кейін осы аймақтағы үш колхоз бірігіп, сонау тың игеру жылдары «Қорғалжын» кеңшары ұйымдастырылды.
ҚАЛЕН АҒА АЙТАДЫ: «Жиырма жасымнан кеңсе жұмысына араласа бастадым. Ел арасында «шатауат» деген атауға ие болған (орысшасы счетовод) мамандыққа жегілдім. Колхоз басшылары бұрын да қабілетімді білетін, жаңадан ашылған кеңшардың кеңсесіне алып келді. Екі жыл бұрын әкей қайтыс болған. Үйдегі бас көтерер өзім. Содан жұмысқа бел шешіп кірісіп кеттім. «Шатауатқа» қоса маған кассирлік міндетті де қоса жүктеп берсін. Сөйтіп, мойныма екі қамыт қоса ілінді. Тәуекел дедім».    
Мектеп оқушыларымыз. Сабақты таңертең оқимыз. Түс қайта ер балалар қыс күндері талдан жасалған таяқтарымызды сайлап, ауыл іргесіндегі көлдегі мұз алаңында сиыр жүнінен жасалып, аязға қатырған доппен «хоккей» ойнайтынбыз.
Қайтар жолда кеңшар кеңсесіндегі «Совхоз айнасы» деген қабырға газетін келіп оқушы едік. Соңғы бағанасында «сықақ бұрышы» сияқты төрт жолдан тұратын шымшымаларға орын берілетін. Соларды оқып мәз болатынбыз. Онда кім жұмысқа шықпай қалды, кешігіп қалды, «басы ауырып» ауру сатып алған кейбір ағаларымыздың да астарлы есімдері әйгіленіп жататын. Өмірге келген нәресте, туған күндерге орай берілген деректерді де осы жерден оқитынбыз ауылдастарымыздың дегендей. Сөйтсек осы әзіл, сықақ, құттықтау жолдарының авторы Қален ағамыз екенін кейін білдік қой.
ҚАЛЕН АҒА АЙТАДЫ: «Кеңшарымызға жаңа басшы келіп, мамандар іріктеле бастады. Жоғары білімді Хамидолла Сылқымбеков деген азамат директор болып тағайындалды. Қасымхан Алтыбаев – бас есепші болып келді. Сөйтіп, мен кассирлік міндетімнен құтылып, сейфтің кілтін бұрынғы ішкі істер қызметкері Әйтім Жанмолдинге тапсырдым да, бірыңғай есепшілік міндетімді атқаруға кірістім. Жан серігім кітап оқу. Аудандық, облыстық газеттерге ел өңірінен мақалалар жазып, жаңа өлеңдерімді жолдап тұрамын. Олар жарық көріп жатады. Қабырға газетінің жауапкершілігі және бар. Ал, ол Тасболат Әлшөкеев деген құрдасым екеуміздің шығармашылық шабытымызға байланысты болды. Тасболат сурет салуға шебер. Небір достық әзіл, сықақ сурет болсын айызын қандыра түрлі-түсті қылып әрлендіріп жіберуші еді, марқұм».
Жоғарыда қабырға газеті жайлы айтып өттік. Сонда деймін, бір топ бала дабырласып бір-біріміздің сөзімізге қонақ бермей «дауласып» жатқанымызда кейде жанымыздан өтіп бара жатқан Қален ағамыз «Әликісалам» деп бәріміздің сәлем бермегенімізді есімізге түсіретін. Содан абдырап қалатын да кездеріміз болатын. Әлдеқалай көшеде көрсек, бұрылып барып сәлем беріп жататын едік. Бұл да бір тәрбие сабағы екенін кейін түсіндік қой.
ҚАЛЕН АҒА АЙТАДЫ: «Әлгінде бірыңғай есепшілікке бет бұрдым дедім ғой. 1960 жылы Қадиша жеңгеге үйлендім. Араға жыл салып Абай деген ұлым дүниеге келді. Кеңшар жаңа, Шалқар көлінің жағасына қоныс аударды. Мал басы көбейді. Бөлімшелерде үйлер салынып, тұрғындар саны арта бастады. Тыңгерлер де келіп жатты. Егістік алқаптары ұлғайды. Жаңадан трактор-егіс бригадалары ұйымдастырылды.  Айтайын деп отырғаным, күзгі егін орағы кезінде кеңшарға сонау Украинадан, Белоруссиядан комбайншылары келетін. Егін жиналып, есеп-қисабына, қаржыларына қоса астық та алып кететін.
Содан бір жылы келген жұмысшылармен есеп айырысып жатырмыз. Екі есепші едік. Ол сырқаттанып, жалғыз қалдым. Кезекте иін-тірескен халық. Қазіргідей калькулятор деген жоқ. Кәдімгі есеп-шот, қос жұдырықтай темір арифмометр. Бума қағаз. Үлгеруіміз керек. Өйткені, бұл жұмысшылар облыс орталығындағы кешкі пойызға отырулары керек.
Әйтеуір, үлгердім-ау. Бәрі риза болып кеткен сияқты. Содан үйге келіп, кешкі тамағымды ішіп, газет-журнал қарап жатсам, қатты ұйықтап кетіппін. Біреу терезені қағып әкетіп барады. Далаға шықтым. Күн шығып келеді. Қарасам кешегі көп орысының бірі. «Не болды, бауырым?» деймін іштарта. Өзі ептеп қызулау. Қолында кешегі есеп айырысқан құжаты. 20 келі астық кем жазылып кетіпті. Содан бұл жолдастарынан қалып, қайта оралған ғой. Қайтсын енді. Бәрі қажеттіліктен туып отыр да. Кеңсеге келдім де 20 келінің орнына 50 келі астық жазып бердім».
Қален аға облыстық газетке ерте араласты деп жоғарыда айтып өттік. Өзім осы қара шаңырағым «Арқа ажарында» қырық жылдан астам еңбек етіп, бірнеше бөлімдерді басқарып жүргенде тілші ағаның сан алуан материалдарының жариялануына дәнекер болдым деп айта аламын. Олардың қатарында көлемді очерктер, публицистикалық, проблемалық мақалалар, арнау өлеңдер, толғаулар мен деректі әңгімелер де бар еді.
Сол кездегі басшыларымыз Октябрь Әлібек пен Жомарт Әбдіхалықтың тікелей қолдауымен Қален ағамыз республикалық Журналистер одағына мүше болып та қабылданған еді.
Қалекең қаламына қойнауы құт Қорғалжын өңірінің, бүгінгі Теңіз, Егіндікөл аудандарының елді мекендеріндегі еңбек адамдарының жыл маусымдарындағы қам-қарекеті молынан ілініп келеді деп айтуға әбден болады.
Оның бер жағында бір атап өтерлік жай, Қален ағамыз Одақ ыдырап, ел жағдайының аумалы-төкпелі кезеңінде ауылдастарының тығырықтан шығуына орай ой салған мақалалар жазып, олардың намыс жігерін оятатын, сол тығырықтың түйінін шешетін мақалалар, өлеңдер жариялап, азаматтық танытқан еді. «Әттеген-ай» дейтіндей жайларды да назардан тыс қалдырмағанын да атап өтер едік.
ҚАЛЕН АҒА АЙТАДЫ: «Осыдан бірер жыл бұрын сырқаттанып қалып, едәуір емделдім де. Ойлағандарым – жазған-сызғандарым болды. Содан не керек, бас көтерер жайға жеткен соң бар күш-қуатымды, жинап жазған дүниелерімді жинақтап, сұрыптап, қаттап ретке келтіруді қолға алдым. Үш ай бойы көне жазу машинкамды тықылдатып, проза, поэзия деген дүниелерімді бір жүйеге келтіргендей болдым. Көлемділерін жеке баспаханадан аз таралыммен бастыртып та алдым. Әрине, балалардың, ағайын, құда-жекжаттардың демеушілігімен де, әрине. Сөйтіп, бір «уһ» дегендей күй кешкенім бар еді. Балаларыма, немере-шөберелеріме бір ескерткіш болсын деген ниет қой менікі…».
Поэзия дегеннен шығады. Қаламгер тілші ағамыздың бірнеше дастан, толғаулары, ауылдастарына арнаған арнау өлеңдері де бар, олардың кейбіреулері басылымдарда жарияланды да. Ал, осыдан екі жыл бұрын Қорғалжын өңіріндегі тарихи тұлға кешегі қанды қырғын қалмақтармен болған шайқас кезінде есімі бүкіл Алашқа мәлім болған Көбетей Тілеуметұлы бабамызға арналып орнатылған ескерткіш-тұғырға орай арнаған дастаны сол шараға қатысқан дүйім жұртты бейжай қалдырмағанын айтар едік.
Қален ағамыздың өз өлеңдеріне ән шығаратын өнері де бар. Олардың саны бүгінде қырықтан да асып кетті. Қалекеңнің 1967 жылы әні де, мәтіні де өзінікі «Шалқарым менің» әнін ауылдастары осы күнге дейін өздерінің әнұранындай айтып жүргенін білеміз. Ал, құрдасы Диқанбай Қонқақов үйленгендегі (1959 ж) «Диқаштың әнін» бала кезімізде естіп, ағаларымыздың әртүрлі ойын-тойларда қосыла айтып жүргенінің куәгерлерінің бірі едім. Сондай-ақ, «Туған жер», «Асыл інім», «Алтайым», «Қайран менің достарым», «Ауылым» және басқа әндерінің әуендері бір-біріне мүлде ұқсамайтын өзіндік баурап алар қасиетімен ел ішіне тарап кеткен туындылар.
ҚАЛЕН АҒА АЙТАДЫ: «Өмірімнің сегіз белесін артқа тастаппын. Екі ғасырдың куәгері атандым. Балалар ер жетіп, бәйбішем Қадиша екеуіміз немере-шөберелерді көз қуаныш етіп отырған жайымыз бар. Қолымнан қаламым әлі түсіп көрген жоқ. Осындайда ауылым Үшсарт, балалық, жастық шақты бірге өткерген құрбы-құрдастар, ақ жаулықты әжелер, ағаларым еске оралады. «Партия жиналысы болады» деген уақыттан сағат жарым бұрын келіп отыратын Бәтима Айтпаева апамыз, ел қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін Қылыш Ысқақов, Әбікен Жабалов, Бейсенбай Қоңқақов, майдангер Тілепбай Бакенов, Алдаберген Карбеков, Шот Есжанов, Құрман Смағұлов, Шәріп Стамполовтар оралады ойға.
Оның бер жағында, бір ауылдың қыруар түлігінің қысқы азығын дайындап, мая-мая шөпті, сүрлемді тасымалдап үйетін, қоғамдық малды бағып-қағып, егінін салып, баптайтын ағайынды Мәжит пен Әмір Омаровтар, Имаштың Оңғарбайы, Тәннің Серігі, Ілиястың Ібіні, Тоқсанбайдың Төкітайы, Қоңқақтың Жұмайы, Жұмаділданың Шортанбайы, Боранбектің Балташы, Жақияның Балтасы, қос Ермек, басқалары да еске түседі. Мына бергі ауылдағы Шайқының Кәртайы, Әлидің Жақаны мен Баймұқанның Айтпайы, темірден түйін түйетін ұста, майдангер, Балтабай Жамановпен оның бәйбішесі балбармақ сауыншы Қаламқас Әбдірахманқызы, бірімен бірі қатты қалжыңдасатын Жарбол мен Түсебай ше? Өкініштісі сол, осы елге еңбегі сіңген тұлғалардың бүгінде арамызда жоқтығы. Дәтке қуат, олардың ұрпақтарының егеменді еліміздің өсіп-өркендеуіне осы өңірде өздерінше үлес қосып жатқандары. Соған бір марқаясың, мақтанасың.
Ал, имандай шыным, бір күн газет оқымасам өзімді қоярға жер таппаймын. Күн аралатып Астананың дүңгіршігінен бір бума газет әкелу әдетіне айналды.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар